Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Кейінгі 10-15 жылда компьютерлік ойындар әлемде қыруар қаржы түсіретін үлкен индустрияға айналып үлгерді. Елімізде де онлайн ойынға еліткендер саны жылдан-жылға артып келеді. Нақты сандарға көз жүгіртсек, 2020 жылы компьютер ойнайтындар қатары 5 миллион адамды құраған, оның 70 пайызы – балалар мен жасөспірімдер.
«Newzoo» аналитикалық компаниясының мәліметінше, 2018 жылы отандастарымыз интернеттегі онлайн ойындарды 207 миллион долларға сатып алған. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 44-орынға жайғасыпты.
Ұлымның сыныптасының айтып отырған ойыны «Standoff 2» деп аталады. «Standoff 2»-ні тек компьютерде емес, телефонмен де ойнауға болады. Сондықтан қолына смартфон ұстаған әрбір бала үшін қолжетімді дүние. Мұнда ойыншы не арнайы жасақ болып террористермен соғысады, не террорист болып арнайы жасақпен қақтығысқа түседі. Бұдан бөлек, «Counter-Strike», «A War Story», «Black Fire» секілді көптеген ойында да жас балалар «террорист» болудың «қыр-сырын» меңгереді екен.
Дегенмен, бүгінде компьютерлік ойындардың қауіптілігі тек терроризмді насихаттау және оны ерлік ретінде көрсету арқылы көрініс тауып жатқан жоқ. Кейінгі уақытта балаларды жат діни ағымдарға тартатын ойындар да пайда болған. Еліміздің аумағындағы компьютерлік клубтарда діни мазмұндағы ойындардың нарықтық рейтингі жоғарылап келе жатқан көрінеді. Мәселен, Астана қаласындағы компьютерлік клубтардың бағдарламасында кездесетін діни бейне ойындарды 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар тұрақты түрде тұтынатыны белгілі болған.
Шымкент қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы Нұрразы Арапбай – жасөспірімдер ойнап жүрген діни мазмұндағы компьютерлік ойындарға тереңдетілген бейневизуалды дінтанулық, контенттік талдау жасаған мамандардың бірі. Нәтижесінде, ол өнімдерде еліміздің аумағында тіркелмеген секталық бағыттағы наным-сенімдердің ұстанымдары, өзге дінге шақыратын көріністер, сонымен қатар зорлық-зомбылық, дінаралық өшпенділік, азғындық түрлері де насихатталатынына көзі жеткен.
– Біз Астана қаласындағы 8 компьютерлік клубқа барып, діни мазмұндағы ойындарға тексеру жүргізумен қатар, жасөспірімдермен сұхбаттасып, олардың осындай ойындарға деген қызығушылығын білдік. 9 бен 18 жас аралығындағы 50-ден астам жеткіншекпен әңгімелесу барысында біз зерттеген ойындардың негізгі діни мазмұны оларды қызықтыратынын және балалардың діни танымын қалыптастыратын алғашқы баспалдақ екенін көрдік, – дейді Нұрразы Арапбай.
Мәселен, солардың бірі – «Far cry 5» деп аталатын шытырман оқиғалы ойында «Эдеммит» деп аталатын аккульттік қозғалыс суреттеледі. Сюжет желісі Американың Монтана штатында өтеді. Қозғалыстың көсемі Джозеф Сеид (Жүсіп) деген «пайғамбар». Олар Хоуп округінде Эдем қақпасы деп аталатын штат құрады. Көшбасшы Джозеф Сеид өзінің «Джозеф» атты кітабын (The book of joseph) шығарады. «Кітаптың мазмұнында христиандардың жаңа өсиеті мен киелі кітабы негізінде өзіне аян берілген мәтіндер қамтылады. Өзін Иса мәсіхтен кейін пайғамбар ретінде құдайдан келген елші екенін, ақырзаман таяу арада болатынын және құтылуға асығу керектігін хабарлайды», дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, ойын барысында Джозеф Сеид «Эдем» қозғалысына күмәнмен қарағандар мен оны қаралағандарды айқышқа керіп немесе суға аяусыз тұншықтырып өлтіреді. Ал қолдаушыларға әсерлі уағыз жүргізіп отырады. Сенушілер шіркеуде хормен ән айтып «Әкеміз Джозеф құтқарушы жанымызды» деп қайталап, христиан дәстүріндегі ғибадаттарды негіз етіп алып «эдем» рәсімін орындайды. Ойын барысында қозғалыс мүшелерінің полициямен қақтығысы, өздерін қолдамаған адамдарды қинап өлтіру көріністері де бар. Ең соңында әлемде ядролық жарылыс орын алып, Эдем штаты мен оған сенушілер ғана аман қалады.
– Ойында қатыгездік оқиғаларының жиі көрсетілуін бала психикасына ықпал жасау факторы ретінде қарастыруға болады. Өзімен келіспегендерді жау санау, оларға қарсы агрессия таныту сектанттық ой-сананың қалыптасуына түрткі болуы мүмкін. Бұл ойын 18 жастан асқандарға арналған деп ескертілгенімен, Астананың ойын клубтарында жас балалар да ойнап жүр, – дейді Нұрразы Арапбай.
Бұдан бөлек, «Outlast-2» атты ойында жыныстық қатынас, сәбилерді құдайға құрбандық ретінде шалу, сонымен қатар, христиан дінінің ұстанымдары араласқан фантастикалық көріністер насихатталады. Тіпті АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің христиан қауымдастықтары наразылық танытқан бұл ойын елордамыздың «PlayStation» клубтарында жиі ойналады екен. Сонымен қатар, «Silent Hill-2», «Assassins creed» ойындары да бала психикасына кері әсер ететін көріністерге толы.
– «Assassins creed» ойыны мұсылмандар мен христиандар арасындағы соғыспен басталады. Оқиғалар тарихи мәліметтермен қатар ойдан шығарылған сюжеттерден тұрады. Мұнда мұсылмандар зұлым жау ретінде көрсетілген. Олар христиандарды аяусыз қырып-жояды. Тарихтағы аса көрнекті тұлға Салах ад-Дин ойын барысында қанішер ретінде сипатталады. Орта ғасырдағы ислам әлемінде көп бүлік тудырған ассасиндердің ислам жамағаты ретінде көрсетілуі араб елдерінде үлкен наразылық туғызып жатыр. Сауд Арабиясы оған ресми түрде тыйым салды, – дейді дінтанушы.
Нұрразы Арапбай бұл өнім діндер арасында өшпенділікті оятумен қатар, жасөспірімдер санасында бұрмаланған діни таным-түсінік қалыптастыруы әбден мүмкін екенін айтады. Өйткені ойын барысы тұнып тұрған исламофобиялық идеология. Өкінішке қарай, оны еліміздегі 13-20 жас аралығындағы жасөспірімдер күнделікті ойнап жатыр.
Терроризмді, зорлық-зомбылықты, дәстүрлі сенімімізге қайшы нанымдарды, азғындықты жас балаларымыздың санасына құйып жатқан мұндай компьютерлік онлайн ойындарға қашан тыйым саламыз? Жалпы оған тыйым салу мүмкін бе? Біздің ойымызша, уәкілетті органдар жоғарыда айтылғандай көп қолданылатын діни мазмұндағы ойындарды анықтай отырып, оған тексеріс жүргізіп, егер бала дүниетанымына кері әсер ететін тұстары болса, оны бұғаттау шарасын қабылдағаны жөн. Дінтанушының айтуынша, ойындарды бұғаттауға мүмкіндік бар. Ол үшін алдымен олардың мазмұнын бақылап отыратын арнайы бағдарлама жасауды қолға алу керек.
– Бұл ІТ мамандарымен бірігіп жасалатын жұмыс. Қазіргі күні АИК деген бағдарлама бар. Ол интернетте, әлеуметтік желілерде террористік, салафиттік бағыттағы парақшаларды анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік береді. Міне, ойындарды да бақылайтын осындай бағдарлама жасалуы қажет. Мысалы, Еуропа елдерінде ойындардың жалпы мазмұнын бақылайтын бағдарламалар бар, – дейді ол.
Дегенмен, интернет толыққанды бақыланбайтын үлкен кеңістік болғандықтан, әлгіндей теріс сипаттағы ойындарды бір жерде бұғаттасаң да, ертеңгі күні екінші жерден қайта шыға келуі мүмкін. Оларды ғаламтордан толыққанды жойып жіберу мүмкін емес. «Сондықтан біз өз тарапымыздан соған қарсы насихат жүргізетін өз ойындарымызды да ұсынуымыз қажет. Бала санасына дұрыс сенім мен ұстаным қалыптастыратын, патриоттық сарындағы, тәрбиелік бағыттағы ұлттық жобаларымыз болғаны жөн. Мұның бәрі қыруар қаржыны, мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Бала болашағы – елдің болашағы. Сондықтан қаншалықты ауқымды жұмыс болса да, бұл бағытта алдын алу шараларын қаншалықты жедел жасасақ, соншалықты біз ел келешегін баянды ете аламыз» дейді ол.
Психолог мамандар да қоғамнан алшақтап, компьютерді «досы» етіп алған баланың онлайн ойындардағы үгіт-насихатқа еріп кетуі мүмкін екенін айтады. Мәселен, психолог Күлмаш Елшібаеваның сөзінше, компьютерлік ойындар ең алдымен ата-ана қарауынан тыс қалған балаларға қауіпті. «Зерттеулерге сүйенсек, компьютер алдында ұзақ отыру бала психологиясына теріс әсер етеді. Біріншіден, тым көп ақпарат тасқыны оны енжарлыққа ұрындырады. Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге жетуі мүмкін. Достарымен, айналасындағы жақындарымен, соның ішінде тіпті ата-анасымен араласудан қалған жасөспірім шынайы өмірді интернеттегі «виртуалды» өмірге айырбастап та жіберуге дайын болады. «Компьютерге байлану» ауруы негізінен кімдерде пайда болады?» деген сауалға мамандар: «Көбіне шынайы өмірде өздеріне сенімсіз, сондай-ақ тұрмыста кездесетін қиын түйіндерді шеше алмайтын адамдар және әке-шеше қарауынан тыс қалған балалар бұл дертке бейім. Осы әуестігі компьютерден тыс жерде уақытты босқа жоғалтқанмен бірдей деп есептейтіндей деңгейге жетеді», дейді ол.