Саясат • 11 Қазан, 2023

Кездесу өзегі – дінаралық диалогті дамыту

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы – Съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін елімізге келген дін лидерлерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесулерде тараптар дінаралық және конфессияаралық диалогті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу өзегі – дінаралық диалогті дамыту

Кавказ мұсылмандары діни басқар­масы­ның Төрағасы Шейх-уль Ислам Алла­шүкір Пашазадемен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев аталған діни бас­­қар­маның съезд мақсаттарына қол жет­кізуге айтар­лықтай үлес қосқа­нын тіл­ге тиек етті. Сондай-ақ ол Әзербай­жан Қа­зақ­­стан­­ның стратегиялық серік­тес­­тері­нің бірі еке­ніне назар аударды. Бауырлас екі ел ара­сын­дағы ынтымақ­тас­тықтың ны­­­­ға­юы­­­на, ең алдымен, Мемлекет басшы­лары­­­ның жо­ғары деңгейдегі өзара қарым-қа­ты­­на­сы ықпал етіп келе жатқаны да айтылды.

«Біздің елдеріміз бен халықтары­мызды ғасырлармен өлшенетін берік достық, ортақ тарих, дәстүр және мәдениет байланыстырады. Қазақстан Сіздің елдің барлық жетістігін әрдайым шынайы қуанышпен қабылдай­ды. Былтыр біз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өттік. Осы жылдар ішінде көптеген салада мемлекет­аралық ынтымақтастық нығая түсті. Бұған екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің тұрақты байланыстары мен уағдаластықтары ықпал еткені сөзсіз. Осы орайда дінаралық диалогті дамыту жұмыстарын да бірлесіп жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін», деді съезд хатшы­лығының басшысы.

Қасиетті тақтың дінаралық диалогі жөніндегі Дикастериясы Ислам мәсе­лелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде Мәу­лен Әшімбаев съезд хатшылығы мен Қасиетті тақтың өзара іс-қимыл перспективаларына назар аударды.

«Біз съезге тұрақты түрде және бел­сен­­ді қатысып келе жатқаныңыз үшін, сон­­дай-ақ форумның мақсаттарына қол жет­­кізуге Қасиетті тақтың елеулі үлес қос­­қанына ризашылығымызды білдіреміз. Ва­­ти­­канның бейбітшілікті сақтау, мәде­ниет­тер мен діндер ара­сындағы диалог­ті да­мыту жөнін­дегі қызметін әрда­йым жоға­ры баға­лаймыз. Рим Папасы Фран­циск­­тің былтыр қыркүйекте Қазақстанға жаса­ған Апостолдық сапары екіжақты қа­рым-қатынас тарихындағы маңызды оқиға­ла­рдың бірі болды», деді Мәулен Әшімбаев.

Съезд хатшылығы дін көшбасшы­лары­мен ғана емес халықаралық ұйым­дармен де өзара іс-қимылға баса мән беріп келеді. Сенат төрағасы Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары, доктор Абдурахман Абдулла Әл-Зайд­пен кездесуде осы бағыттағы бас­та­ма­лардың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Дүниежүзілік Ислам лигасының дінаралық және кон­фес­сияаралық диалогті дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалайды. Біз Дүниежүзілік Ислам лигасын бейбітшілікке шақыратын саясатты жақтаушы және жаһандық дінаралық диалогке белсенді қатысу­шы ұйым ретінде танимыз», деді Палата спикері.

Сонымен қатар съезд хатшылы­ғының басшысы Әл-Азһардың Ислам зерттеулері акаде­миясының Бас хатшысы Назир Мұхам­мед Ельназир Аядпен кездесті. Кезде­суде Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі аясындағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі кеңейту мәселелері сөз болды.

«Әл-Азһар – дүниежүзіндегі ең көне және мұсылман әлеміндегі беделді діни жоғары оқу орындарының бірі. Қазақ­стандық студенттерді оқыту бағы­тында көрсеткен көмегі үшін Әл-Азһарға алғысымызды білдіреміз. Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті универ­ситеті біздің маңызды ортақ жоба­мыз екені белгілі. Сондай-ақ біз Әл-Азһар­дың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебтің былтыр Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының VII съезіне қатыс­қанын жоғары бағалайтынымызды атап өткім келе­ді», деді Мәулен Әшімбаев.

Дін көшбасшылары өзара қолдау көрсетіп, ынтымақтаса әрекет етсе, адамзат қазіргі жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсере алады. Мұсылман Ақсақал­дар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбдел­саламмен кездесуде Мәулен Әшім­баев осы мәселеге ерекше назар аударды. Сондай-ақ сұхбат барысында Діндер көшбасшылары съезінің аталған үдерістегі рөлі кеңінен талқыланды.

Өз кезегінде мәртебелі меймандар іс-шараға шақырғаны үшін съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевқа алғыстарын білдірді және форумды өткізу әлемдік қоғамдастық үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ дін лидерлері әлемде бейбітшілікті сақтауға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға арналған жұмысты одан әрі арттыруға мүдделі екендерін жеткізді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар екіжақты байланыстың ауқымды мәселелеріне көңіл бөліп, ынтымақтастықты әрі қарай нығайтудың басым бағыттарын белгіледі.