Іс-шараны «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды. Оған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және көпбалалы отбасылар қатысты.
«Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаштардың саясын немере-шөберелеріміз көреді. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен», деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова.
Айта кетейік, «Жанұя» орталығы – көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүгедектігі бар жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру мақсатында жұмыс істейді.
«Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды», дейді халқымыз. Кейінгі кезде ағаш егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып жатыр. Осы орайда «Өз ағашыңды отырғыз» атты әлеуметтік акцияның маңызы зор. Бұл акцияға орталықтың сүйемелдеуіндегі 20-дан астам көпбалалы және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші отбасылар қатысты», дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы директоры Бахтияр Айтпаев.
«Іс-шараның басты мақсаты – өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасылардағы балаларды экологиялық тәрбиелеу арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ортақ істе отбасының бірлігін дамыту, балаларды еңбекке баулу, қоршаған орта мен табиғатты аялау әр адамның жауапкершілігі екенін сезіндіру», дейді ұйымдастырушылар.
Игі іске қатысушылар бір мезетте 70-ке жуық ағаш отырғызды. Жер бөліп, ағаш отырғызуға Сарыарқа ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.