Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтың айтуынша, дәнді дақыл түгелге жуық жиналған. Егіннің шығымдылығы облыс бойынша орта есеппен гектарына 10 центнерден келді. Ал ежелден диқаншылығы басым Бәйтерек ауданында 11,7 центнерден жиналыпты. Осылайша, облыс биыл дәнді дақылдан 300 мың тоннаға жуық өнім алды.
Кейінгі жылдары өңір диқандары майлы дақыл өсіруге де маманданып алған еді. 112,15 га алқаптағы бұл өнімнің 80 пайызы жиналған, оның шығымы гектарына 6,4 центнерден айналған.
Жайық бойын жайлаған жұрт 9,6 мың га жерге картоп пен бақша дақылдарын еккен еді. Оның да 65 пайызы жиналып қалды.
Биыл 6,24 мың га алқаптың егіні мүлдем пайдасыз деп есептен шығарылды. Оның 1,3 мың гектары қыстан шыға алмаған күздік егін болса, қалған шығынға өңірде тым көбейіп кеткен киіктің де үлесі бар.
Биыл Батыс Қазақстанда, әсіресе оңтүстік аудандарда шөп шығымы нашар. Оның үстіне жоғарыда айтылған Орал өңірінде киіктердің тым көбеюі шаруалардың қыстық мал азығын жинауына кедергі келтіріп тұр. Облыс бойынша 2 қазанға дейін өңірде 4 156,0 мың га жердің шөбі шабылып, одан небәрі 1 708,9 тонна өнім алыныпты. Бұл қажетті жоспардың 80 пайызын ғана қамтиды. Шөптің шығымдылығы былтырғымен салыстырғанда едәуір төмен. Қазір өңірде бір бау шөптің бағасы 3-8,5 мың теңге аралығында құбылып тұр. Ең қымбат шөп Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында оның құны 8000-8500 теңгеге дейін көтерілген екен.