Президент әлемнің дамыған елдерінің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар аударып, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеуынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
Мемлекет басшысы тау-кен өндіру өнеркәсібіне қолайлы реттеу экожүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай инвестициялық жобалардың ел экономикасы мен оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін маңызды екенін атап өтті.
HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.