«Барыс» пен «Сибирь» биылғы тұрақты біріншіліктегі бірінші ойынын 4 қыркүйекте елордада өткізіп, қонақтар овертаймда 5:4 есебімен жеңіске жетсе, араға үш күн салып Новосбірдегі матчта айдын иелері тағы да «Барысқа» овертаймда опық жегізді – 1:0. 23 қыркүйекте екі ұжым мұзайдында үшінші мәрте кездесіп, бұл жолы да жерлестеріміз «Сибирь» клубының осал тұсын таба алмады – 4:2. Ал күні кеше командалар қыркүйек айында төртінші ойынын өткізіп, Андрей Скабелка шәкірттері тағы да өз жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алмады.
Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен бәсекені қонақтар белсенді бастап, кездесудің небәрі бірінші минутында-ақ ойынның есебін ашса, үзілістен кейін де «Сибирь» хоккейшілері жерлестерімізге қарағанда белсенді ойнап, екінші кезең аяқталар тұста таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Үшінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда Рудольф Червены есеп айырмасын қысқартқанымен, жеңісті жұлып алуға «Барыс» ойыншыларына уақыт жетпей қалды – 2:1.