Экономикалық қатынасты нығайтады
Отырыс барысында Палата депутаттары «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қарады. Сенат төрағасы атап өткендей, бұл құжаттың нормалары Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына ықпал етуді көздейді. «Ратификацияланған Келісімнің негізінде арнайы инвестициялық қор құрылып отыр. Ол түркітілдес мемлекеттерде инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, сондай-ақ, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландырады. Алдағы уақытта осы заң Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев. Келісімді ратификациялау Қазақстанға экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды да қарап, мақұлдады.
Тұрғындар жол жағдайына наразы
Сенатор Талғат Жүнісов өзінің депутаттық сауалында ел тұрғындарының жолды жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына наразы екенін айтты. Ақмола облысындағы жолдардың тозуына байланысты проблемаларды көтерген ол «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» республикалық маңызы бар автокөлік жолының учаскесін жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды жалғастыру керектігін алға тартты. Депутаттың пайымынша, жоба бастапқыда 13,2 млрд теңгеге бағаланған. Жоспар бойынша 2023 жылы жолдарды жөндеуге 3 млрд теңге бөлінуге тиіс еді, алайда оның тек 1,6 млрд теңгесі ғана түсті. Бүгінде жұмыс кезеңін аяқтау үшін бұл ақша жеткіліксіз.
«Автомобиль жолы аудандарды Ақмола облысының орталығымен байланыстырады. Сондай-ақ ол Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық маңызы бар көлік-логистика дәлізі. Біздің халықпен кездесулеріміз барысында жалпы саны 2 мыңға жуық адам болатын осы жол бойында орналасқан Новокиевка, Киев, Калинин, Моховое және Қалмақкөл ауылдарының тұрғындары жолды жөндеуді белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті. Жолдардың ескіруіне байланысты автокөлік жиі бұзылады, адамдар уақытылы медициналық көмек ала алмайды, шағын бизнес дамымайды және бұл жағдай мемлекеттік органдарға қатысты наразылықтар мен негізді шағым тудыруы мүмкін», деген сенатор Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан жол жөндеу жұмыстарының аяқталуына қаражат бөлуін сұрады.
Жолаушы тасымалының жайы
Сенатор Евгений Больгерт қалалық қоғамдық көлік, мамандардың сыртқа кетуі және жеке автопарктердің жағдайына қатысты мәселелерге назар аударды. Бұл бағыттағы түйткілдер халыққа қызмет көрсетудің деңгейін төмендетеді. Осыған байланысты депутат жағдайды жақсарту үшін саланы субсидиялау сияқты бірқатар шара ұсынды.
«Көптеген қала мен елді мекенде жолаушылардың жайлы тасымалы туралы айту мүмкін емес, оның баламасы да жоқ. Саланың көптеген маманы басқа жаққа жұмысқа кетіп жатыр. Жүргізушілердің жетіспеушілігіне байланысты кейбір автобус парктерінде автобустар қаңтарылып тұр, бұл жолаушылардың аялдамада тұрып қалуына және азаматтардың наразылығына әкеліп соғады. Қалалық маршруттарда 10 525 автобус тартылған болса, ІІМ дерегі бойынша елімізде «D» санатындағы куәлігі бар 387 мың адам бар. Ол адамдар осы жағдайға байланысты бұл мамандыққа барғысы келмейтіні анық», деді сенатор.
Депутат бюджет ақшасы мен табысты маршруттарды тұрақты алып тұратын муниципалды автопарктерге артықшылық берілетіні туралы проблемаға да тоқталды. «Муниципалдық автопарктерді жекешелендіру және сонымен қатар бәсекелестік негізде жеке секторға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ қала ішіндегі және қалааралық қатынастағы тасымалдаушылардың шығынын жабуға субсидия бөлу жөніндегі ақпараттық жүйе әзірлеу керек. Автопаркті жаңарту және отандық техникамен толықтыру жөнінде тасымалдаушылармен уағдаластық міндеттемесі бойынша ұзақмерзімді субсидия бөлудің негізін қарастыру керек», деді сенатор.
Жат ағым алаңдатып тұр
Депутат Нұртөре Жүсіп қоғамды алаңдатып отырған жат ағым проблемасына тоқталып, азаматтарымызды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау үшін отандық заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті. Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жеткенін айтқан ол елімізде дін ұстанушы азаматтардың орташа жасы азайып келе жатқанын, олардың 75 пайызы ашық интернет дереккөздерін пайдаланатынын жеткізді.
«Соның салдарынан азаматтарымыз ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сияқты ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы сынды зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалып жатыр. Тіпті жастардың назарын жалпыға ортақ білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері де ашық жалғасып келеді», деді сенатор.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Нұртөре Жүсіп шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттауды, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізуді, Дін істері басқармаларын барлық өңірлерде бөлек басқарма ретінде қайта ашып, кадрлық әлеуетін арттыруды, жастармен Дін проблемаларын зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеруді ұсынды.
Сонымен қатар жалпы отырыста сенатор Амангелді Нұғманов аудит бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз етуді жетілдіру қажеттігін айтып, мемлекеттік бюджеттің атқарылу сапасы ғылыми зерттеу институттарын жұмылдыруды да арттыруға тиіс екендігін жайында пікір білдірсе, Ләззат Рысбекова ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді гранттармен қолдау мәселесіне назар аударды. Сенатор Үкімет шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу кезінде осы бағытты ескеруі қажет екенін тілге тиек етті.
Ал сенатор Нұрлан Бекназаров аз қамтылған отбасыларындағы оқушыларды тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп, тиісті заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.