Хоккей • 03 Қазан, 2023

Бап кем бе, бақ кем бе?

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Ба­рысы» үшін сырт айдындағы кезекті ойындар сериясы тағы да сәтсіз бас­талды.

Бап кем бе, бақ кем бе?

ФОТО: prosports.kz

Минскіге сапар шеккен Андрей Скабелка шәкірттері жергілікті «Динамо Минск» командасымен шеберлік байқасып, тартыс­ты кездесуде 3:0 есебімен жеңіліп қалды. 7 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған «Минск-Арена» спорт кешеніндегі бәсекенің есебін Виталий Пинчук сан басымдығынан кейін ашты. Бірінші кезеңнің соңына қарай «Барыс» ойыншылары да екі мәрте бір хоккейшіге артық ойнағанымен, «Динамо» қақпасынан саңылау таба алмады.

Үзілістен кейін де айдын иелері шабуылын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Ойынның 25-минутында Роман Горбунов Андрей Шутовты қапы қалдырса, үшінші кезең басталған сәтте Андрей Стась «Динамоның» үшінші шайбасын соғып, ойынның нүктесін қойды. Бұл бәсекеде жерлестеріміз таразы басын теңестіру былай тұрсын, жанкүйерлер үшін жалғыз жұбаныш шайбасын да соға алмады. Енді «Барыс» тұрақты біріншіліктегі келесі кездесуін бүгін Мәскеуде жергілікті ЦСКА клубымен өткізеді.