Басылым • 03 Қазан, 2023

Ғасыр жасаған газет

2634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірдегі алғашқы қазақ газеті «Ерік» атауымен шыққан. Содан бері бір ғасыр өтті. Осы кезеңде басылымның атауы бір­неше рет өзгерді. Биылғы 1 сәуірде алғашқы нөмірі шыққанына 100 жыл толған өңірлік басылым бүгінде «Атырау» деп аталады.

Ғасыр жасаған газет

Ғасыр жасаған газеттің мерейтойы аталып өтіп, бұрынғы ғи­маратына, өмірден өткен қыз­меткерлері тұрған үйлерге ескерт­кіш тақта орнатылды. Бірнеше қыз­меткердің есімі көшеге берілді. Өңір­дегі басылымдарды біріктіріп отыр­ған «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғи­маратында газет мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге басылымның бір ғасырлық белесінен сыр шертетін жәдігерлер топтастырылды. Ал «Қалам ұшын­дағы ғасыр» атты салтанатты кеште 100 жылдық тарихи шежіре театр­ландырылған көрініспен әрленді.

«Бір ғасыр бұрын «Ерік» атауымен жарыққа шығып, қо­ғам­дық дамудың әр кезеңіне сай оқыр­манына тұщымды мақа­ла­лар, өңірдің мәселесі мен жетіс­тігін жария еткен газеттің тарихы әлі жалғасады. Бұл газетте тек жергілікті қаламгерлер емес, ұлт әдебиетіне мол мұра қал­дыр­ған Асқар Тоқмағамбетов, Зей­нолла Қабдолов, Фариза Оңғар­сынова, Әбіш Кекілбаев секілді жазушылардың қолтаңбасы бар. Осы кезеңде бірнеше буын алмас­ты. Газет ұжымы ұдайы облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады. Тұр­ғындардың әлеуметтік мәсе­лесін батыл көтеріп келеді», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Газет ұжымын мерейтойымен құттықтаушылар легі аз болмады. Мемлекеттік кеңесші мен Премьер-министр құттықтау хат жолдады. Әсіресе Астана мен Алматыдан, Қы­зылорда мен Ақтаудан арнайы құт­тықтауға келген әріптестердің орны бөлек. Бұрын «Атырау-Ақ­парат» медиахолдингіне жетек­ші­лік еткен, қазір «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Ерболат Қамен мен «Ай­қын-Литер» ЖШС директоры Ыс­­қақ Егембердиевтің жүрек­жар­­ды құттықтауы басылым қыз­­мет­керлеріне серпін берді. Сон­дай-ақ «Алатау ақпарат» ЖШС бас директоры Ержан Қалым­бай­ұлы, «Сыр-медиа» ЖШС Аман­жол Оңғарбаев, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішева құттықтады.

Бұл күні газет қызметкерлері ма­рапатқа ие болды. Бір тобы «Ақ­­парат саласының үздігі» төс­белгісімен, енді бір шоғыры Сенат пен Мәжіліс төрағаларының алғыс ха­тымен марапатталды. Бір топ тіл­шіге облыс әкімінің алғыс хаты берілді.

 

Атырау облысы