Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2023

Сый-құрметке бөленді

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазыналы қарттардың ел дамуына қосқан үлесі – телегей-теңіз. Заманның қиын-қыстау шағында қара жұмыстың қамытын киіп, бел жазбай, тізе бүкпей тер төгіп, егін орды, мал бақты. Соның нәтижесінде қамба дәнге, қора малға толды. Білім мен денсаулық саласында да уақытпен санасуды білмеген өз ісінің хас шеберлері халыққа қалтқысыз қызмет етті. Сөйте жүріп, талай баланы өмірге әкеліп, ұлтымыздың ұрпағын көбейткен ардақты әке, асыл аналардың ерен еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Сый-құрметке бөленді

Бүгінде Кеген ауылында мыңнан аса қарт тұрады. Олар­дың дені – ауыл шаруа­­­шылығы сала­сында сүбелі еңбек еткендер. Мереке қар­саңында солардың жүзден астамына құрмет көр­сетілді. Аудандық Мәдениет үйіне жинал­ған қа­рияларды Кеген ауылының әкімі Руслан Кеңес­жанұлы құттықтап, еліміздің жарқын бола­шағы үшін төккен тері мен сіңірген еңбегі қа­шанда құрметке ие екенін атап, алғысын білдірді.

Ауданға танымал ақсақалдармен қатар, тыл ардагерлері Азият Қайыңбаева, Сара Қосаева, Ұлдыкен Сағынбекова, көп­балалы аналар Күләш Мұқанова, Зина Абаева бас­таған «Алтын алқа» иегерлері салтанатты іс-ша­раның құрметті қонағы болып, бір мар­қайып қалды.

«Айналайын жастар, сендер қазыналы қарттарды құрметтеуден кем болмайсыңдар. Осы құрметке еңбекпен жетіп отырмыз. Ел ырыздығын арттыру жолында аянбай еңбек етіңдер. Бүгін басымыз қосылып, құрбы-құрдастарымды көріп, мәре-сәре болып қалдық. Сый-құрметтеріңе алғысымызды айтамыз», деді тыл ардагері Азият апа.

Мереке қарсаңында балаша қуанған қарттарға аудан өнерпаздары тамылжыта ән салып, күй шертіп, көңілін көтерді.

 

Алматы облысы