Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бүгінгідей жаппай өрлеу, өсіп-өркендеу, әлбетте, бір күнде орнай қалған жоқ. Елдің экономикасы мен өндірісі де, басқа барлық салалардай, қиын да күрделі қалыптасу, даму жолынан өтті. Шаруашылықтың, өнеркәсіптің жаңаруы, жаңғыруы, инвестициялар ағымы, инновациялық серпіліс, озық үлгілі жүздеген кәсіпорынның, соның арқасында мыңдаған жұмыс орындарының пайда болуы – бірнеше жыл бойы мақсатты, жүйелі жүргізілген мемлекеттік шаралардың, бапталған берік бағдарламалардың жемісі.
Еліміз экономикасын индустрияландырудың шарықтау шегі жаңа мыңжылдықтың оныншы жылдарына тұспа-тұс келді. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы бағдарламасы аясында үкімет, өнеркәсіптің ауыл шаруашылығы мен халыққа қызмет көрсету секторын қоса алғанда, экономиканың барлық негізгі салаларында белгілі бір мақсатты көрсеткіштерге жету үшін қажетті құралдардың бәрін тиімді қолдана білді. Ол жылдарғы барлық бағдарламаның басты мақсаты, сол кезеңде әлемде орын алған дағдарысты жағдайларға байланысты, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету болды. Дағдарыс кезеңінде нақ осы индустрияландыру бағдарламасы экономиканы одан әрі дамытудың сенімді тетігінің бірі бола алды.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру сынды мемлекетті дамытудың жалпы жүйелік бағыттарының басым бөлігін қамтыды. Бағдарламаға шикізаттық секторды, инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, экономика мен өндірістің барлық салалары енді. Сөйтіп, өңдеу өнеркәсібі басымдықтарының кең көлемі нақтыланды. Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру үдерісін жылдам іске асыру үшін қажетті бірқатар базалық негіздер жасалды. Бірнеше жаңа заң қабылданды, көптеген заңға түзетулер енгізілді.
Бұл кезеңде көптеген инфрақұрылымдық мәселелер оң шешімін тапты. Ел көлемінде 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары, 1700 шақырымға жуық теміржол салынды. Бірқатар трассалар қайта жаңғыртылды. 13 арнайы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ тұрақты жұмыс істей бастады.
Кәсіпкерлікті, бизнесті қалыпты дамыту үшін «Өнімділік», «Инвестор», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары қабылданды. Ондаған жаңа қолдау құралдары әзірленіп, іске қосылды. Жеңілдікті несиелер мен экспорттық гранттар беріле бастады. Бүгінде жеке кәсіпкерлерге 100-ге жуық қолдау құралдары қолжетімді.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында да (2015-2019) экономикалық түрлі сыртқы әсерлерге, соққыларға аса төзімді және қазақстандық экономика үшін «қауіпсіздік төсемі» болу әлеуеті бар сектор ретінде өңдеу өнеркәсібіне ерекше мән берілді. Бұл жылдары өңдеу өнеркәсібінің 14 басымдықты секторы айқындалды, қолдау шаралары тікелей соларға бағытталды. Бағдарламаны іске асыру еліміз экономикасы үшін бірқатар оң өзгеріс әкелді. Өңдеу өнеркәсібіндегі экспортталатын тауарлар номенклатурасы 21%-ға артты. Аккумуляторлар, темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған жазық илем, қоспасыз алюминийден жасалған сым тәрізді жаңа экспорттық тауарлар пайда болды.
Жалпы алғанда, 2010-2018 жылдары аралығында өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін жан-жақты жағдай жасалды. Көптеген кәсіпорынды жаңғырту, экономиканың жаңа бағыттары мен экспорттық және инновациялық әлеуеті жоғары жаңа тауарлардың пайда болуы нәтижесінде тиімді базалық индустрия құрылды. Индустрияландыру арқылы өңдеу өнеркәсібіне 7,5 трлн теңге қаржы тартылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі ұстанымы қашанда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайту болды. Әрдайым адам ресурсына басымдық беріліп отырды. Ел көлемінде кәсіпкерлік жаппай өріс алды.
Осы кезеңде инвестициялар көлемі 5 трлн теңгеге жуықтайтын Индустрияландыру картасының 500-ден аса жаңа индустриялық жобалары қолға алынды. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 80 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Жаңа, іргелі, әлеуетті кәсіпорындардың бірқатарын атап өтуге де болады. Мәселен, елімізде тұңғыш рет теміржол доңғалақтарын және олардың біліктерін шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мұның алдында вагондар, локомотивтер, рельстер шығару ісі жолға қойылған еді. Сөйтіп, бірыңғай теміржол машина жасау кластері құрылды.
Сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығы машиналары үшін әртүрлі қосалқы бөлшектер мен тетіктер шығарыла бастады. Павлодар облысында пестицидтер мен глифосаттан бастап, түрлі агрохимиялық өнімдер шығару қолға алынды. Кореялық инвесторлардың қатысуымен «Инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағында жоғарғы технологиялық құралдар мен аспаптар өндірісі құрылса, сол парк орналасқан Алматыда ет және мал майы өндірісі іске қосылды. Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген жаңа құрылыс материалдары өнімдерін шығару жүзеге аса бастады: металл жабындылар, ПВХ жасалған терезелер мен есіктер профильдері, энергия үнемдейтін шыныпакеттер, полимерлік-композитті материалдардан жасалған санитарлық-техникалық бұйымдар, шыныталшықты композитті профильдер, керамогранит өндірісі жаңартылды.
Тауарлар бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі ең мол экспорт көлемі мына салаларға – металлургияға, кокос өндірісіне, мұнай өңдеу өнімдеріне және химия өнеркәсібі өнімдеріне тиесілі. Одан соңғы орындарды азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ машина жасау өнімдерін алады. 2010-2019 жылдар аралығындағы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім экспортының көлемі 154 млрд долларды құрады. Елімізде бұрын шығарылмаған 500-ден аса жаңа өнім түрі игерілді. Оның ішінде қоғам тынысы, адам өмірі үшін аса маңызды жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер және автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратура, жарықдиодты шамдар, титан құймалар мен слябтар, дәрі-дәрмектер сынды өнімдер бар. Осы кезеңде еліміздің 8 өңірінде тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, мұнай өңдеу бойынша 19 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жалпы сомасы 736 млрд теңгеден аса қаржыға жаңартылды және кеңейтілді.
Барлық жаңа өндіріс өңірлерге оң әсер етті. Жұмыспен қамтудың сапасын күшейткен және еліміздің көптеген өңірінің экономикасының орнықтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. Өңдеу саласының 26 жаңа елеулі маңызды секторы құрылды. Экспортқа шығарылатын өнімдер номенклатурасы 777-ден 824 тауарға дейін өсті. Жаңа өндіріс дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, жаңа отандық тауарлар мен қызметтер, жұмысшыларға төленетін еңбекақы, сондай-ақ мемлекет қазынасына түсетін салықтар екендігі белгілі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Лаура Садықова атап өткендей: «Индустрияландыру – сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы секілді секторлармен қатар, экономикалық саясаттың құрамдас бір бөлігі және өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін ерекше маңызды бағдарлама. Ал өңдеу өнеркәсібі елімізде экономикалық даму барысында барған сайын үлкен рөлге ие болып келе жатыр. Оның аясында түрлі кәсіпорындар, шаруашылықтар, өндіріс орындарының қалыпты дамуы нәтижесінде елдің тұрмыс-тіршілігі үшін бірінші кезекте, аса қажетті сапалы тағам өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің, киім-бұйымдардың, үй жиһаздары мен құрылыс материалдарының және басқа да заттардың жаңа түр-түрі көптеп өндіріле бастады».
Өңдеу өнеркәсібі, индустрияландыру бағдарламасы іске асырыла бастағалы бері 7 трлн теңгеге жуық өнім өндірілген екен. Өңдеу саласының өсім қарқыны бойынша біз қазірде посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елдің алдындамыз.
ӨҚМ мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында жиынтық көрсеткіші 103,1%, ақшалай мәнде 14 трлн теңге болатын оң үрдіс қалыптасып отыр. Оның ішінде машина жасау саласы бойынша көлік құралдары және оған қажетті құрал-жабдықтарды шығару өндірісі артқан болса, қара металлургия, түсті металлургия салаларының: шойын, болат, көміртекті болат, ферроқорытпалар, құймалардағы алтын, катодты мыс, тазартылған мыс, алтын, күміс, қорғасын шығару көлемінің төмендеуі байқалады.
Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің өсуі есебінен өндіріс көлемі 19,8%-ға (+35,9%) ұлғайды. Мақта талшығы өндірісінің артуына байланысты тоқыма бұйымдарының өндірісі ең үлкен өсім беріп отыр.
Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі аммофос өндірісінің өсуі есебінен 3,1%-ға (+44,8%) ұлғайды.
Керамикалық отқа төзімді емес кірпіш, силикат және қож кірпіш, гипсокартон, құрылыс ерітінділері мен отқа төзімді бұйымдар сияқты құрылыс материалдарын өндіру көлемі де өсті.
Еліміз үшін ерекше маңызы бар бұл саланың қызметі Үкіметтің қашанда назарында. Ұлттық даму жоспарының 2025 жылға дейінгі алға қойылған міндеттерін орындау мақсатында осы жылы 28 наурызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама өңдеу өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарын көздейді, олар өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары және өңдеу өнеркәсібінің индустриялық жобаларын іске асыру арқылы іске асырылатын болады.
Тұжырымдамада нысаналы индикатор ретінде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 2021 жылғы деңгейге қарағанда 1,8 есе, 82,1 мың долларға дейін өсуі белгіленген. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 42 іс-шараны іске асыру көзделген. Сондай-ақ өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында олардың орындалу мүмкіндігіне орай 8 іс-шара алынып тасталды, есесіне «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының іс-шараларын қамту есебінен 20 жаңа іс-шара қосылды.
«Тұжырымдаманың негізгі қағидалары индустриялық-инновациялық және аумақтық дамуды біріктіруге, ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, сыртқы нарықтарға бағдарлануға, мемлекеттің, қоғамның және бизнестің стратегиялық мүдделерінің теңгеріміне, өнеркәсіпті ынталандыру шараларының тиімділігі мен мақсаттылығына бағытталған. Жаңа іс-шаралар шетелдік зауыттарда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының отандық инженерлік-техникалық персоналы үшін тағылымдаманы енгізуге, отандық өндірістің медициналық техника паркін жаңартуға, жоғары сапалы өнімдер өндіру үшін әртүрлі шикізатты қайта өңдеу технологияларын құруға, шағын және орта бизнесті дамыту үшін шағын өнеркәсіптік кәсіпорындарды салу және реконструкциялау жөніндегі жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, тұжырымдамаға енгізілген тәсілдер мен тетіктер өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», дейді Л.Садықова.
Қыркүйектегі Жолдауда өңдеу өнеркәсібі саласына айрықша көңіл бөлінді. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Біздіңше, өңдеу өнеркәсібіне қатысты әңгіменің бүтін сөзі – осы.