Спорт • 05 Қазан, 2023

Қоңқабаев - Жалолов: Азия алыптарының айқасы әлем назарында

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жек өтеді. Дүйім жұрт күткен айқас алыптар арасында өтеді.

Қоңқабаев - Жалолов: Азия алыптарының айқасы әлем назарында

Фото: sports.kz

Қазақ елінің  мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаев Өзбекстан боксының қара нары саналатын Баходир Жалоловқа қарсы айқасады. Бүгінгі айқас олардың оныншы рет рингте тоқайласуы болып отыр. Бұған дейін тоғыз рет жекпе-жекке түсті. Соның үшеуінде ғана Қамшыбек Баходирді ұтты.

2019 жылға дейін Жалоловтың жалын жығуға Қамшыбектің қайрат күші жететін еді. Одан кейін алты жекпе-жектің барлығында да Баходирдің мейманасы тасып отырды. Өйткені өзбектің алыбы «оянды». 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиадада да жеңіске жетті. Әлем чемпионатында екі мәрте алтын медаль олжалады. Азия құрлығының чемпионатында төрт рет жеңіске жетті. Кезінде Жалоловты біздің Иван Дычко да діңкелетіп сабаған талай.

Қамшыбектің жігерін жанып, намысын қамшылайтын шағы қазір, өйткені иығында Қазақ елінің үміті тұр. Боксшыларымыз 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарынан да алтын медальсіз қайтқан еді. Бұл жолы сол олқылықтың орнын бүтіндеу аса ауыр салмақтағы алыбымызға жүктеліп отыр.