Президент • 29 Қыркүйек, 2023

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан антиресейлік ұстанымда емес

635 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына қатысты «ҚазАқпарат» агенттігінің Берлиндегі меншікті тілшісінің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан антиресейлік ұстанымда емес

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Кейбір ресейлік БАҚ пен саяси қайраткерлер Германияға ресми сапарыңыз барысында Берлинде өткен баспасөз мәслихатындағы мәлімдемелеріңізге сын айтты. Олар Қазақстан Ресеймен ынтымақтастықтан алшақтап, Батыспен жақын байланыс орнатып жатыр деді. Мұндай айыптауға не айтар едіңіз?» деп сұрады тілші.

«Қазақстан әлемде ең ұзын шекара біріктіріп отырған Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанады. Сол баспасөз мәслихатында айтқанымдай, бізде әртүрлі салаларда, соның ішінде сауда және гуманитарлық байланыстардағы ынтымақтастықтың бұрыннан қалыптасқан өз дәстүрі бар. Ал, санкцияларға келер болсақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының жақында өткен сессиясында және басқа да сөйлеген сөзімде санкциялық текетірес жаһандық дағдарыстың шиеленісуі жағдайына әкелетінін айттым. Осы ретте Қазақстанда санкциялық шектеулерге жататын тауарлар жоқ екенін атап өткім келеді.

Сондай-ақ Қазақстан Ресейге параллель импортқа қатыспайды. Өткен жылы екі ел арасындағы дәстүрлі тауарлар саудасының көлемі 25 млрд долларға жетті. Бұл айтарлықтай өсімді білдіреді.

Жуырда Астанада «Иннопром» көрмесі сәтті өтті. Оған премьер-министр Михаил Мишустин бастаған ресейлік делегация қатысты. Десе де Қазақстан санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр және бұл мәселе бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен байланысты жалғастыра береді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, дипломаттарды Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздер үшін өзара қолайлы негіз табуға шақырамын. Бұл өте маңызды, өйткені әлем адамзат үшін қауіп төндіретін қақтығыс жағдайына жақындады. Оның салдары ауыр болуы мүмкін», деп жауап берді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, кеше Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары басталды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц баспасөз өкілдеріне брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ескерту: Президент пікірі орыс тілінен аударылып берілді.