Алматы • 05 Қазан, 2023

Қираған ғимарат қалпына келтірілді

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 291 ғимарат қиратылды. Оның ішінде, әкімшілік, денсаулық сақтау нысандары, аудандық полиция басқармалары мен полиция бекеттері де бар. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген тұрғын үйлер жөнделді. Алайда өртке оранып, тоналып, қиратылған қалалық әкімдік ғимаратының сәулет келбетін сақтай отырып, қалпына келтіруге бақандай екі жылға жуық уақыт кетті.

Қираған ғимарат қалпына келтірілді

Өткен сейсенбі күні БАҚ өкіл­дері толық жөнделген, қай­та түлеген қала әкімдігінің ғи­маратын көруге барды. Тәуел­сіздігіміздің таңына куә болған тарихи нысанды қалпына кел­ті­ру жұмыстары Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен 2022 жылдың ақпан айында бастал­­ған еді. Өйткені «Қаралы қаңтар» ­күн­дерінде әкімдіктің 6 қабаты, 4 павильоны өртке оран­ған. Сол кезде жертөлдегі өрт­ке қарсы жүйе іске қосылып, шыл­қып суға батқан ғимараттың 80 пайызы жарамсыз болып қалды. Қазіргі таңда Алматы әкімдігі ғимаратының тарихи келбеті сақтала отырып, заманауи технология мен құрылыс стандарттары­мен жаңғыртылды. Қасбеттегі жұл­дыздың орнына бейбітшілік тұтастығының, мемлекет пен отбасы негізінің ұлттық символы болған шаңырақ бейнесі пайда болды. Ең бастысы, күрделі жөн­деу жұмыстары кезінде алды­мен әкімдік қызметкерлері мен ке­лушілерінің қауіпсіздігі ескерілді.

ваав

ҚазҚСҒЗИ сарапшылары ғимараттың зілзалаға төзімділігін зерттеп, нақты ұсыныстардан кейін сейсмикалық күшейтудің барлық амалы толық жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі шаралары сақ­талды. Ендігі жерде ғимарат­тың ішкі безендірілуінде отқа төзімді, жанбайтын материалдар пайдаланылып, бұрын болмаған жаңа түтін шығару жүйесі, өрттің мекенжай жүйесі-ескерту орнатылды. Өрт кезінде жалынның таралуына жол бермейтін арнайы қақпақтар бірден іске қосы­лады. Оған қоса қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ғи­маратқа кіруді бақылау жүйе­сі, отқа төзімді есіктер, ғи­­маратқа бірінші қабаттағы те­­ре­зелер арқылы рұқсатсыз кі­ру­ді шектейтін қосымша жап­қыш­тар, әр қабатты айналдыра бейнебақылау камералары орнатылды. Қызметкерлердің кіруі үшін турникет құрылғысына тану жүйесі орнатылған.

Құрылыс барысында тиімді энергия тұтыну технологиясы қолданылып, жаңа жылыту жүйесіне толығымен ауыстырылды. Барлық инженерлік коммуникация автоматтандырылған және бірыңғай диспетчерлік пунктке қосылған. Бұл жұмысты бақылауға, энергия тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­реді. Диспетчерлер озық үлгідегі стансаның көмегімен барлық жүйені басқарады, төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етеді.

Ғимаратты қалпына келтіру­дің тағы бір маңызды өлшемі – инклюзивті шешімдер. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жедел сатылар, электркөтергіштер, мүге­дектерге арналған жуынатын бөлмелер мен қозғалуы қиын адамдарға арналған құрылғы – таңбалау, пандустар, шақыру түймелері, Брайль әліпбиі де пайда болды. Әкімдіктің бірінші қабаты «Open space Almaty» болып қайта жаңартылды. Мұнда қабылдау бөлмесі, күту аймағы, келіссөздер, халықты қабылдау, ана мен бала, балаларға арналған ойын алаңы бар қоғамдық қа­былдау бөлмелері орналасқан. Ғимараттың жалпы аумағы – 33 мың шаршы метрден астам, 700 орынға есептелген 360 кабинет бар. Күрделі жөндеулерден кейін де кабинеттердің ауданы өзгеріссіз қалған. Ғимаратта 14 басқарма мен әкім аппараты орналасады. Ғимараттың тарихи келбеті 99 пайыз сақталды.

Сол сияқты жобаны іске асыру барысында өз елімізде жа­салған жиһаздар мен басқа да сәндік бұйымдарды сатып алуға мән берілгенін атап өткен жөн. Қасбеттің жоғарғы жағындағы «жұлдызды» «шаңырақпен» ауыс­тыру ұлттық нақышты ұлық­тау мақсатында қабылданған шешім екенін түсіндіріп оты­рудың өзі артық. Ал мұны жаңа дәуірдің, жақсылықтың нышаны деп білейік.

 

АЛМАТЫ