Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, көрме кейіпкерлері, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, қала тұрғындар қатысты. С.Шәріпханов өзінің құттықтау сөзінде өткізіліп жатқан фотокөрменің маңыздылығын атап өтіп: «Бұл жобаны қолға алудағы мақсат – ТЖМ қызметкерлері күнделікті орындайтын қиын жұмысын дәріптеу. Біздің қызметкерлердің әрқайсы үшін оның батырлығына, ерлігіне және ерен еңбегіне берілген баға маңызды», деп имидждік жобаны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Көрме «Rizamyz» әлеуметтік жобасы аясында жыл сайын атап өтілетін кәсіби мереке 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
«Құтқарушылар басқа адамдардың өмірін аман сақтап қалу үшін бастарын қауіпке тігеді, сондықтан олар ерекше алғыс пен құрметке лайық. Күн сайын біз олардың отпен, зілзаламен, сумен арпалысып, ерлік жасағандары туралы естиміз, бірақ олардың есімдері мен жүздері әрқашан экраннан тыс қалады. Сондықтан «Rizamyz» әлеуметтік жобасын аясындағы кезекті көрмемізді осы мамандыққа, олардың кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күніне орай ұйымдастыруды жөн көрдік», дейді «BI Group» холдингінің басқарма төрағасы Асхат Омаров.
Жалпы көрмеге келушілерге QR коды бар 112 портрет ұсынылады. Олар – дүлей зілзала, апаттар және басқа төтенше жағдайлар кезінде адамдарға тәулік бойы көмекке келген құтқарушылар. QR кодты сканерлеу арқылы фотодағы құтқарушылар туралы, олардың жасаған ерліктері жайлы мәліметпен танысуға болады. Бұл портреттер – күн сайын өздерінің күрделі, бірақ осындай маңызды қызметін атқаратын азаматтық қорғау органдарының барлық 29 мың қызметкерінің ұжымдық бейнесі.
Көрменің ортасында QR коды бар қара тақтайша орналастырылған. Осы код арқылы rizamyz.com сайтына өтіп, өз өмірін азаматтық қорғау органдарында арнап, өз міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан 11 құтқарушының өмір тарихымен танысуға болады. Мұндағы дерек бойынша елімізде тәуелсіздік жылдарында 413 мыңнан астам адам құтқарылған.
Көрменің салтанатты ашылу барысында LED-экранда құтқарушылардың күнделікті қызметі туралы имидждік бейнеролик көрсетілді. Көрме 20 қазанға дейін жалғасады.