Ескекшілер еңсемізді көтерді
Каноэде ескек есуден алтын болады-ау деген хабар тарағаннан кейін, барлық журналист таң атпай «Fuyang Water Sports Centre»-ге жиналды. Себебі жергілікті уақыт бойынша сағат 9:00-де басталатын жарысқа қонақүйден жету үшін кем дегенде бір сағаттан аса уақыт жүру керек еді. Оның үстіне Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров бастаған ескекшілердің алтын алатынына барлығымыз сендік. Сенім ақталды да. Нәтижесінде, араға бірнеше күн салып, Қазақстан қоржыны төртінші алтын медальмен толықты.
С.Емельянов пен Т.Хайдаров бастаған жұп 500 метрлік қашықтықта қарсыластарынан анағұрлым озып, Азия ойындарының алтын жүлдесіне ие болды. Спортшыларымыз жеңістен кейін тілшілермен тілдесіп, алдағы жоспарлары туралы айтты.
– Эмоция деген керемет! Бұған дейін екі Азия ойындарында күміс жүлде алдым. Үшінші Азия ойындары мен үшін сәтті басталды. Алғашқы қашықтықта алтын алдық. Ертең Тимофей Емельяновпен 1000 шақырымда бақ сынап, барымызды саламыз. Жеңіс болады деп үміттенемін. Көңіл күй – өте керемет! Мәреге бірінші болып жету ерекше сезім екен. Елімізге алтын медаль әкелгенімізге қуаныштымыз. Тағы қайталаймыз деген ойдамын. Бәрі ойлағандай өтті. Біз өз жұмысымызды атқардық. Нәтижесінде, қашықтықты сенімді түрде игеріп, бірінші келдік, – деді Сергей Емельянов.
Тимур Хайдаров жоспары толығымен іске асқанын жеткізді.
Араға сәл уақыт салып Қазақстан әйелдер құрамасы байдарка мен каноэде ескек есуден екі күміс медаль жеңіп алды. Жұптық сында (500 метр) Мария Бровкова мен Руфина Ысқақова күміс медальға қол жеткізді. Бұл сайыста Қытай бірінші орынды жеңіп алса, Таиланд үшінші орынды иеленді.
Ал байдарка жарысында (500 метр) жұптық сынның финалында Қазақстан құрамасы екінші орын алды. Осылайша, отандық спортшылар Ирина Подойникова мен Ольга Шмелева күміс медальды қоржынға салды. Бұл сайыста Қытай құрамасы мәре сызығына бірінші болып жетсе, үшінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырды.
Отандастарымыз бәсеке соңына дейін тартысты болғанын айтады.
– Біз алтын аламыз деп ойладық. Бірақ бұл – спорт. Барымызды салдық. Бапкерлер соңына дейін қарсыластарды алға жібермеуімізді талап етті. Біз қалай бастасақ, сол қарқынмен мәреге де жеттік, – деді О.Шмелева.
Ерлер арасында байдаркадан жекелей сында (1000 метр) Кирилл Тубаев қола медаль еншіледі. Алтын медаль қытайлық Дун Чжанға бұйырса, күміс жүлдені өзбекстандық Шахриер Махкамов иеленді.
Ал 1000 метрлік жарыста жекелей сында Тимофей Емельянов мәреге үшінші болып жетті. Бірінші орынды тайпейлік Куан-Че Ла жеңіп алса, екінші орын өзбекстандық Владлен Денисовке бұйырды.
Батуттағы гимнастикадан ел намысын қорғаған спортшы қызымыз Виктория Бутолина Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бәсекенің финалында Виктория 52,600 ұпай жинап, Қытай құрамасының спортшылары Сюэин Чжу (алтын) мен Ичэнг Худан (күміс) қалып қойды.
Айта кетейік, 18 жастағы Виктория Бутолина үшін бұл – алғашқы Азиада. Ал Сюэин Чжу осы бағдарламада Токио Олимпиадасының чемпионы атанған.
Су добынан алтын бұйырса…
Соңғы жеті Азия ойындарында алты рет алтын медаль ұтып алған су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы жарысты жақсы нәтижемен бастады. Спортшылармыз Гонконг командасымен кездесіп, 25:4 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бүгін ел құрамасы Жапониямен бақ сынасатын болады.
Жарыс жолында – жеңіл атлеттер
Кеше кешке жеңіл атлеттер жарыс жолына шықты. Алты бағдарлама бойынша сынға түскен спортшыларымыз екі қола медаль жеңіп алды.
Қыздар арасында Аделина Земс 400 метрге кедергімен жүгіру сайысында 57,16 секунд нәтижесімен 3-орынға ие болды.
Ал Аделина Земс, Ефим Тарасов, Анастасия Залюбовская және Дмитрий Колбов бастаған командалық эстафетада Қазақстан құрамасы қола жүлдені иеленді. Негізі жерлестеріміз мәре сызығын төртінші болып кескен еді. Алайда Шри-Ланка командасы жарыс ережесін бұзғаны үшін жүлдегерлер қатарынан алынып тасталды.
Ауыр атлеттер «нокаут» алды
Ауыр атлеттерден маза кеткелі қа-шан! Бұрынғыдай сыңғырлатып алтын алатын кезеңдер келмеске кеткен секілді. Әйтпесе, Азия ойындарында ауыр атлеттеріміздің В тобында сынға түскені ерсі көрінеді екен. 59 килода сынға түскен Алтынай Тәңірбергенова мен Дарья Балабаюк 8-9-орындарға жайғасса, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева (64 кг) бар-жоғы бесінші орыннан көрінді (А тобы).
Сонымен қатар бұл күні шахматтан қыздар құрамасы Вьетнам құрамасын 3:1 есебімен жеңді.
Қазақстанның баскетбол құрамасы жеңіліс тапты. Ерлер арасындағы жарыстың 1/8 финалында Қазақстан Тайпей құрамасымен кездесті. Алайда отандастарымыз бұл матчта жеңіске жете алмады. Кездесу 62:83 есебімен қарсыластардың жеңісімен аяқталды.
Ал волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы да жапониялық қарсыластарына есе жіберді. Топтық кезең аясында өткен бұл матчта волейболшыларымыз 17:25, 20:25, 13:25 есебімен жеңіліп қалды.
Трамплиннен суға секіру іріктеуінен сүрінбей өткен Назар Қожанов финалдық сында 10-орыннан көрінді.