Маман • 04 Қазан, 2023

«Маманы» жоқ өндіріс өркен жая ма?

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстанда жасалған». Осы бір патентпен Қарағанды облысында өз өнімін нарыққа шығарып, тіпті шетелге де жөнел­тіп жатқан бірнеше кәсіпорын бар. Ел Президенті биылғы Жолдауында «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндіріс­тің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет», деді. Яғни отандық өндірістің өркендеуіне қолдау күшейді. Дегенмен бұл салаға кедергі болып отырған мәселелер де бар...

«Маманы» жоқ өндіріс өркен жая ма?

Кең өріске маман тапшылығы айтарлықтай кедергі келтіреді. Онымен қоса зауыт, кәсіпорын басшыларының басты мәселесі – тендердің уақытында өтпеуі.

Қазіргі уақытта жұмыссыз­дықпен күрес мемлекеттік дең­гейде қарқынды жүріп жатыр десек те, кәсіпорындардың кө­бі жұмысшыларға жарымай отыр­ған жайы бар. Бірнеше тү­зілген бағдарламаның өнді­ріс саласындағы маман тапшы­лығын шеше алмай келе жатқа­нына қынжылады. Ал мыңдап жұмыс іздегендер мекемелердің табал­дырығын тоздырып жүр.

«КазПласт» кәсіпорны жұ­мыстарын бастағаннан бері осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Мұндағы өндіріс мекемесінің ең төменгі жалақысы – 250 мың теңге.

– Жұмыстың жеңілі болмайды. Бізде өндіріс автоматтанды­рылған. Ең төменгі жалақы 250 мың теңгеден басталады. Солай болса да, маман тапшылығы сезіледі. Оқып диплом алған жас­тар өндіріске неге келгісі кел­мейтіні түсініксіз. Жеңіл ақша табуға құмар болып кеткен бе? Құзырлы органдармен бір­лесіп, осы мәселені шешуді де ойластырсақ екен, – дейді «Каз­Пласт» ЖШС директоры Алек­сандр Иванов.

Мұндай кадр тапшылығы «Энергосистемы ЭЛТО» мекеме­сінде де бар. Серіктестік басшысы Александр Ларионов «Еңбек» сайтына бос орын ұсынсақ та, маман жетіспеушілігі жолға қойылмай келе жатқанын айтады.

– Біздің зауытта 120 адам жұ­мыс істейді. Дегенмен басқа кә­сі­п­­орындардағыдай бізде де кадр жетіспеушілігі бар. Әр­дайым мемлекеттік «Еңбек» сай­ты­на бос орындарды ұсынып келеміз. Иә, жұмыс істеймін деп келушілер көп, орнығып қалушы жоқ десек те болады. Мысалы, соңғы екі-үш жылда еңбекке аралассам деген ниетпен 100-ге тарта адам келді. Солардың екеуі ғана бізде қалды, – дейді А.Ларионов.

Мысалы, «Қарағандыавт­­от­ранссигнал» ЖШС-да жүр­гі­зуші, электрожөндеуші, дәне­керлеуші секілді жұмыс түрле­ріне бос орын бар.

«Maker-KLMZ» ЖШС-на да фрезерлік оператор, компьютермен басқарылатын машина операторы, металл конструкцияларды құрастыру жөніндегі слесарь, электр және газбен дәнекерлеуші, автоматты және жартылай автоматты қондырғыларға электр дәнекерлеушілер қажет.

Отандық өнім шығарып, тәп-тәуір са­лық төлеп отырған кә­сіп­­орын басшыларының бұл мә­селесіне бас ауыртып, қол­дау көрсету керек-ақ. Жақсы бі­­­ле­сіздер, Қарағандыдағы ком­­­­­­паниялардың дені тендер­ге тәуелді. Тендер кеш ойна­тылғандықтан, қаражаттың жы­рым-жырым болып берілетіні де көп кәсіпорынның жұмыс кү­шін тежейді.

– Біздің өнім бүкіл Қазақ­­станға тарайды. Дегенмен тен­дер­дің жұмысқа келтіретін зиянын да айтуымыз керек. Мысалы, оңтүстік облыстарда құрылыс жыл он екі ай салынады, ал солтүстіктің жұмыс маусымы – жаз бен күз айлары. Тендер тұзағы осы уақытта білінеді. Неге екені белгісіз, мемлекеттік сатып алу конкурстары тек көктем шыққанда ойнатылады да, қаражат жаз уақытының ортасында бөлінеді, жырым-жырым қылып, бөліп береді оны. Тендер ұтып алған компания өзіне керек затқа тапсырыс беріп, оған қол жеткізгенше тағы айлар өтеді. Қыс та келеді осы уақытта, басталған жұмыс келесі жылға қалады. Сонымен қатар тендер ақшасы жазда берілгеннен кейін өнім өндіретін кәсіпорынға кесірі тиіп жатады. Яғни мердігер компаниялар мен делдалдар белгілі бір өнімге бір уақытта тапсырыс беріп, жұмысты тежеп тастайды, – дейді «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС бас директоры Александр Ларионов.

Осылайша, кәсіпорын басшылары мемлекеттік тендер неге жыл аяғында ойнатылмайтынын білмей дал.

 

Қарағанды облысы