Руханият • 06 Қазан, 2023

«Өнеріміз саған – Қазақстан» республикалық фестивалі өтеді

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алда келе жатқан Республика күніне орай Мәдениет және  ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты республикалық фестиваль өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өнеріміз саған – Қазақстан» республикалық фестивалі өтеді

Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау, қазақстандық патриотизм мен еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру. Қазақстан халқының бірлігін сақтау және еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту.

Бұл шараға барлық этно-мәдени бірлестіктер және қазақ ұлттық өнерін жетік меңгерген (домбыра, қобыз, сырнай, тағы басқа қазақ ұлттық аспаптарында ойнайтындар, қазақ әні мен биін орындайтындар) этностық топ өкілдерінің жеке және топтық орындаушылары қатысты.

Талап бойынша орындалатын шығармалардың уақыты 5 минуттан аспауы қажет.

Фестиваль ІІ кезеңнен тұрады: І кезеңге Қазақстанның барлық өңірлерінің этно-мәдени бірлестіктерінің  өкілдері онлайн форматта қатысады және екінші кезеңге іріктеуден өтеді. Фестивальдің ұйымдастыру комитетінің іріктеуінен ІІ кезеңге өткен қатысушылар Алматы қаласында қазан айының 22-сінде, сағат 18.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен  залында өтетін Гала-концертте өнер көрсетеді.

Фестивальдің қатысушыларына Алғыс хаттар тапсырылады.

Шараға  қатысу  шарттары, қоятын талаптары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әлеуметтік желілерінде орналастырылды.

АЛМАТЫ