Инфографика • 04 Қазан, 2023

Өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы

324 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту шаралары қаралды. Сондай-ақ отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тәртібіне шықты.

Өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өндіріс дамуындағы оң динамика

Елімізде өңдеу өнеркәсібі өрісін кеңейтіп, өнім көлемін арт­тырып келеді. Өткен жылдың қоры­т­ындысына сәйкес еліміздің ішкі жалпы өнімінің 13,4%-ын осы сала құрапты. Сөйтіп, эко­но­микаға қосқан үлесі бойын­ша сауда және тау-кен өнеркә­сібі­нен кейінгі үшін­ші көр­сет­кішке қол жеткізді. Өн­діріс көлемі бойынша оң динамикасы байқалады. Былтырғы жылы өндірілген өнім көлемі 21,1 трлн теңгені құрап, бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осылай деді.

Сонымен қатар өңдеу өнер­кәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішін­де 14 трлн тең­гені құрап, өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыс­тырғанда 3,1%-ға өсіпті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2%), машиналар мен жабдықтарды (+22,5%), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3%) шығару есебінен машина жасау 28,1% деңгейінде тұ­рақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнер­кәсібінде тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9%) дамуы есебінен өсім 19,8%-ды құраған. Химия өнеркәсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8% ) жақсы көрсеткішінің есебінен 3,1%-ды құраған көрінеді.

Министр бұл салада 613 мың­нан ас­а тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ете­тін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Мемлекет басшы­сының Жол­дауында айтылған тапсыр­маны орындау шеңберінде өң­деу­ді терең­­дету және өңдеу өнер­кәсібі кәсіп­орындарын шикізат­пен қамтамасыз етуді, базалық инф­рақұрылымды қалып­тасты­руды, ірі және стратегиялық инвес­тициялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ нарықта жеңілдікті қаржы­лан­дырудың жеткілікті көлемімен қам­та­масыз ету жөнінде шаралар қабыл­данатын болады.

Отырыста «Бәйтерек» ұлт­тық бас­қарушы холдингі» АҚ бас­қарма төр­а­ға­сы­ның бірінші орынбасары Нұрболат Ай­дапкелов та өңдеу өнеркәсібін дамыту шаралары туралы баяндама жасады.

Премьер-министр биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70%-ға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18%-ға төмендегенін атап өтті. Өңір әкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров және Берік Әбдіғалиұлы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Ә.Смайылов Мемлекет басшысы Жол­дауында еліміздің мық­ты өнеркәсіптік негізін қалып­тастыруды ең басты міндет ретінде айқындағанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономикасында өңдеу өнеркәсібі ерекше орын алады.

«Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнер­кәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, метал­лургияда және басқа салаларда 170 жо­баны іске қосу жоспарланған. Бұл – шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Ол Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағытта жоғары де­ң­гейде өңделген өнім шығара­тын клас­терлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, ты­ңайт­қыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр.

Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісім­шарт­тар әлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады», деді ол.

Премьер-министр мәлім еткендей, бутадиен және полиэтилен өндіру жо­ба­лары іске асыру сатысында тұр. Соны­мен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндіріс­терін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым дат­чик­терін шығару бо­йынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді.

Оның айтуынша, қорғаныс-өнер­кәсіп кешені бойынша да жоға­ры лока­лиза­ция үлесі және заманауи техно­логия­лардың трансферті қамта­ма­сыз етіледі. Бұл ретте кәсіпорындарды қол­дау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорға­ныс-өнер­кәсіп кешенін дамыту қоры құ­ры­ла­ды. Сондай-ақ Мем­ле­кет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатыр.

«Оны іске асыру осы саладағы өн­дірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкін­дік береді», деді Үкімет басшысы.

Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамы­ту­дың жол картасын өзек­тен­діру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығын­дарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндіру­шілерді қолдау шаралары қарастырылады.

«Жалпы, өңдеу секторын дамыту бо­йынша барлық негізгі бағыт пен міндет белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыруды қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ кәсіпорындарда инно­вациялық технологияларды енгізудің жаңа тәсілдерін, ірі жобаларды инфра­құры­лымдық және ресурстық резервтермен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеу мен инвестиция тарту жұмыстарын өзектендіру қажеттігін нықтап айтты.

 

Мас жүргізушіге – қатаң шара

Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тәртібіне шықты. Онда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштерінің төмендегенін айтты. Жол-көлік оқиғалары – 13%-ға, зар­дап шеккендер саны – 16%-ға, қаза тап­қандар – 1%-ға азайғанын айтты. Де­генмен жалпы оң динамикаға қарамас­тан, Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл, Түркістан, Жетісу өңірлерінде апаттар деңгейі әлі де жоғары екен.

Сонымен қатар биыл 5,5 млн-нан аса жол қозғалысы ережесін бұзуға тос­қауыл қойылғаны, 15 мыңға жуық мас күйдегі жүргізуші ұсталғаны, 9 мың адамның көлік жүргізу құқығынан айы­рылғаны, тағы 15 мың адамның әкім­шілік қамауға алынғаны, сондай-ақ 215 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынғаны аталып өтті.

Баяндамашы ІІМ-нің емтихандарды қабылдау ережесі­не өзгерістер енгізгеніне де тоқталды. Енді емтихан тап­сыру үдерісі онлайн-трансляция ар­қылы бақыланады, «Автомектеп» ақпа­рат­тық жүйесінде білім алушы­ларды міндетті тіркеу нормасы енгізіл­ді. Нәтижесінде, тізімдерді түзету мүм­кіндігі алынып тасталады. Қазіргі уақыт­та түзетулердің екінші пакеті әзір­лен­ді. Дайындық курстарын аяқтау ту­ра­­­лы куәліктерді және медициналық анық­­­тамаларды электрондық нысанға көші­ру жоспарланған. Сонымен қатар жүргізу­шілердің өз бетінше да­йындалуын алып тастау мәселесі пысықталмақ

Бұдан бөлек, әкімдіктер­дің қолдауы­мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­та­масыз ету саласына цифрлық шешім­дер­дің белсенді түрде енгізіліп жатқаны айтылды. Қазір жолдарда жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера орнатылған. Олардың көмегімен барлық заң және жол ережесін бұзушылықтың 50%-ы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға дейін өсті. Мұндай жүйелерді өңірлерде енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар «Қорғау» бағдар­ламасы арқылы тұрақты түрде тәртіп бұза­тындарға шара қолданылады. Ол жал­ған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеу­де жүрген немесе жол ережесін бұ­зып, айыппұл төлеуден жалтарған көлік жүр­гізушілерін автоматты түрде анық­тауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ төтен­ше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев баяндама жасады.

Премьер-министр Алматы облысында жол үстіндегі өлім-жітім көрсеткіші ең жоғары, Түркістан облысында жол-көлік оқиғалары, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артқанын, ал Абай облысында жалпы апат деңгейінің 2 есеге жуық өскенін атап өтті. Осы мә­се­­лелер бойынша облыс әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Дархан Сатыбалды, Нұрлан Ұранхаев түсініктеме берді.

Үкімет басшысы биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шек­кендердің саны біршама төмен­дегенін назарға алды. Десе де жол үстінде күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады.

«Әр цифрдың артында қан­шама жанның өмірі мен ден­сау­лығы тұр. Өкі­нішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі өте төмен. Біз жол­дағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімші­лік жауап­кершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рөлге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мың­даған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұн­дай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, елді ме­кен­дердегі камералар санын көбейтіп, республикалық маңызы бар автожолдарда аппарат­тық-бағдарламалық кешендерді бел­сенді пайдалану керек. Ол жол қауіпсіздігіне қа­тысты жағдай халықтың орынды нара­зылығын тудырып отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері азаматтардан жол қозғалысына қатысты 62 мыңнан аса рес­ми шағым келіп түсті. Оның бәрі ал­дыңғы ТОП-10 шағымдар қатарында тұр.

Мәселен, жүргізуші куәлігін алу ем­ти­­хандарын тапсыру кезіндегі жем­қорлық әрекеттері де қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды. Автокөлік құрал­дарын техникалық тексеру сапасына қатысты сұрақ көп. Сон­дай-ақ жол-көлік апаттарына себепші негізгі мәсе­ленің бірі – тиісті деңгейдегі жол инфра­құрылымының болмауы.

«Әлі күнге дейін елді мекендерде жарығы, жаяу жүргіншілер өтетін жерлері мен бағдаршамдары жоқ жол учаскелері кездеседі. Осының бәрі қай­ғылы жағдайларға, оның ішінде балалар арасындағы өлім-жітімге әкеліп соғуда. Сондықтан жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу біздің басты міндетіміз», деді Ә.Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуді және жол апаттары жиі болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейтуді тапсырды.

«Сондай-ақ жүргізушілердің өз бетінше дайындалу мүмкіндігін алып тас­тау мәселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Цифр­лан­дыру ми­нистрлігімен бірлесіп, жүр­гізуші куә­лігін алу емтихандарының сапалы өткізілуін қамтамасыз ету керек», деді ол.

Отырысты қорытындылай келе жеке­меншік таксидің, әсі­ресе қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауды, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеуді, заң бұзушылықтарды тіркеу камераларының санын көбейту және трассалық медицина­лық-құтқару пунк­т­ерін дамыту, оның ішінде мобильді жылжымалы бригадалар құру жөнінде іс-шаралар қабылдауды тапсырды.