Кітапхана • 04 Қазан, 2023

Конгресс кітапханасы

378 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлқиса, күллі әлемнің тағдыры шешілетін осы алпауыт ша­һар­ға келгелі айналамызға таңыр­қаумен жүрміз. Тып-тыныш қала, әрі-бері ты­ным­сыз ағылған көліктер, ағы бар, қарасы бар сан түрлі тұр­ғындар бәрі-бәрі біз үшін өз­геше. Әсіресе адамдардың жү­зін­дегі жылылық бірден сезі­леді. Біз мұнда «Болашақ» бағ­дар­ламасы аясында әлемге әйгілі Джордж Вашингтон уни­вер­ситетіне білім алуға келдік. Сонау 1821 жылы іргетасы қа­ланған бұл оқу ордасы бүгінде айдай әлемге аты танылып үлгер­ген алып университет. Бір ап­талық сабақтан кейін от­басы­мызбен қаланы аралауға шық­тық. Әрине, ең алдымен атақты Конгресс кітапханасын бетке алдық.

Конгресс кітапханасы

Америкалықтар таңғы асты үйден емес, сырттан ішеді. Олар үшін таңғы нәсіп Старбакстегі қара қою кофе мен алдын ала дайындалған тіске басарлар ғана. Жол бойы бәрі біртүрлі сүйініп, кейде тіксініп қарайды. Үш баласымен шұбырып жүрген қайдан келгендер десе керек-ті. Бала демек­ші, мұнда келгелі біз бала көрмедік. Керісінше, бала орнына ит жетектеген қала тұрғындарын жиі кездестірдік. Көшеде үш баламен кетіп бара жат­қан бізге жергілікті тұрғындардың таңыр­қағандары да содан болса керек.

Қош. Вашингтон метросы әп-сәтте Конгресс кітапханасының іргесіне әкеліп тастады. Айналасын алуан түрлі әсем ағаштар көмкерген ғажайып ғимарат алдымызда тұр. Жай тұрған жоқ, менде сан мың жылдық тарихтың таңбалары мен сан жүз халықтың жазбалары сақтаулы деп паң қалыпта менмеңсиді. Рас-ау. Уақыт көшінен адасып қалған қаншама халық өз тарихы туралы небір құнды жәдігерлер мен маңызды деректерді осы арадан тапты емес пе? «Балаларым білімді болып өссін» деген ізгі ниетпен ең алдымен осы бір жүрегі бар жалғыз үйге әдейі әкеліп отырғаным да содан. Тағат таппа­ған төрт жастағы үлкен ұлым: «бұл қан­дай жер?» деп сұрай бастады. «Бұл әлемдегі ең үлкен кітапхана, қазір кіріп көреміз». Бісміллә. Бірінші баспалдақ...екінші...үшіншісі. Бізден бұрын келгендерден сұрастырсақ, мұнда кіру үшін алдымен сайтта тіркеліп, сосын келу керек екен. Неде болса кіруге амал жасайық деп туристерді тексеріп тұрған еңгезердей қара түсті әйелге барып, жағдайымызды айттық. Шиеттей үш балалы жас ата-ананы көрген соң, аяды ма, әлде мейірімі түсті ме әйтеуір еш кедергісіз бізді кітапхананың ішіне кіргізді.

Ал таңырқайық. Көз алдымызда кітаптар үйі емес, бір ғажап тас шаһар тұр. Бұл тас қала кітаптарды құшақтап қана үнсіз тұрған жоқ. Сан ғасырдың, алуан түрлі заманның куәгері екенін әр келушіге күбірлеп айтып жатқан­дай. Аталған кітапхана 1800 жылы құрылған, сол үшін де Америка­дағы ең көне федералды мәдени мекемеге айналды. 1814 жылы тамызда АҚШ армиясын Бладенсбургте талқандағаннан кейін британдық­тар Вашингтонды қан төкпей-ақ басып алды. Америка әскерінің Порт-Доверді қиратуына жауап ретінде британдықтар қаладағы көптеген қо­ғамдық ғимаратты талқандауға бұй­рық берді. Әне сол сәтте британ­дық әс­керлер Конгресс кітапханасын, оның ішіндегі 3000 томдық жинағын өр­теп жіберді. Бұл өрттен тек бірнеше томдық жинақ қана аман қалды. Ол – Конгрестің 1810 жылғы кірістер мен шығыстардың үкіметтік есеп кітабы еді. Оны британдық теңіз офицері сэр Джордж Кокберн кәдесый ретінде қабылдады, оның отбасы аталған жә­дігерді 1940 жылы Америка Құрама Штаттары үкіметіне қайтарып бер­ді. 1815 жылы 30 қаңтарда Конгресс Томас Джефферсонның 6 487 кітап­тан тұратын жеке кітапханасын 23 950 долларға сатып алуды мақұл­дап, кітапхананы қайта жасақтауға кірі­седі. Бірақ 1851 жылы Капитолий па­латаларында тағы бір өрт болып, кол­лекцияның үлкен көлемі, соның ішінде Джефферсонның көптеген кіта­бы күлге айналды. Содан бері талай заманды артқа қалдыр­ған Конгресс кітапханасы жоқтан-барға айна­­лып, қазір әлемдегі ең үлкен әрі кітап қоры мол мекемеге айналып, жыл сайын сан миллиондаған саяхатшыны қарсы алып отыр. АҚШ-тың үшін­ші Президенті Томас Джеффер­сон Кон­гресс кітапханасының құрылы­мын құруда маңызды рөл атқарды. 1802 жылы 26 қаңтарда ол президент­ке Конгресс кітапханашысын таға­йын­дауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды және оны реттеу, қадағалау үшін кітапхана бойынша Біріккен комитет құрды.

Бір қызығы, кітапханадағы сақ­талған кітаптар мен сериялық жинақ­тардың жартысына жуығы ағылшын тілінен басқа тілдерде екен. Сонымен бірге мұнда әлемнің 470-ке жуық тіліндегі материалдар, сирек кездесе­тін кітаптар мен қолжазбалар бар. Сирек кездесетін материал демекші, мұн­да Солтүстік Америкадағы ең ірі сирек кітаптар коллекциясы, соның ішінде Батыс жарты шардағы XV ға­сыр­дағы ең үлкен кітаптар жинағы сақ­талғанын біреу білсе, біреу біл­мес. Жинаққа қазіргі Америка Құрама Штат­тарында басылған ең алғашқы кітап «The Bay Psalm Book» (1640) те кіреді. Ал балаларға арналған кітаптар бөлі­мінде «Балалардың жаңа ойыны» (Фила­дельфия, 1763) және «Балаларға арналған Киелі кітап» (Филадельфия, 1763) сияқты өте сирек кездесетін 100-ге жуық көне жәдігер тұр. Конгресс кітапханасындағы ең кішкентай кітап – «Ұлы патша Коул» жайындағы туынды. Ол «1/25 x 1/25» пішінінде ғана. Ал ең үлкен кітап – Бутанның түрлі-түсті суреттері енген 5-7 футтық жинақ. Оны Майкрософттың қолдауымен Мас­сачусетс технологиялық институ­тының студенттер тобы осы Оңтүстік Азия еліндегі ескі өмір салты мен мәде­ниеттер туралы деректерді жинақтаған. Суретті кітаптың көшірмесі Конгресс кітапханасына сыйға берілген.

АҚШ-тың қырқыншы президенті Рональд Рейган 1987 жылы Конгрес­тің 13-кітапханашысы ретінде тарихшы Джеймс Х. Биллингтонды ұсын­ды, ал АҚШ Сенаты тағайындауды бірауыздан растады. Биллингтонның жетекшілігімен кітапхана 1987 жылғы 85,5 миллионнан 2014 жылы 160 миллионнан аса жинақтағы аналог­тік коллекциялардың көлемін екі есеге арт­тырды. Әне содан бері аталған мекеме жыл сайын қорын кеңейтіп, әртүрлі ауқымды жобалар жасап, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір рөлін атқарып келеді. Иә, ғалымдар Конгресс кітапханасын әлемдегі ең үлкен кітапхана деп айтып жүр. Бірақ біздің санамызда Отырар кітапханасы ең үлкен кітапхана деген түсінік қалыптасқаны шындық. Тарихи деректерге жүгінсек, бұл кітапхананың негізін қалаушы ретінде атақты ғалым, философ Әл-Фараби бабамыз және XII ғасырдың аяғындағы кітап жанашыры, рухани тұлға Сунақ руынан шыққан Хисамуддин болған деседі. Мейлі кім болсын, Отырар кітапханасы сол кезде ауқымы жағынан тек Александрия кітапханасынан ғана кіші болғаны шындық. Егер солай болмаса 1255 жылы армян саяхатшысы: «Отырар Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында. Отырар дүние­жүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқаруда», деп тамсана жазбас еді. Әрине, үлкен қалада үлкен кітапхананың болуы заңдылық. Ал Отырар кітапханасының тағдыры Шыңғысхан Отырарды қиратқаннан кейін мүлде белгісіз күйде қала бергені де белгілі.

Бұрын тек суреттен көретін алып ғимаратты енді өз көзімізбен кө­ріп тұрмыз. Адамның арманына шек бо­лар ма? Осыған дейін елде жүр­ген­де осы кітапхананы көзбен көр­сем деп аңсарлы болып едім, енді осын­да отырып, қазаққа қатысты дерек­терді тапсам, сол материалдар­ды өз қолыммен ұстап, елдегі оқыр­ман­ға таныстырсам деген ескі арман тағы да қылаң берді. Ертегідей кітапха­наның ішінде суретке түстік, жоға­ры­дан төменге көзіміз талғанша қара­дық. Ғылымның қызығына батқан ғалымдар, оқымыстылар ала қағазға телміріп, зерттеу жасап отыр. Осы бір көрініске қарайсың да, сүйінесің.

Біз Конгресс кітапханасынан шық­қанда, күн батып қалыпты. Төр­тінші сыныпта оқитын қызым ілім-білім ордасына қайырыла: «Әлі бір­неше рет келеміз ғой, ә» деп қимай қара­ды. Иә, мұнда әлі талай келерміз. Жолдың арғы бетінде АҚШ Капитолий ғимараты менмұндалайды. Ол да ескі күннің тарихын айтқысы келетінін аңғартқандай. Конгресс кітапханасына екінші рет бірге оқитын топпен келдік. Мақсатымыз – оқырман билетін алу. Кіреберісте осы кітапханада табаны күректей жиырма бес жыл істеген қарт кітапханашы Жоан Уэкс ханым қар­сы алды. Бәрін түсіндіріп, қолымыз­ға бір­ден кітапхананың оқырман биле­тін беріп, алып ғимараттың ішін та­ныс­тырды. Сөз арасында оған бұдан бұрын осы кітапхананың сайтынан қазаққа қатысты бірнеше кітап пен суреттер тауып, оны «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялағанымды айтып едім, қатты қуанып, өзінің Қазақ­стан­ға сапары туралы жазған мақаласын ­көр­сетті. Томас Аткинсонды сұрап едім, білетінін айтып, жылы лебізін жеткізді.

Абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп бекер айтпаға­ны­на тағы бір мәрте көзіміз жетті. Міне, қолымызда дүние жүзіндегі ең алып, тарихи кітапхананың оқырман билеті тұр. Жай тұрған жоқ, «осы сәтіңді, осы күніңді қадірле, үміт арт­қан еліңнің үдесінен шық» деп үлкен міндет пен жауапкершілікті сезіндіріп тұрғанын білдік. Шынын айтқанда, бұл да бір – бақ, бұл да бір – мерей. Ендігісі ертеңгі күннің, ізденістің еншісінде.