Спорт • 29 Қыркүйек, 2023

Ерсін ерледі

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапонияның бас шаһары – Токиодағы 11 мың көрер­менге арналған әйгілі «Рёгоку Кокугикан» стадионында жалауын көтерген сумо күресінің күзгі тур­нирі өз мәресіне жетті. Бұл бәсекеде қазақ балуаны Ерсін Балтағұл да бар.

Ерсін ерледі

Элиталы сумо күресінің күзгі чемпионатында жапон ба­луаны озеки дә­режелі Такакэйшё жеңімпаз атанып, карьерасын­да осымен төртінші рет Жапония им­ператорының кубогін ие­лен­ді. Бәсекенің финалында Така­кэйшё 21 жастағы отандасы Ата­мифужиді қа­пы қалдырды. Ал жоғары дивизионда белдесіп, «Кинбозан» лақап атымен күн­­шығыс елінде танылып келе жатқан отандасымыз Ерсін Бал­тағұл да үздіктер қатарынан көрінді. Бұл дивизионда озеки дәрежелі Хошёрю, Киришима, сэкивакэ дәрежелі Дайэйшё, Асанояма сынды жапон күресінің жампоздары бар. Ерсін биыл алғаш рет көк­темде «Хару башёда» турнирін­де күресіп, жарысқа қатысқан балуандар арасында үздік төрт­тіктің қатарынан көрінген еді. Жуырда күншығыс елінде күре­сіп жүрген қазақ ба­луа­ны­мен хабарласып, бәсе­ке тура­лы сөйлескен едік. Ерсін отандастарының ыстық қолда­уын сезі­нетіндігін жеткізді.

«Қолдауларыңызға рахмет. Бәсе­кеден кейін әрі-бері шап­қылап, енді босап жатырмыз. «Аки башё» сайысын, Аллаға шүкір, жақсы аяқтадық. Әри­не, әр нәтижелі жарыстан кейін сумо кү­ресінің заңы бойынша ба­луандардың дәрежесі көтері­ліп оты­рады. Мен қазір «маэ­га­шира 10» деген дәрежеде тұр­мын. Енді бұйырса, «маэга­шира 7» деген дәрежеге дейін көтерілемін», деді Ерсін Кинбозан.

Сумо күресіндегі дәреже­лер қан­­­дай маңызға ие екені оқырманға түсі­нікті болуы үшін олардың қандай сый-сияпат алатыны жайлы айта кеткен жөн. Мысалы, жоғары дивизионда белдесетін балуандар ай сайын айлық алып отырады. Екозуна (чемпион) – 2 820 000 иен (9 078 623,40 теңге), озэки – 2 350 000 иен (7 565 519), секиваке – 1 640 000 иен (5 279 766), комусуби – 1 290 000 иен (4 152 987 тг), маэгашира – 1 160 000 иен (3 734 469), журио – 1 100 000 иен (3 541 307 теңге). Бұған қоса әр башёдадан кейін берілетін қомақты сыйлықтар бар. Өйткені сумо – өте күрделі спорт түрі.

Ерсін биыл алғаш рет көктемде «Хару башёдада» күресіп, 11-4 деген нәтижемен үздік төрттіктің қатарына бір-ақ шыққан. Ал бұдан кейінгі нацу башёда керісінше 4-11 болса, нагоя башёда 7-8, ал бұл жолғы Аки башёда 9-6 нәтиже көрсетті. Ал спорт жанкүйері Анық Көке­най­дың айтуынша, Ерсін екі жарыстан кейін бойын түзеп алған, енді оның жеңісті жолы жалғасады.

«Ерсіннің бұрынғы күре­сін таппай қалған едік. Алай­­да бойын қайта жинап, күз­гі башёдада мықты өнер көр­сетті. Жеңіске деген сенімі мол бол­ды. Жарысты 8-орынмен аяқ­тады. Бұл – қазақ сумо­­шысы үшін аса жоғары көр­сеткіш. Дегенмен Ерсін ұста­сып кү­ресуде осалдық танытып жүр. Ал функционалдық, психологиялық тұрғыда мығым. Осы қарқынынан таймаса, ал­дағы бір-екі жылда жеңіс тұғы­рынан көрінері сөзсіз. Қазақтан шыққан тұңғыш озеки, тіпті ёкозуна болады деген сеніміміз мол», деді ол.