senate.parlam.kz
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауын іске асыру аясында парламентшілер еліміздің қор нарығының қызметіне байланысты мәселелерді зерделеуді одан әрі жалғастырды. Президент ішкі нарықтың ауқымы мен тартымдылығын арттыру мақсатында KASE және АХҚО әлеуетін бірыңғай басқаруға біріктіру мәселесін пысықтау қажет екенін атап өтті», делінген хабарламада. «Әр түрлі сараптамалық және техникалық пікірлер туындап отыр. Бұл мәселені біз бүгін KASE базасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің өкілдерімен және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларымен бірге талқылап отырмыз. Қазір халықаралық тәжірибені зерделеу сатысындамыз. Биржалар - оның барлық процестерін ұзақ зерттеуді қажет ететін күрделі организм», деді сенатор Бекбол Орынбасаров. Сенат депутаттары қор биржаларының басшылығымен тізе қосып осы саланы заңнамалық деңгейде одан әрі жетілдіруге ықпал етуге дайын екенін айтты.