Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өндіріс дамуындағы оң динамика
Елімізде өңдеу өнеркәсібі өрісін кеңейтіп, өнім көлемін арттырып келеді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес еліміздің ішкі жалпы өнімінің 13,4%-ын осы сала құрапты. Сөйтіп, экономикаға қосқан үлесі бойынша сауда және тау-кен өнеркәсібінен кейінгі үшінші көрсеткішке қол жеткізді. Өндіріс көлемі бойынша оң динамикасы байқалады. Былтырғы жылы өндірілген өнім көлемі 21,1 трлн теңгені құрап, бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осылай деді.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға өсіпті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2%), машиналар мен жабдықтарды (+22,5%), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3%) шығару есебінен машина жасау 28,1% деңгейінде тұрақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнеркәсібінде тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9%) дамуы есебінен өсім 19,8%-ды құраған. Химия өнеркәсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8% ) жақсы көрсеткішінің есебінен 3,1%-ды құраған көрінеді.
Министр бұл салада 613 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманы орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді, базалық инфрақұрылымды қалыптастыруды, ірі және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ нарықта жеңілдікті қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Отырыста «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов та өңдеу өнеркәсібін дамыту шаралары туралы баяндама жасады.
Премьер-министр биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70%-ға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18%-ға төмендегенін атап өтті. Өңір әкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров және Берік Әбдіғалиұлы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Баяндамашыларды тыңдаған Ә.Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды ең басты міндет ретінде айқындағанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономикасында өңдеу өнеркәсібі ерекше орын алады.
«Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл – шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.
Ол Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағытта жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр.
Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісімшарттар әлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады», деді ол.
Премьер-министр мәлім еткендей, бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді.
Оның айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатыр.
«Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.
Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары қарастырылады.
«Жалпы, өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыт пен міндет белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыруды қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ кәсіпорындарда инновациялық технологияларды енгізудің жаңа тәсілдерін, ірі жобаларды инфрақұрылымдық және ресурстық резервтермен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеу мен инвестиция тарту жұмыстарын өзектендіру қажеттігін нықтап айтты.
Мас жүргізушіге – қатаң шара
Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тәртібіне шықты. Онда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштерінің төмендегенін айтты. Жол-көлік оқиғалары – 13%-ға, зардап шеккендер саны – 16%-ға, қаза тапқандар – 1%-ға азайғанын айтты. Дегенмен жалпы оң динамикаға қарамастан, Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл, Түркістан, Жетісу өңірлерінде апаттар деңгейі әлі де жоғары екен.
Сонымен қатар биыл 5,5 млн-нан аса жол қозғалысы ережесін бұзуға тосқауыл қойылғаны, 15 мыңға жуық мас күйдегі жүргізуші ұсталғаны, 9 мың адамның көлік жүргізу құқығынан айырылғаны, тағы 15 мың адамның әкімшілік қамауға алынғаны, сондай-ақ 215 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынғаны аталып өтті.
Баяндамашы ІІМ-нің емтихандарды қабылдау ережесіне өзгерістер енгізгеніне де тоқталды. Енді емтихан тапсыру үдерісі онлайн-трансляция арқылы бақыланады, «Автомектеп» ақпараттық жүйесінде білім алушыларды міндетті тіркеу нормасы енгізілді. Нәтижесінде, тізімдерді түзету мүмкіндігі алынып тасталады. Қазіргі уақытта түзетулердің екінші пакеті әзірленді. Дайындық курстарын аяқтау туралы куәліктерді және медициналық анықтамаларды электрондық нысанға көшіру жоспарланған. Сонымен қатар жүргізушілердің өз бетінше дайындалуын алып тастау мәселесі пысықталмақ
Бұдан бөлек, әкімдіктердің қолдауымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдердің белсенді түрде енгізіліп жатқаны айтылды. Қазір жолдарда жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера орнатылған. Олардың көмегімен барлық заң және жол ережесін бұзушылықтың 50%-ы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға дейін өсті. Мұндай жүйелерді өңірлерде енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар «Қорғау» бағдарламасы арқылы тұрақты түрде тәртіп бұзатындарға шара қолданылады. Ол жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол ережесін бұзып, айыппұл төлеуден жалтарған көлік жүргізушілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев баяндама жасады.
Премьер-министр Алматы облысында жол үстіндегі өлім-жітім көрсеткіші ең жоғары, Түркістан облысында жол-көлік оқиғалары, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артқанын, ал Абай облысында жалпы апат деңгейінің 2 есеге жуық өскенін атап өтті. Осы мәселелер бойынша облыс әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Дархан Сатыбалды, Нұрлан Ұранхаев түсініктеме берді.
Үкімет басшысы биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендегенін назарға алды. Десе де жол үстінде күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады.
«Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі өте төмен. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рөлге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, елді мекендердегі камералар санын көбейтіп, республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалану керек. Ол жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай халықтың орынды наразылығын тудырып отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері азаматтардан жол қозғалысына қатысты 62 мыңнан аса ресми шағым келіп түсті. Оның бәрі алдыңғы ТОП-10 шағымдар қатарында тұр.
Мәселен, жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру кезіндегі жемқорлық әрекеттері де қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды. Автокөлік құралдарын техникалық тексеру сапасына қатысты сұрақ көп. Сондай-ақ жол-көлік апаттарына себепші негізгі мәселенің бірі – тиісті деңгейдегі жол инфрақұрылымының болмауы.
«Әлі күнге дейін елді мекендерде жарығы, жаяу жүргіншілер өтетін жерлері мен бағдаршамдары жоқ жол учаскелері кездеседі. Осының бәрі қайғылы жағдайларға, оның ішінде балалар арасындағы өлім-жітімге әкеліп соғуда. Сондықтан жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу біздің басты міндетіміз», деді Ә.Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуді және жол апаттары жиі болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейтуді тапсырды.
«Сондай-ақ жүргізушілердің өз бетінше дайындалу мүмкіндігін алып тастау мәселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу емтихандарының сапалы өткізілуін қамтамасыз ету керек», деді ол.
Отырысты қорытындылай келе жекеменшік таксидің, әсіресе қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауды, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеуді, заң бұзушылықтарды тіркеу камераларының санын көбейту және трассалық медициналық-құтқару пунктерін дамыту, оның ішінде мобильді жылжымалы бригадалар құру жөнінде іс-шаралар қабылдауды тапсырды.