Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жыл басында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама оқу бағдарламасын жетілдіруге бағытталған. Яғни қосымша пәндер енгізіледі, бағдарламалар жаңарады. Бірақ көкейде бәрібір «жаңарған оқу бағдарламасы оқушыдан нәтиже шығара ма, жүйені өзгерте ме?» деген сауал тұрады.
Қазір білім саласындағы кейбір өзгерістерді жаңадан ашылып жатқан жекеменшік мектептерден ғана байқауға болады. Жекеменшік мектепте негізгі пәндерден өзге сыни пайым, көшбасшыға тән машықтарды дамыту, шешендік өнер, роботтехника, стартап сынды қосымша пәндер енгізіле бастады. Сондай-ақ салалық бағыттағы мектептер ашылып жатыр.
Сарапшы мамандардың айтуынша, жалпы мектептерде де оқушыны сыни ойлауға, ақпаратты сараптауға, сұрақ қоюға үйрету керек. Кәсіби өмірде негіз болатын академиялық білім беріп, ғылыми сана қалыптастырған жөн. Сонымен қатар оқушылардың әлеуметтік машығын жетілдіріп, бір-бірімен байланыс орната білуге, мәселелерді өз бетінше шешуге дағдыландыруды да қоса үйрету қажет.
Мектепте оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау да аса маңызды. Өйткені шығармашылық сана балаға қызығушылығын табуға және жеке тұлға болып қалыптасуға көп көмектеседі. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан оқушылардың бойына адалдық, жауапкершілік, қоршаған ортаға, айналаға құрметпен қарау құндылығын сіңіруге мән беру керек.
Қазір оқушылардың көбі мектепті бітірген соң кім боларын, қайда барарын білмей дағдарады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағы жанса, ұпайы білім грантына жеткен мамандыққа өзі түсінбесе де түсе береді. Мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастардың көбеюі де түптеп келгенде мектептің осал жүйесінен. Сондықтан сарапшы мамандар оқушыға нарықты түсіндіру, нарықтағы бәсекені көрсету және сол бәсекеге дайын болуға үйрету қажет екенін айтады. Сондай-ақ баланың физикалық, психологиялық саулығы да мектептегі білімнің ажырамас бір бөлігіне айналуға тиіс.
Халықаралық PISA зерттеу орталығының 2018 жылғы дерегінше, еліміздің оқушылары білімін пайдалана алу бойынша 79 елдің арасында 69-орында тұр. Шынында бұл – өте нашар көрсеткіш. Ал кәсіптік бағдар беру маманы Диас Асанов бұл мектепте үйретілуі керек маңызды білім екенін айтады.
«Ең бастысы, оқушыға еркін ойлауды үйрету керек. Екінші мақсат қоюды және алған білімін шынайы өмірде іске асыруға үйрету керек. Бірақ осы тұста ескеретін бір нәрсе бар. Біз қазір бәріміз «балаға не беру керек, балаға не үйрету керек?» деп қана ойлаймыз. Бірақ балаға бәрін үйрететін, бағдар беретін мұғалім екенін ұмытып кетеміз. Сондықтан мемлекет болсын, басшылық болсын, талапты мұғалімге қою керек, назары мұғалімде болуы керек. Мұғалімнің кәсібилігін арттырсақ, оларды жақсы даярласақ, жүйені реттеуге болады. Балаға ғана талап қоя берсек, академиялық сауаттылық та, фукционалдық сауаттылық та қалыптаспайды. Айтылып жатқан мәселелердің бәрі бос әңгіме болып қалады. Яғни көп нәрсе мұғалімге байланысты», дейді Диас Асанов.
Білім сапасы сөз болғанда, әсіресе бір сыныпта 30-35 баладан отыратын, жалпылама білім беретін мемлекеттік мектептерді айтамыз. Алайда «Steppe & WORLD Publishing» бас директоры Назгүл Қожабектің пікірінше, тереңдетіп оқытатын арнаулы мектептерде де білім сапасы мәз емес.
«Менің балаларым жалпы арнаулы білім беретін музыка мектебінде оқиды. Үлкен ұлым мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Қазір консерваторияда халықаралық деңгейде музыканттармен байланыс орната бастады. Ортамен араласты. Осы кезде арнаулы музыкалық білім беретін мектептердің өзіндегі музыкадан білім беру бағдарламасындағы кемшіліктері көріне бастады. Соның барлығын көрген соң балам маған: «Ештеңе үйретпейді екен ғой бізге», деп келді. Енді жалпы музыканың сольфеджиосы бар, гармониясы бар, арнаулы пәндері бар. Бірақ жалпы мектепте музыка туралы балаға толық қамтылған түсінікті бермейді екен. Содан ұққанымыз, бізде білім саласында жетілдіретін нәрселер көп, үйрететін нәрселер жетерлік. Жалпы мектептерде музыка туралы бір толық түсініктерді беретін әдебиет те жоқ. Ал қазақ тілінде музыка әдебиеті мүлде оқытылмайды. Музыка тарихы, әлем музыкасының тарихы қазақ тілінде мүлде өткізілмейді. Бәрі орыс тілінде», дейді Н.Қожабек.
Білім сапасын арттыруда адам құқығы мәселесі де өте маңызды. Өкінішке қарай, мұндай білім беру бағдарламасы жалпы мектептердің ешқайсысында жоқ. Ғалым, заңгер, «Street Law Kazakhstan» балаларды зорлық-зомбылықтан және кибербуллингтен қорғау жөніндегі білім беру жобасының үйлестірушісі Халида Әжіғұлованың пікірінше, құқықтық сауат – білім берудің міндетті бір бөлігі.
«Біз балалардың қандай болғанын қалаймыз? Мысалы, елімізде мектеп бітіргеннен кейін бала қандай болады? Жеке өзім еліміздің әрбір азаматында, мектеп түлегінде жоғары құқық мәдениеті болуы керек деп есептеймін. Мәселен, айналамдағы адамдардың жақсы болғанын, мәдениеті жоғары болғанын қалаймын. Жанымда жүргендер ішпейтін, төбелеспейтін, айқай-шу шығармайтын, мені құрметтейтін болса екен деймін. Сондықтан да құқық мәдениетін енгізуіміз керек. Шетелде әр балаға өз құқығы бар екенін ғана емес, табиғаттың да, флора мен фаунаның да құқығы бар екенін түсіндіреді. Жалпы, құқықтық мәдениет мәселесін 2019 жылдан бері қозғап жүрмін. Мысалы, бізде балалар өздерінің құқығын білмейді. Олар өздерін қорғай алмайды. Мектепте де зорлық-зомбылықтан зардап шегеді, үйде де зиянын тартады. Зорлық-зомбылық әсіресе үйден басталады. Содан кейін мектепке көшеді, мектептен далаға, көшеге шығады да, солай жалғаса береді. Менің ойымша, балаларды ешкім ұра алмайтынын, ешкімнің ондайға құқығы жоқ екенін 1-сыныптан бастап түсіндіруіміз керек және оларға басқа адамның да осындай құқығы бар екенін әрі оны құрметтеу керегін үйрету маңызды», дейді Х.Әжіғұлова.
Жоғарыда атап өткен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы – маңызды құжат. Өйткені мектептердің дамуына мән беру – ел болашағына қатысты іс. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфолла Смайыловтың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім сапасын кезең-кезеңімен көтеру жоспарланған.
«Жоспарға сәйкес оқулықтардың сапасын арттыру, орта білім беруде электронды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу, сараптау, балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жастарды оқуға және еңбек нарығына интеграциялау, білім беруді цифрландыру, білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалды интеллектісін дамыту жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар қосымша білім бойынша түрлі пәндер оқытылатын болады. Әрі 2029 жылға дейін мектептер жылдам интернетпен толық қамтамасыз етіледі», дейді С.Смайылов.
Жоспарға сенсек, жоба жақсы. 2029 жылға дейін олқылықтың орны толады, білім сапасы жақсарады. Иә, мектептегі жүйе өзгермей, мемлекеттің дамуы қиын. Сондықтан тұжырымдаманы жүзеге асыруда сарапшылардың айтқан пікірлері ескерілуі қажет-ақ.