Депутат елдегі теріс исламдық салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддеге қатер төндіріп тұрғаны туралы өткен аптада жолданған депутаттық сауалдар еріккеннің ермегі емес екенін айтып, Қазақстан қоғамына деңдеп еніп бара жатқан түрлі «измдердің» алдын алу үшін жандәрмен азаматтық алаңдаушылықтан туындаған әрекет екенін айтты.
«Мемлекетіміздің тұтастығы мен қастерлі ділін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, мемлекеттің ішіне іріткі салған жат діни ағымды санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз. Бірақ депутаттардың дабылын «Ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Ескертейін, біз Исламға, елдегі Әбу Ханифа мәсхабына қарсы емеспіз, салафизм-уахабизм саласына қарсымыз», деді Ермұрат Бапи.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.
«Тамыз айынан бері осы мәселемен шұғылдануды бастап, теологтарды, діни бірлестіктер өкілдерін шақырдым. Олардың да ойлары сіздермен мазмұндас, ұсыныстарды олар да қолдап отыр», деген вице–премьер Т.Дүйсенова: «Біріншіден, әлеуметтік желілерде әртүрлі діндерді насихаттайтын контенттерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Екіншіден, біздің қоғамда діни сауаттылықтың төмендігі айқын байқалып отыр. Тіпті, мемлекеттік органдарда осы жұмыстарды реттейтін ұйымдарда һәм ұйымдастыру жұмыстарында әлі шалалықтар бар. Мектептегі хиджаб мәселесінде мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі үлкен пікір-таласқа алып келді», деді.
Оның сөзінше, заңға өзгерістер енгізіледі. Зерделеу барысында шетел тәжірибелері де сараланған.
«Бүгінде бұл үлкен мәселеге айналып отыр. Сауд Арабиясының өзінде де діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу функциялары күшейтіліп жатыр. Заңға өзгеріс енгізу керек. Мемлекеттің зайырлы қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктердің мемлекеттік реттеу мәселелерін күшейтуге өзгеріс енгізуіміз қажет», деді Тамара Дүйсенова.