Өндіріс • 10 Қазан, 2023

«Қазақстанда жасалған» тауарлар

303 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ 1 қыркүйектегі Жолдауында елімізде жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керектігі жөнінде айтты. Соған орай Үкімет елімізде жасалған тауарлар тізілімін құру мәселесін көтерді.

«Қазақстанда жасалған» тауарлар

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі кезде Ұлттық кәсіпкер­лер палатасы отандық тауар өнді­рушілерді қолдау мақсатында реттелетін сатып алудың негізгі шеңберінде қолданылатын құжат­тардың екі түрін беру жөніндегі функцияны жүзеге асырады. Мұндай құжаттар – «СТ-KZ» формасындағы сертификат пен Индустриялық сертификат.

Индустриялық сертификат өндіру­шінің қолданыстағы технологиялар шеңберінде кең көлемді тауар шығару мүмкіндігін растау.

СТ-KZ сертификаты – өндіріл­ген нақты тауардағы (партиядағы) жергілікті қамтудың және шыға­рылған елдің үлесін бағалау.

Мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша енгізілмекші «Қазақстанда жасалған» тауарлар тізілімі қазіргі кездегі қолда­ныстағы осы екі сертифи­кат­ты алмастыруға тиіс. Бұл жаңа жүйе жөнінде «Атамекен» ҰКП алаңын­да өткен баспасөз мәсли­хатында Сау­да және интеграция министрлігі Тех­ни­калық реттеу және метрология коми­тетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев жан-жақты әңгімелеп берді.

им

Бұрынырақта Президент Қазақ­станнан шыққанын растау тетіктерін түбегейлі қайта қарауды, ал Премьер-министр СТ-KZ сертификаттарын беруді мемлекетке қайтару мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Жоғарыда аталған құжаттар­дың әрқайсысы кезінде отандық тауар өнді­рушілерді қолдауда белгілі рөл ат­қарды. Алайда бүгінгі күні бұл тетік­­тер өзінің барлық артықшылығын жоққа шығаратын, «қисық схемалар», «елес компаниялар» жасайтын, тиісті жауапкершілікті қамта­масыз етпейтін және түбегейлі реформаларды талап ететін ахуал қалыптастырып отыр.

«Индустриялық сертифи­кат, ашығын айтқанда, «Самұ­­рық-Қазы­на» жүйесінің мил­лиард­таған сатып алуларына жағ­­дай жасап келді. СТ-KZ ел ішін­­дегі құндылықтарды асыра баға­лай, бұлдай отырып, осы үлгі­дегі қағаздардың жаппай шыға­рылуына себепкер болды. ҰКП ішкі аудиті – түптеп келгенде, «өзін өзі тексеру», мұндай жағ­дай­да заң бұзушы­лық қалай анық­талуы мүмкін? Бір ғана мы­­сал, жақында анықталған бір «сүт өндірісі» жөніндегі дерек – өн­діріс жоқ, бірақ тендер ұтып алын­ған, тексеріс хабары жет­кен соң, сертификат асығыс жойыл­ған. Мұндай заңсыз тендер­лер мен жалған өндірістердің қан­шама екенін бір құдай біледі. Осының барлығының нәти­же­сінде миллиардтаған мем­ле­кет қаржысы көлденең қолдар­ға өтіп кетіп жатыр. Біз тиісті тапсырмалар бойынша «Ата­мекен» ҰКП және оның филиалдарында сертификаттардың бар­лық түрін беру бойынша ауқымды тексерулер жүргізуге бастамашылық жасап отырмыз. Бұрын 2019 жылы мұндай тексеру 16 өтінішті қамтыды, көптеген бұзушылық анықталды», деді Қ.Елікбаев.

Сол себепті жаңа тәсілдерге көшуге өткір қажеттілік туындап отыр. СТ-KZ пен Индустриялық сертификаттың жақсы жақтарын ала отырып, оның орнына Қазақ­станнан шыққан тауарлардың тізі­лімін қалыптастыру керек. Тізілім барлық мәлімет қоры­мен интеграцияланған біртұтас мемлекеттік ақпарат жүйесі, мем­­лекеттік қолдау шараларын ұсыну үшін тауарлар мен кәсіп­орындар туралы ақпаратқа мем­лекеттік органдардың қол жеткі­зуінің бірыңғай нүктесі болады.

Жаңа жүйе не береді?

Мәліметтер базасында кә­сіп­орындар­дың барлық коммер­циялық ақпараты мемлекеттік серверлерде орналастырылады және қорғалады. Бұл – басқаша айтқанда, елдің ақпараттық қауіп­­сіздігі.

Ешқандай сертификаттар болмайды. QR код арқылы кез келген ақпаратты тізілімнен авто­матты түрде шығарып ала ала­сыз. Барлық ақпарат тегін. СT-KZ үшін ақы төлеудің қажеті жоқ.

Сараптамалардың төлемақы­сына қатысты да жеңілдіктер көз­делген. Сарап­тамадан бір рет өткеннен соң, екі жыл бойы тізі­лім­нен тегін көшірмелер алып отыруға қақыңыз бар.

Қолданыстағы көптеген тізі­лім бір ғана тізіліммен ауыстырылады. Бұл – ашықтық қағи­даларына сәйкес келеді, әрі өте ыңғайлы.

«Атамекен» ҰКП және сала­лық бір­лес­тіктердің жекелеген тұл­ғалары тара­пы­нан, адам фак­торынан туындайтын сы­байлас жемқорлық тәуекелдері төмен­дейді.

«Қазақстанда жасалған» тауарлар тізілімін құруға қатысты осындай қадау-қадау мәселелерді алға тарта келіп, спи­кер бұл жүйені жобалауды уақыт, заман, нарық талаптарының өзі үндеп отыр­ғанын мәлім етті.

Дегенмен, экономика мен өндіріс сала­сындағы бірқатар қауымдастық пен отандық тауар өндірушілер жаңа жүйе­ні қолдамай отыр. Олар қолда­ныстағы Индустриялық серти­фикат пен СТ-KZ сертификатын қалдырып, жетілдіріп, жаңғыр­туды жақтайды.

«Қазақстанда жасалған» тауарлар тізілімі Индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификатын алмастыруды көз­дейді. Өкінішке қарай, оны дайын­дау барысында бизнес-қауым­дастықтың осы тізілімді құру­дың орынсыздығы туралы бар­лық дәлелі мен негіз­демелері тың­далмады», деді «Атамекен» ҰКП тауардың шы­ғу тегін сертификаттау департа­ментінің басқа­рушы директоры Самат Садықов.

Жалпы, мемлекеттік органдар ұсын­­­­ған тізімді жаңа механизм деп айту­ға болмайды. Оның СТ-KZ беру жөнін­­дегі қолданыстағы механизмнен айырма­шы­лығы, тек бір критерий – техноло­гия­лық операциялар қолда­нылады. Ал СТ-KZ сертификатында 3 критерий қарас­тырылған. Соны­мен қатар мемле­кеттік орган ұсын­ған «Қазақстанда жа­сал­­ған» тауарлар тізілімінде өнді­ріс­ті лока­­лизациялау деңгейі мен кә­сіп­­­орындардың өндірістік қуаты көрсе­тілмейді.

Жиһаз және ағаш өңдеу өнер­кәсібі қауым­дастығының пре­зиденті Қанат Ибраев атап өткен­дей: «Мемле­кеттік сатып алуға қатысатын өнді­рушілердің нақ­ты секторы Ин­дустриялық сер­тификаттың тиімділігіне ден қояды. Нақты мысал, Индустрия­лық сертификат енгізілгенге дейін 2019 жылы жиһаз саласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар шамамен 1,7 млрд теңгені құраса, Индустриялық сертификат енгі­зілгеннен кейін 21,1%-ға өсіп, 2,1 млрд теңгеден асты».

СТ-KZ көмегімен бизнесті қолдау 15 жылдан аса уақыт бойы, Индустриялық сертификат құралы 5 жыл бойы қол­да­ны­лып келеді. Сол орайда, спикер­дің айтуынша, егер мем­лекет бұл салада өзгеріс жасағысы келсе, 2014 жылдан бері осы қағидалар бо­йынша өмір сүріп, жұмыс істеп келе жат­қан Ресей Федерациясының тәжіри­бесі бойынша, ойын ере­же­лерін өзгертпей, бұрыннан бар құжаттармен жұмысты жалғас­тыру жеңіл болар еді.

Ауыл шаруашылығы техни­ка­сы­на арналған қосалқы бөлшек­тердің 42 түрін, мұнай-газ саласына арнал­ған жабдық­тарды шығаратын «Агро­мир» ЖШС (Павлодар) директоры Наталья Поплавец пен жеңіл өнер­кәсіп сала­сындағы жұмыс қолғап­тарының ірі өнді­­рісін жүзеге асыратын кәсіпорын «Investment Solutions Astana» ЖШС директоры Рашид Ақа­таев та Қ.Ибраевтың пікірін қуаттап, бизнес пен кәсіпкерлікті сертификаттауға барынша мұқият қарау­ға, әлі де болса бұл мәселені жан-жақты салмақ­тап, кеңесіп, келісіп шешуге шақырды.

Сөйтіп, тауарларды шыға­ру­шы елдерді анықтау, оның шығу тегі туралы сертификаттар беру және оларды қайтарып алу мәсе­лесіне қатысты тараптардың пікірі екіге жарылып отыр. Ұлт­тық кә­сіп­керлік палатасы өзде­рі иелік етіп отырған бұрынғы жүйе­­­­де қала бергенді мақұл көре­­ді. Ал Үкі­мет, мемлекеттік орган­дар бұл саланы «көлеңкелі көрі­ніс­­тер­ден» барынша арылтып, қызмет­ке ашықтық беріп, отан­дық өнім өндіру, тауар шығару ісін оңтай­ландыру бағытын ұстанып отыр.

Қалай дегенде де, тауардың шығу тегі жөніндегі сертификатты беру, рәсімдеу және растау ісі – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Өнім, тауардың шығарылуы туралы куәлік, рұқсаттама беру процедурасына қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бастамалар көптен бері көте­ріліп келеді. Сол тұрғыда тауарларды шығарушы елдерді, кәсіпорынды анықтайтын ережелер мен талаптарды реттейтін тәртіпті, жүйені жетілдіру, автоматтандырылған жеңіл жүйе енгізу, осы қыз­мет­пен шұғылданатын маман­дардың және осы саланың сарап­шы-аудиторларының жауап­кершілігін арттыру сынды мәселелер күн тәртібінен бір де түспек емес.

Келелі кеңес соңында сөз алған Қ.Елік­баев: «Біз қолданыс­тағы индустриализация мен нақ­ты өндірісті дамытуға қара­ма-қайшы, әбден күні өткен тетік­терді түбегейлі қайта қа­­рауды қалаймыз. Осы мәсе­ле­ге қатысты кез келген, негіздел­ген идеяларды талқы­лауға ашықпыз және дайынбыз. Мемлекеттік ақпараттық ресурс­тарда ережелері ұғынық­ты, ара­лық делдалдарды алып тастайтын Тауарлар тізілімін құру – тек нақты өнім өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» белгісін біздің тұты­нушыларымыз отандық өнді­рістің символы ретінде мойындап отыр. Министрлік тізілімді қалыптастыру жөніндегі қанат­қақты жобаға бастамашылық жасап, оның бары­сында барлық мәселе пысықталатын болады», деп атап көрсетті.