Қоғам • 04 Қазан, 2023

Көркем әдебиет каталогі әзірленді

301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы балаларға арналған көркем әдебиеттің интерактивті каталогін әзірледі.

Көркем әдебиет каталогі әзірленді

«Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуы­мыз керек. Бұл қиын мә­селе екенін түсінемін. Әсіре­се олар­дың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғыл­дану керек. Басқа жол жоқ», де­ген болатын Президент. Мем­лекет басшысының «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасау және жүзеге асыру туралы тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітап­ханасы балаларға арналған көр­кем әдебиеттің интерактивті ката­ло­гін әзірледі.

«Еліміздің білім беру ұйым­дарына Bookfund.gov.kz жүйе­­сі құрылды. Бұл – қазақ әде­бие­­тінің түрлі кезеңі мен жанр­ларын қамтитын цифрлық фор­маттағы кітаптардың арна­йы тізімі. Қазір бекітілген көр­кем әде­биет тізімі бойынша ин­терактивті каталогтерді енгізу жұ­­мыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін пайдаланушылар өз аккаунты бойынша жүйеге тіркеліп, толық каталогпен таныса алады», дейді Республикалық ғылыми-педагогикалық кітап­ха­наның директоры Әлия Сайдембаева.

Иә, балаларға арналған кітап­тардың тізімі жасалғаны қуан­та­ды. Бірақ ең басты мәселе – баланы сол кітапты оқуға бау­лу. Мә­селен, біздің бала ке­­зі­мізде смартфон болса да, оның мүм­кін­дігі дәл қазіргідей дамы­ған жоқ еді. Бәлкім, содан да болар, бізге қызықтың бәрі кітап­хананың ішінде көрі­не­тін. Ал баланың сана­сы смарт­фонға байланған кезеңде «оқу­ға қайтіп баулуға бола­ды» деген сұрақ туады. Бізге әке-шеше­міздің «Балам, кітап оқы» деген сөзі мен көрсеткен үлгісі негіз болды. Одан соң мектеп кітапханасында бетін аш­қан­нан елітіп әкететін ертегі кітап­тар көп болды ма, әйтеуір бала қиялы­мызды байытып, оқитын дүние табыла беретін. Айтпақ­шы, биыл Астанада жыл сайын өтетін ха­лық­аралық кітап жәр­мең­ке­сі­не барған кезде кіш­кен­тай оқыр­ман­дардан не оқып жүргенін сұраған едік. Бір-екі бала сөреде тұрған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын көрсеткені болмаса, 99 пайызы (артық не кем айт­қанымыз емес) орыс және ағыл­шын тіліндегі кітап­тарды ата­ған-ды. Сонда балалардың қызы­ғу­шылығын оятатын қазақша кітап жоқ па деген ойға қалдық. Ал Республикалық ғы­лы­ми-педагогикалық кітап­хана жа­саған тізім осы олқылықтың ор­нын толтырады деп сенеміз.

Психолог мамандар баланың кітапқа қызығушылығын оятып, оқу дағдысын кішкентайынан үйрету керек, балаға оқу мәде­ние­тін 3 айлығынан бастап қа­лып­тастырған жөн дейді. Иә, бұл баланың бойына бір сәтте қалыптаса салатын дағды емес.

«Кез келген бала естігенін емес, көргенін істейді. Сондықтан бала кітап оқу үшін ата-ана өзі де кітап оқуы керек немесе баланы қалыптастыратын ортасы болғаны абзал. Сондай-ақ кітапты баланың қызығушылығына қарай таңдаған жөн. Әрі кітаптың тілі түсінікті, жеңіл жазылған болуы керек. Бала кітапты оқып аяқ­та­ғаннан кейін міндетті түрде сол бойынша сұрақ қойып, әңгіме өрбіткен дұрыс. Бұл оның өз ойын, пікірін еркін жеткізуге тәрбиелейді. Ал 1 жасқа дейінгі ба­лаға дауыстап кітап оқып бе­ру­ге және оны визуалды қы­зық­тыруға болады. Кітаптағы су­рет­тердің атауын айтқанда бала есту және көру арқылы бай­ла­ныстырып түсінеді. Бұл оның сөздік қорын молайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар кітап оқу уақытын баланың қызығу­шы­лы­ғы­на қарай лайықтап белгілеу керек. Егер бала жалыға бастаса, мәжбүрлеп оқытуға болмайды. Сондықтан бірнеше минут отырса да, оқығаны маңызды. Бала күн сайын аз уақыттан кі­тап оқуды әдетке айналдырса, құл­­шынысы оянып, келесіде ұза­ғырақ уақыт оқитын болады» дейді психолог Ғалия Мақашева.

Психолог мамандардың ай­туынша, мектепке дейінгі жастағы балаларға күндіз немесе кешке, ал бастауыш мектеп оқушыларына ұйықтар алдында, түнде ертегі оқыған дұрыс. Тіпті балаға кітап­тағы кейіпкерге тән мінез-құлық пен дауысты сомдап беруге болады. Ол баланың қиялын дамытады. Мағжан Жұмабай «Пе­дагогика» кітабында бала қия­лын дамытуға мән беру аса маңызды екенін жазған. «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертекке шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мы­са­лы, балаға өтірік айтпа деген құр­ғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертек айтсаң, сол ертекте өтірікшінің өтірігінен қор бол­ғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бірақ ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертектер баланы бұзу­дан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ, көрден кебінін жалмап шығатын обыр, жын-шайтан секілді ертегілерді балаға айту тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді» деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс», дейді Мағжан Жұмабай.

Расында, ертегілер сәби са­на­мызға түсінік қалып­тас­ты­рып, сезім түйсігімізді дамытты, сұлулықты көріп, жамандықтан жи­ренуге үйретті. Баланың сана-сезіміне лайықтап жазу жаза алу әсте қиын іс. Әрі ол әр бала­ның өз заманына сай болуы керек. «Балалар әдебиетін жазу да ба­ла көзінің айналасын қаламмен сызу секілді. Егер дұрыс жаза алмасаңыз қарашығын ағы­зып жібергеніңіз», дейді ақын Ерлан Жүніс. Сондықтан ба­ла­ның оқы­ғаны ғана емес, не оқығаны да маңызды екенін ескер­геніміз жөн. Әлбетте, балалар әдебиетінің жайы өз алдына бөлек әңгіме. Ал Мемлекет басшысы айтқандай, оқырман ел зиялы ұлт болу үшін бесіктен бастау керек.