Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2023

Ұлт намысын қайраған қаламгер

188 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тамылжыған күздің тамаша күнінде белгілі жазушы, көрнекті журналист, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, қазіргі Қазақстан спорт журналистері федерациясының тұңғыш төрағасы, 1966 жылы Лондонға, 1970 жылы Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты туралы алғаш қалам тартқан Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдық торқалы тойына орай Қонаев қаласында «Ар-намыстан жаралған қайраткер тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ұлт намысын қайраған қаламгер

Суретті түсірген – Ж.Мұсабеков

Көрнекті қаламгер, «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Мұңайып оянған қала», «Нартәуекел», «Аспаннан шұға жауған күн» секілді белгілі шығармалары ел есінде қалған, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетін басқарып жүргенде бүгінде еліміздің баспасөзіне еңбегі сіңген көптеген редакторды баулыған Сейдахмет Бердіқұловтың мерейтойына арналған салтанатты іс-шараның шымылдығы қаламгердің өмір өткелдерін суреттеген театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда азан шақырып ат қойғанынан бастап, әкесінің «халық жауы» ретінде қу­ғын­далғаны, соғыс жылдарындағы ала­пат ауыртпалықтар көрініс береді. Со­ңында жұрт көңілін жадыратқан Мәскеу олимпиадасындағы шат-шадыман кездер, төрткүл дүниені шарлаған қазақ бала­сының жаһандық кейіпкерлері мен жазушы өмірінің кейбір кезеңдері көркем композицияға арқау болған.

Жиынға арнайы келген Пре­зиден­т кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

«Сейдахмет Бердіқұлов көрнекті қа­лам­гер, оның артында шоқтығы биік шы­ғармалары қалды. Журналистика са­ла­сына зор еңбек сіңірді. Үлкен мектеп қа­лыптастырған қабырғалы қайраткер. Ұлт мақ­танышы. Біздің республикалық басы­лымдардың, ұлттық баспасөздің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін ти­гізді. Бүгінде ұлт­тық руханиятымыздың туын көтеріп отыр­ған ізбасарлары барда Бер­­діқұловтың есімі еш­уақытта ұмы­тыл­майды», деді М.Отар­баев.

Ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданында кіндік қаны тамған қаламгердің мерейтой салтанатына жиылған қауымды Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым құттықтады.

Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Нағашыбек Қапалбек­ұлы­ның құрастыруымен жарыққа шыққан Сейдахмет Бердіқұлов туралы «Тұйғын талант» атты жинақтың тұсауы кесілді.

Конференция жұмысына қатысқан қалам­гердің замандастары мен шәкірттері атынан сөз алған Нұрлан Оразалин, Жан­болат Аупбаев, Өте­ген Оралбайұлы, Қыдырбек Рысбек, Қансейіт Әбдезұлы, Жұ­мабай Шаштайұлы, басқа да танымал тұлғалар сөз сөйлеп, аяулы аға туралы есте­ліктерін ортаға салды.

«Сейдахмет Бердіқұловтың бүкіл өмірі қазақтың тұтастығына, ұлтымыздың өнегелі, өрісті болуына арналды. Қолына қалам ұстап жүрген жазушы дейтін қа­уымның ішінен суырылып шығып, ел басына қиын-қыстау күн туғанда ойын жасқанбай айтқан және ешкімнің алдында бүгежектеуді білмеген, бабалардан біткен ұлы қасиетімен ғұмыр кешкен Сей­дағаңның әруағы бір аунап түскен болар. Мен – Сейдағаңның шәкірттерінің бірімін. Менің алғашқы еңбек кітапшама редактор ретінде қол қойып, қызметке алған алғашқы ұстазым», деген көрнекті ақын, мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалин ой түбінде жатқан естеліктің тиегін ағытты.

«Менің есімде қалғаны, Суықтөбеде Сейдағаның 50 жылдық жиыны өтті. Мін­­беге шықты. Қазақ спорты жөнінде репор­таждары газеттен түспейтін кез. «Ле­ниншіл жастың» дәуірлеп тұрған за­маны. Сол жиында Сейдағаңның бір сәті жанымда жаңғырып отыр. Ол кезде қызыл империяның қылышы жар­қыл­дап, әруақтарды айтқызбайтын. Соған қарамастан мінберге шыққан Сейдағаң ешкімнен қаймықпай: «Біз әруақтарды өкпелетпеуіміз керек. Тірінің тіршілігін түзейтін – ұлы әруаққа айналған тұл­ға­ларымыз. Қазақты сақтап келген солар. Қаракерей Қабанбай, Райымбек, Қарасай сынды бабаларымыз болмаса, басына қилы-қилы күн туған кезде қазақтың жағдайы қалай болар еді? Шығыстан келген, бізбен ғасырлар бойы алысып келе жатқан ұлы империяның табанында қалар ма едік, әлде солтүстіктен келіп бізді таптап отырған ел­дің қанатының астында қалып, жоқ боп кетер ме едік? Рухымызды сақтаған сол ұлы ба­баларымыз», деген сөзі бүкіл залды рухтан­дырған болатын. Міне, бар-жоғы 50 жасында жалындай сөйлеген Сейдахмет Бердіқұловтың осы ірілігі ұлттың санасын сілкінтті. Ха­лық ұзақ қол соқты. Бұл Сей­дағаңның батырлығына қол соғуы еді»,  деп еске алған Нұрлан Оразалин қалам­гер­дің өмірі күреспен өткенін сөз етті. Қай­­сарлығымен өз биігінде қалғанын атап айт­ты.

Қазақ жур­налистикасының қала­мы қа­рымды, ойы ұшқыр буынын қалып­тастырған ұстаздың мерейтойына алыс-жақыннан ат арытып жеткен шәкірттері бірінен соң бірі сөз алып, тебіреністерін білдірді.

«Тұйғын таланттың» атын мен қойған едім. Сейдағаңның асыл қасиеті – қазақ баласын алаламады. Жақсылыққа жаны құмар, шын таланттарды өзінің жанына жинады. Мен Маңғыстау деген елден келдім, газетке елдің төрт бұрышынан тілшілер түгел жиылды. Соның арқасында «Лениншіл жас» газеті еліміз бойынша республикалық басылымдар ішінде 300 мың данаға жетті. 50-жылғы тол­қын басы-қасында болдық. Желтоқсан көтерілісі қалай болды? Ол өздігінен бола салмады. Сейдағаң басшылық жасаған «Лениншіл жас» газеті жылдар бойы қа­зақ­тың рухын, намысын, жігерін оятты. Сөйтіп, ха­лық өзін-өзі танып, алаңға шықты. Міне, Сейдағаның ұстаздық дастаны, ерлігі осында жатыр.

Желтоқсан дүрбелеңінде Мәскеуден, саяси бюродан келген М.Соломенцев пен жандайшап В.Разумовский, Г.Колбин қа­тысып отырған, Алматы қалалық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Г.Шулико жүргізген жиналыста Сейдағаң ортаға шығып, жастарға ара түседі. Сонда Шу­лико: «Бердіқұлов, сөзіңді қысқарт, не деп тұрсың?» деп сұқ саусағын безегенде, ештеңеден сескенбеген Сейдағаң: «Ей Шулико, тарт ана сұқ саусағыңды. Осы саусақтар бізді осы күйге жеткізген» деген еді. Бұл 1986 жылдың 20 желтоқсаны болатын. Мұндай ерлікті ешкім күтпеген. Желтоқсан көтерілісінде бірінші сөйлеген де Бердіқұлов болатын. Біз Желтоқсан көтерілісін қалай ұмытпасақ, Бердіқұловты да солай ұмытпауымыз керек», деді Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбайұлы.

Бұдан кейін сөз алған жампоз журналист Жанболат Ауп­баев одақтас 15 елдің ішінде аты кеңінен танылған Сей­дахмет Бердіқұловты қазақ спорт жур­налистикасының үздігі деу аз, көрнекті өкілі екенін атап айтты. Екіншіден, әлемде алты құрлық бар болса, Әнуар Әлім­жановтан кейінгі төрт құрлыққа табаны тиген Сейдахмет Бердіқұлов екеніне айрықша тоқталды.

«Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ спорт журналистикасының үздігі. Ол – жур­налистиканың көрнекті өкілі. Әріптесім Сауытбек Абдрахмановтың «ол кісіні бү­кіл совет елі білуші еді ғой» деген сөзі рас. КСРО-ның спорт тақырыбына жазатын журналистерінің тізіміне санаулы ғана адамдар кірген. Соның бірі – Сейдахмет Бер­діқұлов. Негізі, аталған тізімге Грузия, Армения, Беларусьтің бел­гілі спорт журналистері де енбеген. Ке­ңес одағындағы 15 республиканың іші­нен қазақ Сейдахмет Бердіқұлов деген фамилияны айқын көруге болады. Географиядағы алты құрлықтың төртеуіне табаны тиген журналистің бірі – Әнуар Әлімжанов, екін­шісі – Сейдахмет Бердіқұлов. Ол Аме­рика, Азия, Африка, Еуропа құрлығын түгел көрген. Мұның – өзі үлкен бақыт.

«Ол «Ле­ниншіл жасты» кадрлар тәрбиелейтін журналистика мектебіне айналдырды. Сейдахмет ағамен 14 жыл бірге жұмыс істедім. Мені де екі-үш жерге жұмысқа ша­­қырды. Сейдахмет «жоқ, осында істей бер, әлі талай шақыртулар болады. Рес­публика үлкен, сен еркін шар­ламайсың ба, қызық нәрсені тауып жазбайсың ба?» деп тоқтататын. Мен оның қамқорлығын көп көрдім», деді Жанболат Аупбаев.

Ал Қыдырбек Рысбек Сейдағаңа бала кезден рухани тұрғыда жақын болғанын еске алып, тебірене сөйледі.

«Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті болу біздің маңдайымызға бұйырды. Мен Сейдахмет ағамен алғаш рет 1973 жылдың қаңтар айында «Лениншіл жас» газетінің беттері арқылы таныстым. Ол кезде мен 10-11 жастағы бала едім. Ауылда са­бақ­тан келе жатып «Лениншіл жас» деген газетін алдым. Үйге әкеліп, ең соңғы спорт бетін ашып «С.Бердіқұлов» деген фамилияны оқыдым. Ауылда жүрген бала Сейдахметтің шәкірті болады деп ойлап па еді? Газет бір күн кешіксе, тыным таппай іздейтін жағдайда болдым. 1973 жылдан бастап Сейдахмет Бердіқұловтың жазғандарын оқып, алыстағы ағаны жақын тарттым. Газеттен сол кісінің атын оқып қал­сам, ерекше қуанар едім. Алыста жүріп Сейдағаң ағамен балаң көңілмен сырласатын болдым. Бұл мен секілді Сейдағаң шы­ғармашылығымен сусындаған мың­даған жастың да арман-мақсаты, шынайы көңілі шығар. Ол кезде елге танымал ағаның шәкірті болу қаперімде де болған емес. Осылайша, ол талай журналистің шамын жақты, бағын аш­ты», деді спорт журналисі Қыдырбек Рыс­бек.

Сейдахмет Бердіқұловтың тұла бойы намыстан жаралған қазақтың нағыз қай­рат­кер азаматы екені сөзсіз. Ол – қазақ спорт жур­налистикасының негізін қа­лаған, сыр­лы сөздің тарланы. Елі барда ол ешқашан ұмытылмайды.

Қазақ спорт журналистикасының жа­рық жұлдызына айналған арда қалам­гер Сейдахмет Бердіқұловтың шығарма­шы­лығына арналған конференция со­ңында «Сүйінбай сазы» мен «Құлан саз» ансамбль­дерінің өнерпаздары концерттік бағ­­дарламаларын ұсынды.

 

Алматы облысы