Қылмыс • 09 Қазан, 2023

Сергелдеңге салған есірткі

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан жергілікті колледждің екі студенті 10 жылға бас бостан­дық­та­рынан айырылды. Өзге жастарға сабақ болсын десе керек, қылмыстық істерді қарайтын маман­дандырылған соттың ашық отырысы бұл жолы Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы өңірлік университетте көпшілік сту­дент­тердің алдында өтті.

Сергелдеңге салған есірткі

Он тоғыз жастағы екі бойжеткенге алдын ала сөз байласқан бір топ адаммен бірігіп аса ірі көлемдегі есірткі заттарын заң­сыз иемденген, тасымалдаған, сақтаған, оны электронды ақпарат көздері арқылы сатпақ болған деген айып тағылып отыр. Сот олардың өткен жылдың қыр­күйегі мен осы жылдың қаң­тары аралығындағы кезеңде Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің 3-курсында оқи жүріп, есірткі заттарын заңсыз иемденгенін, сақтағанын және оны сату үшін Қостанай қаласы­ның әр бұрышына тасымалдап, алдын ала белгіленген құпия орындарға жасырып қойып кетіп отырғанын анықтады.

Колледж студенттері Ан­ге­лина Антипенко мен Анас­тасия Савостьянова бірге пәтер жалдап тұрған. Арнайы сайт арқы­лы бейтаныс оператормен бай­ланысқан Ангелина оған жеке куәлігіндегі мәліметтерін өзі жіберіп, есірткі тасымалдаумен айналысуға келі­сім берген. Одан кейін бұл ісіне құр­бысы Анастасияны тарт­қан. Бой­жеткендердің өздерінің айтуын­ша, оларды мұндай ауыр қылмысқа баруға бұрын өзде­рімен бірге тұрған Мария Ермакова есімді бойжеткен итермелеген. Қарызға алған азық-түлігі мен коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай тығырыққа тірелген студенттер Мария Ер­ма­ко­ваның «Сендерді ешкім еш­қашан ұстай алмайды, қайта қарыздарыңнан құтылып, пайда табасыңдар», деген сөзіне сеніп, келісім берген көрінеді.

Осылайша, бейтаныс оператор екі студентке хабарлама ар­қылы есірткі жасыратын орын­ды көрсетеді. Тапсырманы орындаған соң қыздар өздері есірткі жасырған орынды суретке түсіріп, скриншотын әлгі операторға жіберіп отырған. Студенттер атқарған жұмыстың әрқайсысы мың теңгеден бір жарым мың теңгеге дейін бағаланған. Антипенко мен Савостьянова біраздан соң бұл «бизнестен» бас тартпақ болған екен, алайда олардың әлеуметтік желі арқылы жұмсап, табысқа кенелтіп отыр­ған «жарылқаушысы» «ор­ман­ға апарып көміп кетеміз, жа­қын туыс­тарыңды жазалаймыз», деп қорқытқан.

Полиция студенттерді 2023 жылдың 11 қаңтарында көп­қа­­батты бір үйдің кіреберісіне есірткі жасырып жатқан жерінен ұстады. Бойжеткендер есірткіні көбіне осындай көпқабатты үй­лер­дің кіре берісінің көзден таса бір бұрышына немесе пошта жә­шігінің ішіне тастап кетіп отыр­ған.

Қыздардың жеке басын тінту барысында А.Савостьянованың үстіндегі күртенің оң қалтасынан – 20, сол қалтасынан 30 түйіншек ақ түсті ұнтақ зат шыққан. Одан кейін студенттер тұрып жат­қан жал­дамалы пәтерге тінту жүр­гіз­ген полиция салмағы 100 гр «Мефедрон» есірткісі салын­ған пластикалық тәрелке, элек­тронды таразы, екі ұялы телефон, барсеткаға салынған 12 түйін­шек есірткі және есірткі са­­луға ың­ғайлы көптеген ZIP па­ке­тін тап­қан.

Облыстық полиция департа­менті есірткі қылмы­сы­на қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгүл Ерәділованың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ба­рысында студенттер жалдап тұр­ған пәтерден тәркіленіп алынған айғақтардың «Идея» интернет дүкенінен сатып алынғаны анықталған. Бұл заттарды белгісіз біреулер Петропавл қаласындағы құпия орындарға қалдырып кетіп отырған. Одан әрі «Идея» телеграм дүкені арқылы өзге өңір­лерге таратпақ болған. Қос­та­най­да таралған есірткі – соның бір ұшығы ғана.

Ашық сот отырысында прокурор сотталушыларға 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын таға­йындауды сұраған. Алайда қыл­мыстық жауапкершілікті же­ңіл­дететін бірқатар жайтты ескерген сот бойжеткендерді 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі әлі заңды күшіне ене қойған жоқ.

Полиция департаментінің мә­лі­метінше, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қыз­­меткерлері жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қа­тыс­ты 237 қылмысты анықтап, 340 кг есірткі заттарын тәр­кі­ле­ген.

 

Қостанай облысы