Форумда 20 мың қатысушы, 300 компания, 100 инвестор, 250 спикер және әлемнің 15 елінен 100 стартап өкілі бас қосады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов форум инновациялық идеялар мен стартап-жобаларды жаңа нарыққа шығаратын маңызды іс-шара екенін атап өтті. Әлемдік бастамаларға қатысу технологиялық индустрияның дамуына елеулі әсер етіп, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік тудыратыны анық. «Digital Bridge» – инновация мен технологиядағы ынтымақтастықты нығайтатын бірегей алаң.
– Бұл іс-шараға қатысушылар халықаралық серіктестіктерді құруға, тәжірибе мен білім алмасуға, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттарының алдында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Бұл ауқымды жиын соңғы технологиялық трендтер мен саланың дамуы туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Форумның бір мақсаты – іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейту және құнды бизнес-әріптестік орнату, – деді Ерсұлтан Ерманов.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің пікірінше, «Digital Bridge 2023» технология мен адам әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын талқылайтын тамаша алаңға айналады.
– Бұл форум сала мамандары мен сарапшыларына өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Осы арқылы адамзатқа жасанды интеллект қызмет ететін болашақты бірлесіп құруға жол ашады. Еліміз осы бағытта инновациялық өсудің жоғары әлеуетіне ие болып отыр. Қазіргі таңда елімізде ғалымдар мен жас таланттардың шоғырлануы үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Азаматтарымыздың әртүрлі салада әзірлеген жасанды интеллект өнімдері бар, олар қазірдің өзінде әлем назарын аударып отыр. Біз мұны сөзсіз, мақтан тұтамыз. Жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие, – деген еді Бағдат Мусин.
«Digital Bridge» екі күндік бағдарламадан тұрады. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс, халықаралық спикерлермен панельдік сессия, Google for Startups іс-шаралары өтеді. Үздік стартаптар мен инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге халықаралық сыйлықтар беріледі. Аталған форум бес жыл қатарынан елордада өткізіліп жүр. Осы жылдар ішінде үзілмес үрдіске айналды. Ал IT қауымдастықтың тағатсыздана күтетін ең қызықты оқиғасы – үздік IT стартаптар жарысы. Оны «Astana Hub» өткізеді. Жеңімпаздар үш аталым бойынша марапатталады. Жүлде қоры – 125 мың доллар.
– Осы орайда, «Digital Bridge 2023» форумының ең маңызды әрі қызықты оқиғаларына шолу жасағым келеді. Форумдағы маңызды сәттердің бірі – «Digital Bridge Awards»-қа қатысты болмақ. Бұл халықаралық марапат үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге беріледі. Биыл іс-шараға қатысуға отандық компаниялар ғана емес, Орталық Азия елдерінің кәсіпорындары да шақырылды. Бүгінгі таңда біз осы марапатқа үміткерлерден 350-ден аса өтінім қабылдадық. «Digital Bridge Awards 2023» жеңімпаздары 8 аталым бойынша анықталады, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Мемлекет басшысы жасанды интеллекті дамытуға баса назар аударып, жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатудың маңызын да жиі айтады. Жасанды интеллект мүмкіндігін дұрыс қолдана алсақ, экономикаға тиер пайдасы орасан.