Құрметті қонақтарды биыл ашылғанына 120 жыл толатын М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің басшысы Шағангүл Жанаева қарсы алып, Алаштың оқу ордасының ашылу тарихы мен қазіргі кезеңдегі бағындырған белестері, қандай тарихи тұлғалардың шыңдалу мектебі болғанын әңгімелеп берді.
– Бұл – тәуелсіз еліміз үшін ұлттық сананың қалыптасуына ықпал еткен тұңғыш оқу орны. Шәкірттерімізге күллі Алаш қайраткерлері, атап айтқанда, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан бастаған ұлт зиялыларының бітім-болмысы, ұлт болашағы жолында атқарған істері жайында кеңінен насихатталады. Мұрат Мұхтарұлы осыдан бес жыл бұрын келіп, колледжіміздің төрінде болған. Колледждің тарихи маңызын өте терең түсінеді, – дейді М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры Ш.Алдамжарқызы.
Ғасырдан аса тарихы бар оқу орнының тағы бір ерекшелігі – ғимаратының баспалдақтары о бастан салынған қалпы, бүгінгі күнге дейін бүлінбей сақталып келеді. Осы тұста тағы бір айта кететін дерек, педагогикалық колледж 1967 жылдан бастап, М.Әуезовтің есімімен аталады. Жазушы есімінің берілуіне сол кездегі оқу орнының басшысы Асылхан Бекбаевтың сіңірген еңбегі зор.
Тағылымды кездесуде Мұрат Мұхтарұлының «Қазақ рухы», анасы Фатима Ғабитованың «Өртеңде өнген гүл» кітаптарының тұсаукесері де ерекше салтанатпен өтіп, тамашалаған жұртшылықты тәнті етті. Сондай-ақ «Мұхтар Әуезов өмірінің Семей кезеңі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Раушан Мұқажанова да зерттеуі туралы ойымен бөлісті.
– Қазақтың біртуар тұлғасы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолы, ізденістері жөнінде кеңестік кезеңде көлемді зерттеулер жүргізілгенімен, оның кей туындылары саяси сынға төтеп бере алмай, тасада қалып келгені шындық. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтырып, көпшілік назарынан тыс қалып келген шығармаларын қайта жаңғыртатын уақыт жетті. Сол тұрғыда жазушының өмірі мен шығармашылығында Семей жерінің маңызы ерекше, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Мұқажанова.
М.Әуезовтің туған күні қарсаңында ұлы жазушының туып-өскен жеріне келуді мұрат еткен мәртебелі қонақтар бұдан кейін Абай ауданына сапарлап, Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесіне барып, Ақшоқыға аялдап, Құнанбай Өскенбайұлы мен Әуез бабаларының рухына тағзым етті. Жазушының кіндік қаны тамған жері – Бөріліге келіп, әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың кесенесінде болып, М.Әуезовтің музей-үйін де тамашалады.
Ел ішінде ертеден санаға сіңген «Абай десе, Мұхтар Әуезов, Мұхаң десе, Абай еске түседі», деген сөз бар. Ал осынау дата – Әуез әулеті үшін ғана емес, күллі Семей жұртының жылда асыға күтетін мезеті. Оны былай қойғанда, «Ел әңгімеші, ел әңгімеші болған соң, жер әңгімеші» деген ұлы жазушыдан қалған сөздің құдіреті де тартып тұратыны шындық.