Ағайындылардың анасы 5 қазан күні кешкілік жұмыстан үйіне оралғанда балаларды таппай қалған. Ана жүрегі бір сұмдықтың болғанын сезді ме екен, бірден учаскелік инспекторға хабарласып, дабыл қағады. Галицкое ауылының учаскелік инспекторы өзге ауыл тұрғындарымен бірге балаларды іздеуге кіріскен.
«Сол күні сағат 23:00-де елді мекеннен 500 метр жердегі ауыл шаруашылық алқаптарын суаруға арналған жасанды су қоймасынан балалардың мүрделері табылды. Денелерінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Аталған оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», деді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер гидротехникалық құрылыстың айналасы қоршалмағанын, ал аумақтың өзінде жарық мүлде тартылмағанын анықтады. Суға жақындауға немесе түсуге тыйым салатын белгілер де тым аз. «Мұның барлығы жақын ауылда тұратын азаматтардың өміріне зор қауіп төндіріп келген» деген байлам жасады тәртіп сақшылары. Қайғылы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлімі және 254-бабы бойынша, яғни «абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және қызметтік міндеттерін адал атқармау бойынша» тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Анықтап білгеніміздей, ағалы-інілі балалар жергілікті орта мектепте 3 және 4-сыныптарда оқыған. Ал балалардың өліміне себеп болған жасанды су қоймасы жергілікті «Галицкое» ЖШС-на қарайды деді басшысы Александр Касицын. 170 мың шаршы метр су сыятын құрылыс 2001 жылы қолданысқа берілген. Ол арқылы 347 гектар жердің егістігі суарылып келіпті. Тұтас ауылдың халқын еңбекпен қамтып отырған серіктестік – еліміздегі ірі шаруашылықтардың бірі. Мұнда егін, мал және сүт шаруашылығына мән беріледі. Бірнеше тауарлы сүт фермасы, мал бордақылауға арналған заманауи үлгідегі кешендері бар. Шаруа басшысы су қоймасындағы қауіпсіздік ережелерін қалайша қаперден шығарып алғаны таңғалдырады.
Павлодар облысы