Өмірдегі қауіпсіздігіміз қандай маңызды болса, цифрлы әлемдегі қауіпсіздігіміз де дәл сондай маңызды. Қазір онлайн режімде барлығы қолжетімді. Жұмысты онлайн істейміз, пікірді онлайн білдіреміз, тамаққа да онлайн тапсырыс жасаймыз, билетті онлайн сатып аламыз, құжаттарды да онлайн реттейміз. Осы қызметтердің бәріне онлайн төлем жасау да түк қиын емес. Күнделікті өміріміздің көрінісі осы. Алайда аңғарған болсақ, осының барлығын жүзеге асыруға жеке деректеріміз қолданылады. Сондықтан абай болмасақ, алаяқтарға алданып қалу оп-оңай. Өткен жылы әлем бойынша әртүрлі кибершабуылдың саны 90 пайызға өскен. Яғни технология өмірімізді қалай жеңілдетсе, солай қиындатып та жатыр. Мәселен, әртүрлі әлеуметтік желіден, әсіресе WhаtsApp чаттардан келетін қорғалмаған сілтемелер өте қауіпті. Одан кейін кез келген жерге жазып қалдыратын телефон нөміріміз бен электронды поштамыз да – аса құнды дерек. Ал киберқылмыстың құрбанына айналмау үшін әрбір адам кибергигиена ұғымын күнделікті өміріне енгізуге тиіс. Сондықтан қоғамның цифрлы сауатты болуы қауіпсіздік үшін аса маңызды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, жеке деректерді қорғауға нақты қадамдар жасалуы қажет.
– Цифрлы гигиена – интернетте қауіпсіздікті сақтауға көмектесетін ережелер мен нұсқаулар жиынтығы. Интернет пайдаланушыларына әуелі әртүрлі аккаунттарға бірдей құпия сөзді қолданбауды әрі күрделі құпия сөз ойлап табуды ұсынамын. Бұл жеке ақпараттарға рұқсатсыз кірудің алдын алуға көмектеседі. Одан кейін құрылғыдағы бағдарламаларды жаңартып отыру керек. Өйткені жаңа нұсқаларда қауіпсіздік күшейтіліп отырады. Бұл хакерлердің шабуылдарынан қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ күдік тудыратын хабарламаларға жауап бермеген әрі бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерді ашпаған абзал. Вирустардан және басқа да қауіптерден қорғауға антивирус бағдарламаларын пайдаланған жөн. Бұл құрылғыны зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектеседі. Жеке ақпараттарды бейтаныс сайттар мен қосымшаларға сеніп, жібере беруге мүлде болмайды. Жеке ақпаратты ұсынар алдында сайттар мен қосымшаларды мұқият тексеру керек. Сонымен қатар желідегі парақшаларды қорғауға екі факторлы аутентификацияны пайдалану қажет. Бұл парақшаларға рұқсатсыз кірудің алдын алуға көмектеседі. Әрі әлеуметтік желілерде және басқа да онлайн-сервистерде құпиялы тетігінің орнатылғанын тексеріп алған дұрыс. Бұл жеке ақпараттардың тек жіберген адамдарға қолжетімді екеніне көз жеткізуге көмектеседі, – дейді Руслан Әбдіқалықов.