Спорт • 29 Қыркүйек, 2023

Азиада-2023: Ең жас екі спортшымыздың арманы - чемпион атану

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазғы XIX Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстан споршыларының ішінде ең жасы 13-те. Еркежан Сүлеймен мен Ділназ Нығметжанова - көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншылары, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азиада-2023: Ең жас екі спортшымыздың арманы - чемпион атану

Фото: Бейнекадр

«Азия ойындарына шақырту алған кезде қатты қуандым. Ең алғашқы үлкен жарыс болғандықтан қобалжу да болды, қобалжу-қорқынышымды жеңуге ата-анамның қолдауы жәрдемдесті», дейді Еркежан Сүлеймен.

13 жасар Ділназ Нығметжановның көгалдағы хоккеймен айналысып жүргеніне жеті жылдан асқан. Біраз жетістікке жетіп үлгерген ол спорт шебері атағына үміткер және ең үздік жас спортшы атағын алған.  

«Бұл менің тұңғыш Азиадам. Басты арманым - Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атану», дейді Ділназ Нығметжанова.  

Қазақстан құрамасы Азия ойындары басталмас бұрын Үндістанда оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Айта кетсек, Үндістан, Қытай, Жапония командалары хоккейден әлемнің үздік құрамалары саналады. Сол себепті Азиадада бәсекелестік деңгейі өте жоғары болғалы тұр.   

«Команданың болашағын ойлағандықтан қабілеттеріне қарай осы екі қызды таңдап, Азия ойындарына алып келдік. Себебі осындай дәрежедегі жарыстар керемет тәжірибе береді. Болашақта осы жас спортшылар ұлттық құраманы жеңіске жетелейді деп үміттенеміз», деді көгалдағы хоккейден Қазақстанның қыздар құрамасының бас бапкері Нұржан Бейбітов.  

Айта кету керек, бүгін көгалдағы хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы Индонезияны 2:1 есебімен ұтып, Азия ойындарында алғашқы жеңіске қол жеткізді.