aqorda_resmi
«Шын мәнінде, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балаларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды.
Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет», деді Мемлекет басшысы педагогтер съезінде.
Қ.Тоқаев жиында ауыл мектептерінің интернетпен толыққанды қамтылуын тікелей өзі қадағалап, алты айдан кейін Цифрлық даму министрлігінен және облыс әкімдерінен жүктелген тапсырманың орындалуын талап ететінін де ескертті.
«Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек. Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу процесінде цифрлық шешімдерді қолдану қалыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйесін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн форматтарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдысын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қашықтан оқыту үдерісі дамыған елдерде сәтті жүзеге асып келе жатқанын айтып, онлайн оқыту жүйесін дамытудың құқықтық негізін қалауды тапсырды.