Еліміздің іргесінің берік болуында оған алғашқы кезекте себепкер болатын, әрине, оның айбынды армиясы. Ал ондағы жауынгерлердің Отан үшін кірпік қақпай қызмет етіп жатқандарынан, шыны керек, көпшілігіміз бейхабармыз. Бұл қалам ұстаған қауымға да қатысты. Әскери өмірдің тыныс-тіршілігін бұқараға өзіндік жаңа жаңалықтарымен таныстыруда еліміз Қорғаныс министрлігі арнайы іс-шара ұйымдастырды. Бұл жолғы сапар Қарағанды облысының Спасск кенті болды.
Спасскіге бармас бұрын Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін Қарағанды қаласындағы “Астана” өңірлік қолбасшылығының бас штабына алып келді. Мұнда журналистерге генерал-майор Мүсілім Алтынбаев баспасөз брифингін өткізді. Өңір қолбасшысының әңгімесінде әскери оқу-жаттығу жиындары және Елбасы тапсырмасының орындалу барысы сөз болды. Осыдан соң әріптестер штаб мұражайын тамашалап, “Жауынгерлер бауырластығы” әскери-патриоттық ансамблінің отансүйгіштік сезімдерге толы әндерін тыңдады.
Әскери өмірдің қыр-сырын көзбен көріп әсер алулары үшін Спасскідегі оқу-жаттығу алаңында журналистер танкист те, нысана көздейтін мерген де болып көрді. Осы сында көзге түскен әріптестерге генерал алғыс хаттарды табыс етті. Бұл тұрғыда сол жердегі сардарлар мен сарбаздардың еңбектерін де назардан тыс қалдырмаған абзал.
Қарағанды облысындағы Спасск кентінде жалауын көтерген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері кіші мамандар мен резервтегі кадрларды дайындау оқу орталығының ашылуы ел Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының қойған тапсырмасын орындау барысындағы жасалған нақты қадамдардың бірі деу керек. Әрі бұл шара әскерге міндетті азаматтарды жаңаша дайындау және жинақтау көрінісі болып табылады.
– Оқу орталығының ашылу салтанатында мұндай жиындар Қарулы Күштер тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр, – деп атап өтті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – Бұл – ел армиясының даму тарихындағы жаңа кезең. Үстіміздегі жылы жалауын көтерген әскери жиын қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін, саламатты өмір салтын құруға ықпал ететін ерлік мектебі болмақ.
Үкімет шешімімен үстіміздегі жылы – 1200, ал келер жылдары 2000 әскерге міндетті азамат 9 оқу орталығы мен әскери бөлімдерде 34 мамандық бойынша мотоатқыштар мен арнайы әскерлер, авиация, байланыс сияқты дайындық жиынынан өтпекші. Бұл жиынға Қазақстанның барлық облыстарындағы еріктілер тартылуда. Атап өтерлігі, мұнда жүргенде олардың жұмыс орны мен қызмет лауазымы сақталады. Бұл жігіттерге орташа еңбекақы Қорғаныс министрлігі бюджеті есебінен төленетін болады.
– Оқу барысында өздерінің жеке кәсіби дайындығы бойынша жоғары нәтиже көрсеткендерге және келісім-шарт бойынша әскерде қалуға ниет білдіргендерге белгіленген тәртіп бойынша жергілікті әскери басқару органдары арқылы шақырылуға болатындығы оқу орталығының салтанатты түрде ашылуы кезінде атап өтілді. “Кез келген армияның жауынгерлік әзірлігі, ол қаншалықты заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталса да, бірінші кезекте мамандардың дайындығы мен кәсібилігі арқылы бағаланатындығы белгілі”, –деп атап өтті осы мәселеге байланысты Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.
Жиынды өткізудің негізгі мақсаты – әскери міндеттілердің әскери білімі мен дайындық деңгейін арттыру. Сонымен бірге, жаңа қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру дағдысын қалыптастыру. Тиісті мамандықтар бойынша әскери шеберлігін жетілдіру. Осы арқылы Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру.
Аталмыш оқу орталығында әскери дайындықтан өтіп жатқан сарбаздардың өзгелерден ерекшелігі – 27 жастан асқан, кезінде түрлі себептермен әскер қатарына алынбаған азаматтар. Мұндағы айға жуық өтетін әскери оқу-жаттығулардың алғашқы бес күні оқу-танысу болса, қалған үш аптасы мамандықтарға дайындайды. Бұл жерде 10 мамандық бойынша сарбаздар дайындалады. Осындағы әскери міндетін атқарып жатқан жүзге жуық сарбаздың ішінде мұғалім де, заң қызметкері де, қарапайым қызметкер де бар. Олардың Отан алдындағы әскери борышқа кеш те болса келіп жатқандарына қуанышты екендіктерін бұл жігіттермен кездесуде біз айқын аңғардық. Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар ауылынан келген Досым Алдажар өзінің Отан алдындағы борышын атқарып жатқанына шексіз қуанышта екенін жеткізсе, петропавлдық 31 жастағы Алексей Зотов әрбір ер-азамат өз Отанын қорғау борышын өтегенін армандайды, мен сол арманыма бүгін жетіп отырмын, деді. Сондай-ақ Қарағандының Осакаров ауданынан келген 30 жастағы Самат Қожа да, оның құрдасы байқоңырлық Асылбек Отызбаев та өздерінің үлкен тебіреністе тұрғандарын жасырмады.
Иә, қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскер өмірі ел қорғаушы азаматтарымызды шыңдап, Отанымыздың қауіпсіздігін сақтауды көздейді. Қай кезде де ел тыныштығын сақтау мен қорғау айбынды армиямыздың сардарлары мен сарбаздары еншісінде. Ал олардың Отан үшін жасап жатқан игі жұмыстарын жұртшылыққа жариялау БАҚ өкілдерінің құзырында. Аталған іс-шара бізге осыны меңзеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Қарағанды облысы,
Спасск кенті.