Алдымен отандық велошабандоз Евгений Федоров велоспорттан топтық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды. 207,7 шақырымға созылған топтық сайыста екінші болып мәре сызығын тағы бір отандасымыз Алексей Луценко кесіп өтті. Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындарының 4 дүркін чемпионы болған Алексей Луценко мәреге жақын қалғанда өзінің әріптесі Евгений Федоровке жолын беріп, мәрттік танытты. Е.Федоров 2018 жылы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, 2019 жылы ғана ересектер дуына өтті. Ол 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы, 4 дүркін Азия жеңімпазы.
Джиу-джитсудан ел намысын қорғаған Нұржан Батырбеков финалдық сайыста екі дүркін Азия чемпионын жеңіп, жанкүйерлерді бір қуантып тастады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Н.Батырбеков (69 кг) жарыс барысында Осама Кандилді – 9:0, Рамшед Абдуллаевты – 7:0, Сеонгхуеон Жуді 5:2 есебімен жеңді. Финалдық айқаста Мохамед Алсувайдиден 4:2 есебімен айласын асырды.
Каратэші Нұрқанат Әжіқановты Токио Олимпиадасынан бері танимыз. Жапон жерінде жолы болмады демесеңіз, жерлесіміз Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алып жүр. Сондықтан Нұрқанаттың алдында Азия ойындарында топ жару мақсаты тұрды және жерлесіміз үмітті ақтады. Каратэшіміз Азия ойындарының алғашқы айналымында Махаммед Шекху Аламды (Непал) 5:0 есебімен ұтса, ширек финалда қырғыз спортшысы Назым Нұрлановтан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Нұрқанат Малайзия өкілі Рагоназан Шармендранды 4:3 есебімен жеңді. Ал финалда иорданиялық Хасан Масаршейхті 8:0 есебімен ойсырата ұтты.
Сондай-ақ кеше Лаура Әліқұл (каратэ), Алексей Луценко (велоспорт), Қамшыбек Қоңқабаев (бокс), Карина Ибрагимова (бокс) күміс медальды жеңіп алды. Ал Әлімхан Сыздықов (грек-рим), Мансұр Хабиболла мен Алдияр Серік (джиу-джитсу) қола жүлдені қанағат тұтты.
Бейресми жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 8 алтын, 15 күміс және 38 қола медальмен 11-орында келеді. Бүгін жарыс жолына шығатындардың қатарында Ислам ойындарының чемпионы Қайсар Алпысбай мен Әсел Қанай бастаған каратэшілер, ашық суда 10 шақырым қашықтықтағы Азия чемпионатының жүлдегері Мария Федотова мен Диана Тасжанова, Рахат Қалжан бастаған еркін күрес шеберлері, әйелдер күресі, көркем гимнастика, джиу-джитсу қыз-жігіттері биік тұғырдан көрінуге таласады.