Елорда • 29 Қыркүйек, 2023

Мақсат – маман білігін арттыру

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы ұйымдастырған KIPD Animation уоркшобының жабылу рәсімі өтті.

Мақсат – маман білігін арттыру

Екі күнге жалғасқан іс-шарада отан­дық және шетелдік анимация сала­­сының үздік мамандары ше­бер­лік сабағын өткізді. Атап айт­қанда, отандық ARA студиясының не­гізін қалаушылар, Shyraq анима­ция мульт­фильмінің авторлары Мейір­жан Сандыбай мен Бақытжан Шаб­дукаримов, «Үш мысық» анимация хикаясымен танымал Metra Films ком­паниясының өнді­рісіне жауапты Алексей Гришин, «Сөй­лейтін Том», «Астерикс пен Обеликс» жобаларының көркемдік жетекшісі Крис Паламара, Nickelodeon, Cartoon Network, Disney секілді ірі анимация ком­панияларының storyboard-су­ретшісі Шонт Нигогосян және Lumiries Group ком­паниясының не­гізін қалаушылардың бірі Мария Ко­сарева тәжірибелерін таныстырды.

Алексей Гришин «Анимация жасау үдерісі: кезеңдері, технологиясы және кәсібі» тақырыбында уоркшоп өткізіп, продюсерлер меңгеру керек машықтарға тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллекті анимация мамандарының жұ­мысын жеңілдеткенімен, олардың орнын баса алмайды. Өйткені бәрібір ЖИ көмегімен жасалған жұмыстар одан әрі же­тілдіруді қажет етеді.

Ал Крис Паламара анимация жа­­саудың алғашқы қадамдары мен кейіп­керлердің дизайны туралы әңгі­меледі. Оның айтуынша, анимация контентін жасау үдерісі осы салаға тән заңдылықтарды ескеру, сюжет құру, артборд жасау және кейіпкерлермен жұмыс деген не­гізгі кезеңдерден тұрады. Уорк­шоп барысында шетелдік сарапшы қатысушылармен бірге анимация кейіпкерлерін бейнелеп, жас ма­мандардың жұмыстарына талдау жасады.

Айта кетейік, уоркшоп тақы­рып­тары мультипликация жасау ке­зінде заманауи тәсілдер мен технологияларды қолдану, аудиторияның сұ­ранысына сай жобаның құнды­лығын арттыру, индустрия саласына шетелдік сарапшыларды тарту, бел­гілі анимация студияларымен бай­ланыс орнатып, серіктестік құру сын­ды маңызды тақырыптарды қамтыды.

Іс-шараның екінші күні Шонт Ни­­гогосянның шеберлік сабағымен жал­ғасты.

«Егер storyboard-суретші көріністі қалай суреттеу керек екенін білмесе, демек ол сюжеттегі бір тұсты назарынан тыс қалдырған. Өйткені кө­рерменнің жасына байланысты сюжет пен көрініс әрқилы бейнеленеді. Кейіпкерлердің түсін, пішінін өзгертіп, көңіл күйін көрсететін бөлшектерді түрліше құбылтуға болады», дейді сарапшы.

Анимация жасау үдерісінде кө­ріністің тартымды, мазмұнның креативті бо­луынан да басқа маңызды қадам бар, ол – pitching, яғни дайын өнімді де­меушілерге немесе серіктестерге ұсыну. Бұл мәселеге жиын барысында Мария Косарева тоқталды. Сондай-ақ қонақтар мен қатысушылар Pizza Pitch арнайы сессиясына қатысып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Жиын соңында оларға арнайы сертификат табысталды. Еске салайық, іс-шараны өткізудегі мақсаты – анимация индустриясы саласында жұмыс істейтін отандық мамандар мен студенттердің кәсіби білігін арттырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Уоркшоп Мәдениет және ақпарат министрлігінің отандық креатив индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстары аясында өтті.