Жаһандық форумның хатшылығы 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезіне қатысушылардың шешімімен құрылған. Хатшылық – осы жиынның негізгі жұмыс органы. Жыл сайын өтетін хатшылық отырысында съезд шешімдерін іске асыру мәселелері, іс-шараның күн тәртібі, ұйымдастыру мәселелері және қорытынды құжаттарының жобалары қаралады.
Осыған орай биылғы хатшылық отырысы аясында былтыр қыркүйек айында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII съезінің қорытындылары, съезд хатшылығының XXII отырысының өтетін күні мен орны, сондай-ақ «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы» талқыланбақ. Оған ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм діндерінің өкілдері, соның ішінде Әл-Азһар академиясының бас хатшысы Назир Аяд, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы шейх Аллахшүкір Пашазаде, Иерусалим патриархы III Феофил, Дүниежүзілік будда қауымдастығының бас хатшысы Монтиан Тананарт, 24 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің басқа да жетекшілері, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.
Биылғы отырыстың маңызы бұрынғылардан ерекше. Өйткені бұрын-соңды баламасы болмаған әрі ауқымы тұрғысынан теңдессіз жаһандық діни жиынға 20 жыл толу мерейтойымен орайласып отыр. Еліміздің ұйытқы болуымен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезі 2003 жылы жас елордамызда өтті. Оған әлемдегі дінаралық келісімнің шатқаяқтап тұруы, өркениетаралық қақтығыстардың басталуы себеп болған еді. Өйткені 2001 жылы 11 қыркүйектегі Нью-Йорк пен Вашингтондағы теракт, оған Усама бен Ладен бастаған әл-Каида террористік ұйымының кінәлі деп танылуы, 2003 жылдың басында Ирактағы соғыстың басталуы, сол арқылы Батыс пен Шығыс арасына сызат түсуі, 2000-жылдардың басында әлемнің әр жерінде террористік актілердің көбейіп кетуі сынды оқиғалар әлемдік қауымдастықтағы тұрақтылық пен бірлікке сызат түсірді. Діни алауыздық өршіп бара жатты. Түрлі діндер арасындағы қырғи қабақ қатынасты жұмсартып, ауызбірлікке шақыратын бір басқосу керек еді. Осындай сын сағатта еліміздің бастамасымен ұйымдастырылған діндер съезі бір үстел басына отырмайтын, бір-бірінің қолын алмайтын әртүрлі діндер мен наным-сенім өкілдерін ымыраға шақырып, тіл табыстыратын алаңға айналды.
Сол уақыттан бері әлемдік және дәстүрлі діндер құрылымдарынан жалпыадамзаттық бағдарларды іздеу, діндер диалогін жүзеге асыру және келісілген шешімдерді қабылдау үшін халықаралық конфессияаралық институттың ұдайы жұмыс істеуін мақсат тұтқан форум бейбітшілікті, келісім және төзімділікті адам өмір сүруінің іргелі қағидаттары ретінде бекіту, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға қарсы тұру үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Алғашқы съезге әлемнің әр түкпірінен 18 делегация қатысса, былтыр өткен жиынға әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден аса делегация келді. Бұл жайт форум ауқымының үлкейіп келе жатқанын, сәйкесінше дінаралық диалог пен конфессияаралық келісім мәселесі көпті алаңдатып отырғанын көрсетсе керек. Сонымен қатар оған Католик шіркеуінің басшысы, Рим папасы II Иоанн Павел мен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб секілді мәртебелі қонақтардың қатысуы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің деңгейін тағы да жоғарылатты.
Былтырғы жиында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогті нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді айта келе: «Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», деді.
Съезд хатшылығы БҰҰ Өркениеттер альянсы, Қасиетті Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесі (Ватикан), Иорданияның дінаралық зерттеулер корольдік институты, Мұсылман ақсақалдар кеңесі т.б. маңызды халықаралық диалог құрылымдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін назарда ұстап келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, саясат пен ғылымның жүздеген беделді көшбасшыларының съезд болашағына деген сенімі, айтылған бастамаларды жүзеге асыруы діни бірлікті мақсат тұтқан съезд жұмысының жемісті екенін көрсетеді.