Спорт • 03 Қазан, 2023

Желаяқтар сайысы

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Келесі жылы ел астанасында алғаш рет жеңіл атлетикадан жабық кешендегі «World Athletics Indoor Tour» санатындағы Алтын деңгейлі турнирінің бірінші кезеңі ұйымдастырылады. Бұл жарыс – келесі жылы Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ­ойындарына қатысуға жеткілікті деңгейде ұпай жинауға мүмкіндік беретін бірегей турнир.

Желаяқтар сайысы

Биыл жыл басында Астанада дәл осы «World Athletics Indoor Tour» санатындағы жарыстың Кү­міс деңгейлі «Astana Silver Grand Prix Meeting» турнирі ұйым­дастырылған болатын. Осы­лайша, 2016 жылы тұсауы ке­сілген желаяқтардың жарысын биыл ТМД елдері арасында бірін­ші болып Қазақстан астанасы қа­был­дағанын да айта кеткен жөн. Әлемге әйгілі «Гауһар лигасының» жабық кешендегі баламасы ретінде өткізіліп келе жатқан Астанадағы жарыста әлемнің 15 елінен келген 100-ге жуық спортшы бақ сынаған-ды.

2022 жылы халықаралық тур­нир жарыс аясын кеңейтіп, жел­аяқтар бәсекесін төрт деңгейге, яғни Алтын, Күміс, Қола және Үміт­керлер санатына бөліп өткізе бас­тады. Бұл сайыстар жарысты ұйым­дастыру деңгейімен және жүлде қорымен ерекшеленеді.

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәсли­хатында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукин аталған жарыс 2024 жылдың 27 қаңтарында Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді деп жоспарланғанын мәлімдеді.

«Қазақстан 2024 жылы INDOOR tour Gold LEVEL сериясының жа­рыстарын қабылдауға дайын. Жа­рыс 2024 жылдың 27 қаң­тарын­да «Qazaqstan» жеңіл атлетика орта­лығында өтеді. Еліміздің ат­лет­тері осындай халықаралық ірі дода­ларға қатысу арқылы әлемдегі ең мықты спортшылармен сайысуға мүмкіндік алады. Турнирдің жүлде қоры 100 000 долларға жетеді. Жарыс жеңіл атлетиканың 12 түрі бойынша өтеді. Атап айтқанда, Алтын деңгейлі додаларда ерлер 400, 1 500 және 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру бойынша жарысса, әйелдер 60, 800, 3 000, 5 000 метрге жүгіру, сырықпен секіру, үш қарғып секіру және ядро лақтыру сайыстары бо­йынша бас жүлдені сарапқа  салады», деді П.Кукин.

Алты кезеңнен тұратын келесі жылғы «World Athletics Indoor Tour Gold Level» жарысының шы­мылдығын Қазақстан астанасы ашып береді. Астанадан кейін бұл жарыстар Бостон, АҚШ (3 ақпан, 2024), Торун, Польша (6 ақпан, 2024), Льевен, Франция (10 ақпан, 2024), Нью-Йорк, АҚШ (11 ақпан, 2024), Мадрид, Испания (22 ақпан, 2024), Бирмингем, Ұлыбритания (24 ақпан, 2024) қалаларында жалғасын табады. Рейтингтік ұпайлар әр санат бойынша үздік шыққан төрт спортшыға беріледі.

Павел Кукиннің айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу отандық желаяқтардың әле­уетін байқауға, халықтың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

«Кейінгі төрт жылда еліміз­дің желаяқтары 60-тан астам рекорд орнатты. Бұл нәтижелер біздің спорт­шылардың деңгейі өсіп ке­ле жат­қанын көрсетеді. Ұлттық чем­пионаттарға қатысатын спорт­шылар саны 30%-ға өсті. Осы фак­­тілердің барлығы Қазақстан­ның жеңіл атлетикасын дамыту­да таң­­да­ған жолының дұрыс еке­нін біл­діреді», деді жеңіл атлетика феде­рациясының атқарушы директоры.