Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
- Мұғалім қандай болуы керек?
Шәріп ТҰРАП:
– Әрине, мұғалім болу оңай емес. Ұстаз ең әуелі адамгершіліктің ақ жолын ұстанып, білікті де білімді болуы керек. Табан астында ойға ой қосатын, шығармашылықпен айналысатын ізденімпаз болса тіпті жақсы. Бұл қасиеттердің бәрі бір адамның бойынан табыла бермеуі мүмкін, әлбетте. Дегенмен осының бәрі бір адамның бойына жинақталса, құба-құп.
Арайлым БЕКБОСЫНОВА:
– Мұғалім мейірімді болуы керек. Ең бірінші алдыңда отырған балаға білім, тәрбие, бағыт-бағдар бермес бұрын мұғалімнің жүрегінен мейірімділік төгіліп тұруы керек деп ойлаймын. Себебі мейірім, махаббат бар жерде көп дүниені баланың санасына, жүрегіне сіңіру қиындық тудырмайды.
Айдана ШАЛҚАРҚЫЗЫ:
– Ұстаздық – үлкен жауапкершілік. Алғаш мұғалім болып мектепке келген кезде өзімді әлі де болса оқушы сезінгенім есімде. Жауапкершілікті жан-жүрегімен сезініп келген адамға күн сайын оқып, ізденуге тура келеді. Алдыңда жиырма бала отырса, бәрінің жай-күйін түсіне білуің керек. Білім күнде жаңарып жатады. Сол білімге ілесіп отыру қажет. Қазір өзіңмен жұмыс істеу өте маңызды.
- Мектептің міндеті – біліммен бірге тәрбие беру. Кейде баланың тәрбиесіне мектеп емес, ата-ана жауапты деген де пікір айтылады. Баланың қалыптасуы мен тәрбиесінде мұғалімнің рөлі қандай?
Шәріп ТҰРАП:
– Мен мұны үш түрге бөлемін. Біріншіден, мұғалім тек білім беру ғана емес, қоғамда болып жатқан келеңсіз іс-әрекеттерге пікірін айтып, содан шыққан түйінді оқушыларға және өз ұжымына айтып, бөлісіп отыруы керек деп ойлаймын. Екіншіден, өз ісіңе ізденіспен қарап, жаңаша, тың ойлармен бөлісіп, өз пәніне байланысты заманауи әдістерді біліп, үйреніп, соларды оқушыларға үйретіп отыру маңызды. Үшіншіден, ұстаздар көбіне өз балаларына мән бере алмай қалады. Ұстаз отбасында ақылшы, қамқоршы, үлгі тұтар қарапайым ата-ана болуы керек. Өз балаларының келешегіне мән беру маңызды.
Арайлым БЕКБОСЫНОВА:
– Тәрбие беру – мектептің басты міндеті. Өйткені Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Рухани құндылық, адамгершілік, мейірімділік, парасаттылықтың барлығы алдымен берілген кезде оқушы алған білімін дұрыс бағытқа қолдана алатындай деңгейге жетеді. Одан кейін баланың тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім, сынып жетекші ғана жауапты емес. Баланың тәрбиесіне бүкіл қоғам, мемлекет жауапты.
Айдана ШАЛҚАРҚЫЗЫ:
– Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігімен қатар, мұғалімде де баланы өзгерте аламын деген сенімі болуы керек. Өйткені бала тәрбиесінде мұғалімнің рөлі зор. Қазіргі таңда балаларға көбінесе көңіл бөлу жетпейді. Бала назарды мектептен іздеп келеді.
Екінші сыныпқа сабақ өткізіп жатқанмын. Бір кезде екі оқушы төбелесе кетті. Мұғалім бар екен деп қысылған да жоқ. Кейін екеуімен жеке-жеке сөйлестім. Сөйтсем, біреуі сабақ оқығысы келмегендіктен төбелес шығарған. Ал екіншісі сыныптастарынан шеттетіліп қала береді екен. Сондықтан өзіне басқалардың назары түскенін қалаған. Жеке сөйлескеннен кейін әлгі бала мені көрсе, «апай» деп жүгіріп келетін болды. Демек, онымен сөйлескенім, көңіл бөлгенім жақсы әсер еткен.
- Әр мұғалімнің өз қолтаңбасы бар. Сіздің оқушылармен жұмыс істеу тәсіліңіз қандай? Не нәрсеге мән бересіз? Нені назарда ұстайсыз?
Шәріп ТҰРАП:
– Кез келген адам – қоғамның мызғымас бір бөлігі. Мұғалім де солардың бірі. Сондықтан ұстаз болғаннан кейін білімге, мәдениетке ерекше мән беру керек. Әр уақытта ата-бабаларымыздан келе жатқан озық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, дінімізді қорғап, дамытып отыру керек. Соларды назардан тыс қалдырмау маңызды.
Арайлым БЕКБОСЫНОВА:
– Әр мұғалімнің жылдар бойы қалыптасқан әдістемесі, тәжірибесі болады. Ал енді оқушылармен жұмыс істеуге келген кезде менің мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, басты назарда ұстайтыным – балалардың тіл тазалығы. Сауаттылыққа мән беремін. Бала не жазса да, өз ойынан таза жазуды талап етемін. Екі ауыз сөз сөйлесе де, қазақша сөйлеуін сұраймын. Сонымен қатар кітап оқуға көп назар аударамын әрі шығармашылықпен айналысуды да талап етіп отырамын. Өйткені бос уақытта киноға апару, спектакль көрсету де тәрбиенің бір тетігі.
Айдана ШАЛҚАРҚЫЗЫ:
– Әр сыныпқа әртүрлі тәсіл қолданамын. Мысалы, кішкентай балаларды мүмкіндігінше ашып, сөйлетуге, бірге жұмыс істеуге, топтық жұмыстар жасап, еркін ойландыруға тырысамын. Мүмкіндігінше балалардың шығармашылығына көбірек көңіл бөлемін. Бастауыш сынып оқушылары 10 минуттан артық бірнәрсені істей алмайды, жалығып кетеді. Сондықтан әр 10 минут сайын әртүрлі тапсырмалар беремін. Оларды жалықтырып алмау маңызды. Содан кейін сыныптағы барлық баланың қамтылуын, бәрінің сөйлеуін, сабаққа қатысуын да назарда ұстаймын.