Қоғам • 29 Қыркүйек, 2023

Ердің абыройы еңбегінен көрінер

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі елеулі мерекелердің бірі – Еңбек күні. Нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мерекеде ғұмырын елге қызмет ететін салаға сарп еткен маңдайтер иелерін тілге тиек етеміз.

Ердің абыройы еңбегінен көрінер

Адал еңбегімен айналасына үлгі көрсетер нағыз мамандар әрдайым абырой биігінде тұрады. Қарапайым қызметкерден бастап жылдармен беделді есімге қадам басу үшін – адалдық пен азаматтық тең тұруы тиіс шығар... Теміржол саласына жастығы мен жүрегін берген, бүгінде теміржол саласының ардагері Жақыпбек Шаймерденұлы бүгін мерейлі 75 жасқа келді.

Жақыпбек Шаймерденұлы 1948 жылы 28 қыркүйекте өмірге келді. Әскерден оралған балаң жігіт өмірлік жары Таласпен қол ұстасып, тағдырын Ақмола қаласымен байланыстырады. Теміржол саласында көлік жүргізушісі болып қызметін бастаған. Үш ұл тәрбиелеп өсірген асқар тау әкенің жұмыстағы әділдігі мен шыншылдығын отбасы мүшелері өнеге ретінде балаларына аманат қылып айтады. Бүгінде үлкен әулетке айналып үлгерген жұптың биыл алтын тойы. Бұрынғы Ақмола қаласының, бүгінгі Елорданың 50 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан тұрғындары көрікті Астанамыздың әр қабырғасының қаланғанын көрген куәгерлер. Олар - еңбектерімен Елорданың көркеюіне үлес қосқан тамырлы тұрғындар. Жұмысына жанымен адал болған Жақыпбек Шәймерденұлының бүгінгі ұрпаққа айтары көп. Теміржол саласына сансыз жылдарын арнаған ардагер бұл қызметтің бүге-шүгесіне дейін біледі. Отбасының ұйытқысы болған Талас ана үш келінін үш қызындай бір шаңырақ астында тәрбиелеген. Ел Астанасымен бірге өскен отбасы қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Әулет әжесі немерелерін ол уақытта бірен-саран кездесетін қазақ мектебіне беріп, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңірген. Төрінен қонақ үзілмейтін берекелі шаңырақтың сиқыры – бауырмалдықта. Себебі үй иелері алыстан оқуға келген барша жақындарын қанатының астына алған. Тарыдай үйге таудай көңілін сыйдырған отбасы мейірім шуағын шашқан қазыналарын ерекше ықыласпен құрметтейді. Бүгінде үш ұлы әр саланың беделді қызметкері ретінде ел мүддесі үшін еңбек етіп келеді. «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Адал еңбекті аманаттаған ардагерлеріміз аман болсын!