Самбо
ШАҢҒАРАЕВТЫҢ ШӘКІРТТЕРІ — ТАШКЕНТТЕ
Сенбі күні Ташкентте самбодан үш жас мөлшері бойынша Азия чемпионаты басталды. Оған сары құрлықтың 21 елінің самбошылары қатысуда.
Қазақстан құрамасын чемпионатқа бас бапкер Қайрат Шаңғараев бастап барды. Бұл – оның ұлттық құраманы 1992 жылдан бері жаттықтырып келген Керей Қойшыбекті алмастырғаннан кейінгі алғашқы шетелдік бәсекесі. Әзірше жаңа бапкердің шәкірттері қалай өнер көрсететінін айту қиын. Бұрындары К.Қойшыбек ұлттық құраманың тізгінін ұстап тұрғанда отандастарымыз 9 салмақ дәрежесінде кем дегенде 4 алтын жүлде жеңіп алатын еді. Енді мұның бәрін апта соңына дейін жалғасатын Азия чемпионаты көрсететін болады.
Бокс
ЕКІНШІ ТУРНИРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
28 маусым мен 2 шілде аралығында Астанада бокстан ересектер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы ІІ халықаралық турнир өтеді. АИБА ережесі бойынша биыл екінші рет жалауын көтеретін турнирге бірнеше елдің былғары қолғап шеберлері қатысып, 11 салмақ дәрежесінде күш сынасады.
Бокс федерациясының мәліметтеріне қарағанда, биылғы бәсекенің өткен жылдардағыдан бір ерекшелігі, мұнда әрбір жекпе-жек 3 минөттен 3 раунд бойынша өтеді. Аталмыш турнирдің әдеттегідей 4 раунд емес, 3 раунд бойынша өткізілетінін бокс мамандары АИБА-ның ережелеріне сәйкес, спорттың осы түрін дамытуға жасалып жатқан жағдайдың бір түрімен байланыстыруда.
Волейбол
ҚОС КОМАНДА — ҚҰРЛЫҚТЫҚ ЧЕМПИОНАТТА
Жақында волейболдан “Алматы” командасы сенбі күні Қытайда клубтар арасында басталатын Азия чемпионатына аттанып кетті. Бұл бәсекеде “А” тобына түскен отандастарымыз Жапония, Вьетнам, Индонезия және алаң иелерімен күш сынасады.
Чемпионаттың алғашқы кездесулері бүгін өтеді. Ерлер арасындағы ойындар аяқталған соң, жарысты одан әрі бойжеткендер жалғастырады. Олар араға екі апта салып, Индонезияда жалауын көтеретін құрлықтық чемпионатқа қатысады. Бұл сында еліміздің намысын биылғы Қазақстан чемпионы “Жетісу” командасы қорғайтын болады.
Қазақстан волейбол қауымдастығының бас хатшысы Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, ерлер жарысы 13 маусымға дейін созылса, әйелдер бәсекесі 26 маусым мен 4 шілде аралығында өтеді. Былтыр “Алматы” мен “Жетісу” командалары аталмыш чемпионатқа қатысып, жүлдесіз қайтқан болатын. Енді биылғы сында отандастарымыз өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктері мен Таиландтан кеткен есені қайтаруға бар күшін салады. Осы жолғы чемпионаттың әйелдер командасы үшін тағы бір маңызды жері, егер “Жетісу” биылғы бәсекеде үздік үштіктің қатарына кіретін болса, келесі жылы клубтар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама алады.
Дастан КЕНЖАЛИН.