Мектеп • 10 Қазан, 2023

«Жайлы мектептің» жайбасар мердігерлері

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыруар қаржы бөлінген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – мектептегі көп мәселенің тиімді шешімі. Алайда білім ордалары жоспар бойынша са­лын­бай, уақытында қолданысқа берілмей қала ма деген қорқыныш бар. Өйт­кені кейбір мектеп мердігерлерінің жұмысы кешеуілдеп жатыр.

«Жайлы мектептің» жайбасар мердігерлері

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов Қарағанды облысына барған сапарында «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді. Қарағанды өңірінде жоба аясында 18 мектеп салынады. 10 жайлы мектептің құрылысы биыл бас­­­талып, 2024 жылы пайдалануға берілуге тиіс. Қалған 8 мектеп 2025 жылға жос­парланған. Ұлттық жобаның нәтижесінде облыс бо­йынша 12,5 мың қосымша орын ашы­лады.

Алайда «Астана-Көктем С» ком­паниясы жауапкершілік алған Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауы­лындағы 300 орындық және «AN Groups» компаниясы салуға тиіс «Голубые пуды» шағын ауданын­дағы 1 200 орындық жайлы мектеп­тердің жұмыстары өте ақырын жүріп жатыр. Аталған мердігерлерге қатаң ескерту жасалды.

– Құ­рылысқа дайындық жұ­мыстары мен техниканы жұмыл­дыру қарқыны әлсіз. Жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, барлық үдерісті жеделдетіп, қосымша техника жұмылдырып, мамандар мен жұмысшыларды көбірек тарту керек. Бекітілген мерзімдерді қуып жетпесеңіздер, келісімшартты бұзуға тура келеді. Құжаттарды уақытында тапсыруы керек. Егер жақын арада жағдай түзелмесе, барлық атқарушылық құжаттаманы ретке келтірмейінше жұмыстарды тоқ­та­ту­ға мәжбүр боламыз. Ескі жұмыс тәсілдерінен бас тартыңыздар, бәрі ережеге сәйкес болуға тиіс. Сондай-ақ жұмыс барысын жедел­детіп, екі ауысым ұйымдастыру керек, өйт­кені қыс жақындап келеді, – деді М.Айманбетов.

«Samruk-Kazyna Construction» басшысы Ғ.Мұстафин ауылына қарасты Нұра стансасындағы мек­­тептің құрылыс жұмыстарын тоқтатуға бұйрық берді. Себебі онда гео­логиялық зерттеулер жүргізу кезінде кемшіліктер кеткен. Сондай-ақ ол «Гүлдер» шағын ауданындағы «Стинк ТФК» компаниясы салып жатқан 1 200 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында болып, мектеп учаскесінің аумағы тар екенін, білім ошағының кіреберіс кең болуы керегін атап өтті. Ал «BiGlobal» ЖШС салатын «Кең дала» шағын ауданындағы 2 000 орындық жайлы мектептің спорт алаңын талаптарға сай жарақтандыру үшін аумақтың бас жоспарын қайта қарауды тапсырды.