Елімізде жыл сайын 1,5 миллиардтан асатын пластикалық бөтелке қайта өңделеді. Оларды өңдеумен республика бойынша 10 компания айналысады. Бұл туралы Қазақстан буып-түюшілер қауымдастығы хабарлаған болатын. Алайда пластмассаны қайта өңдеу қайталама шикізаттың болмауына байланысты жүйелі түрде іске аспайды. Яғни халықта экомәдениет қалыптаспаған немесе бөтелкелерді тапсыратын қолайлы жер жоқ. Аталған мәселені экологтер осы күнге дейін қаузап келді. Бірақ түйткіл шешімін таппаған.
ІТ саланың білгірі Әлішер Қоғабаев пен «Econetwork» компаниясы осы мәселені егжей-тегжей қарап, дамыған мемлекеттердің әдістерін зерттеген. Үлкен зерттеудің нәтижесі – бөтелкелерді сұрыптайтын, қайта өңдеуге жіберетін фандомат. Халық қолданған бөтелке мен банкілерін фандоматқа салып, орнына ақша алу – Еуропада баяғыдан бар үрдіс. Осыған дейін өзге фандоматтар да қойылған еді. Бірақ оған халық тарапынан сұраныс көп болған жоқ. Ал мына фандоматта ақша берілетіндіктен, сұраныс көп болады деген сенім бар.
– Еліміздің экологиясына бейжай қарамайтын экобелсенділер осы мәселені қозғады. Халықтың бөтелкелерді пайдаланған соң тастай салатынын, бұған еш айла-шара толыққанды жасалмай жатқанын айтты. Сосын біз де көңіл аудара бастадық. Расымен, бұрыш-бұрышта үйіліп жатқан бөтелкелер біз ойлағаннан да көп екен. Содан кейін бұл мәселенің экология дертіне айналып кеткенін ұғындық, – дейді «Toolpar» ЖШС директоры Ә.Қоғабаев.
Бөтелкелерді қайта өңдеу – жаңа материалға айналдыру үдерісі. Бұл полиэтилентерефталаттың қоршаған ортаға енуінен сақтап, полигондарға жіберілетін қалдықтарды азайтады. Негізінен қайта өңдеудің түпкі мақсаты – ресурстарды шикізат ретінде сақтау. Отандық өндіріс фандоматын іске асыру идеясын «Tastamat» командасы қолға алған. Еске сала кетейік, бүгінде еліміздің 12 қаласында пошта қызметіне балама 450 тастамат жұмыс істеп тұр. Бұл жобаның да экологияға үлкен пайдасы тиіп, көміртегі ізін біршама азайтқан. Инженерлік және бағдарламалау тәжірибесінің нәтижесінде «Tastamat» командасы қысқа уақыт ішінде фандомат терминалының алғашқы нұсқасын жасап шықты.
Пластмассаны қайта өңдеу оған жаңа өмір сыйлайды. Астанаға 30, Алматыға 70 фандомат орнатылады. Алғашында осы екі қалаға ғана қойылады. Жобаның әрі қарай дамуы тікелей қаржылық жағдай мен халық сұранысына тәуелді. Дегенмен өндірушілердің айтуынша, үш жыл ішінде еліміздің барлық аймағын фандоматтармен жабдықтауға болады. Жоба серіктесі, идея авторы «Econetwork» бөтелкелерді жинау, сұрыптау және қайта өңдеумен айналысып, әрі қарай кәдеге жаратады. Сұрыптау үдерісі терминалдың ішінде жүреді. Яғни адамдар пластикалық бөтелкелерді сол жаққа, алюминий банкаларды оң жаққа тастау керек. Әрі қарай қайта өңдейтін тиісті зауыттарға жіберіледі. Шымкент пен Алматыда бөтелкелерді қайта өңдейтін зауыт бар. Өкініштісі, мұндай зауыттар біздің елде көп емес.
– Алматы мен Астананың бірнеше жетекші жоғары оқу орындарында, жанармай құю желілерінде, пластикалық бөтелкелерді көп тұтынатын спорт кешендерінде орнатамыз. Әрбір пластикалық бөтелке немесе алюминий банкаға төленетін ақша тұтынушының өнімді қандай бағаға сатып алатынына байланысты, – дейді «Econetwork» компаниясының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.
Германияда «Pfand» белгісі бар бөтелкелер ғана қабылданады. Ал отандық фандомат бөтелкенің барлық түрін қабылдай береді. Бастысы бөтелкелер 1,5 литрден аспауы керек. Әзірге осындай шектеу бар. Бірақ оның да шешу жолдарын қарастырылып жатыр.
Фандомат – әлеуметтік жоба. Халық пен кәсіпкерлердің экология туралы ойларын өзгертіп, жаңа мәдениет қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік. Әлішер Қоғабаев фандоматқа байланысты жоспарымыз көп, дейді. «Бірақ әуелден ешкімге ұқсағымыз келмеді, сондықтан «Tastamat» пен «Фандоматты» біріктіруден бастадық. Яғни тұтынушы бөтелке ғана тапсырып қоймай, өзінің сәлемдемесін де бір жерден алып кете алады. Мұндай терминал «әлемнің еш жерінде жоқ» деп нық айта аламыз. Бұл – 100 пайыз отандық өнім», деді ол.
Экологиялық сауаттылық – қоршаған ортаны қорғау. Баланы жастайынан ресурстарды үнемдеуге және табиғатты ластамауға баулу қажет. Сонда ғана экологиялық сауатты, «жасыл елге» айналамыз.