Соңғы жылдары халқымызбен сан ғасырдан бері бірге жасасып келе жатқан жеті қазынаның бірі – ұшқыр тазыға жанашырлық жасала бастады. Кешегі кеңес заманында тұқымы тұздай құрып кете жаздаған тазының тағдырдың тәлкегінен аман қалғанын үкідей үлпілдетіп, ат басындай алтынға балап, санын көбейтуге бет бұрылған. Санын ғана емес, сапасын да. Ілкі заманда қара жерде үш-төрт қоян қаққан тазы орташа ғана жүйрік деп бағаланса керек. Аңға шыққанда бес-алты қоянды қыр асырмағаны шын жүйрік деп танылған.
Сапасын анықтау да осындай сынақтан тұрса керек. Бұландыда өткен жарысқа Астана, Қарағанды төңірегінен жүзге жуық тазының жиналуы елдің ықыласын, өткеннің қайта жаңғыруын, жоғалғанның табылғандығын аңғартады. Іріктеуден кейін 23 тазы жеке топталды. Желмен жарысқан тазылардың жақтан ұшқан жалғыз жебедей зулаған ұшқырлығын көрудің өзі бір қызық. Қаның қызып, делебең қозады. Бұл күні жиналған жұрттың аузында Кербез атты тазы жүрді. Итім-ақ екен. Бірінші орын алған Кербездің иесі жаңарқалық Айзат Тоқабаев, өңшең жүйрікті шаң қаптырды. Құдды жұлдыздай ағады. Екінші орынға Арлан атты тазы ие болды. Иесі қарағандылық Жұмажан Жансерік. Үшінші орынға астаналық Бақболат Ершіннің Тұйғыны жайғасты. Сөз арасында Арланның көпшіліктің көзайымына айналған Кербездің күшігі екендігін айта кетсек артықтығы болмас.
Жарыс барысында жалғыз тазының ғана емес, оны баптаған жігіттердің ұлттық киім үлгісі де сарапқа салынды. Бұл орайда жаңарқалық жігіттердің мерейі үстем болды. Арнайы сыйлық Елдос Кәрімқожаға бұйырды. Айтпақшы, жарысты Бұландының Жайнарбек Заңдыбай бастаған ұлт қазынасын ұлықтаған жігіттер ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы