Білім • 06 Қазан, 2023

Астанада үздік мұғалімдер марапатталды

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада үздік мұғалімдер марапатталды

Фото: Астана әкімдігі

«Ұстаздарымызға, ұстаздық жолда еңбегі сіңген ардагерлерімізге және білім беру саласының өзге де қызметкерлеріне арнап мерекелік концерт ұйымдастырып, еңбегін атап өттік. Мектептер мен колледждердің үздік ұстаздары «Құрметті педагог» медалімен және 1 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Қаланың үш білім беру ұйымына (мектеп, балабақша, колледж) «Үздік білім беру ұйымы» атағы және 10 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Ұстаздың еңбегі әрқашан бағалы. Мұғалімдер балаларға білім беріп қана қоймай, қабілетін анықтап, өмірден өз жолын табуына жәрдем береді. Педагогтердің кәсібилігі мен өз ісіне деген жанашырлығының арқасында білімді жандардың бірнеше буыны қалыптасты», деп жазды әкім Instagram парақшасында.

Осы ретте ол Мемлекет басшысы ұстаздар қауымына жағдай жасауға және қолдау көрсетуге ерекше назар аударатынын еске салды. 

«Біз өз тарапымыздан мектепке қажетті инфрақұрылым салу жұмысын жалғастырамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жұмыс аясында 2024-2025 жылдары 90 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салынады», делінген жазбада.

Оның айтуынша, 2027 жылға дейін бас-аяғы 180 мыңға жуық оқушы орнына арналған 65 мектеп салынады. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін реттеп қана қоймай, болашақта орын тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

«Құрметті педагогтер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс және бақ-береке тілеймін!», деп жазды Жеңіс Қасымбек.