«Жарысқа Майлаяқ, Жолдаяқ деген он айлық екі тазымды әкелдім. Екеуі де бабында. Оларға кейде қарсақ қуалатамыз. Мен тамағын беріп, еркелетемін. Екеуін де жақсы көремін», дейді алты жасар Айбарыс Қыраннұр.
Өңірде осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртумен қатар, жеті қазынаның бірі саналатын қазақ тазысының тұқымын өсіруге қызығушылықты арттыру, алдағы республикалық чемпионатқа шын жүйрікті анықтау.
«Халқымыз ежелден асыл тұқымды иттерді айрықша қастерлеп, тұрмыс-тіршілігіне сенімді серік еткен. Тазымен ашаршылық жылдары ауылды асырағаны туралы әңгімелерді білеміз. Құмай тазы жойылуға шақ қалған еді, селекционерлердің, соның ішінде Алматы облысының ит өсірушілерінің арқасында осы күні қатары көбейді. Нәтижесінде, облыста құмай тазылардың қатысуымен түрлі жарыстарды жиі өткізу дәстүрге айналды. Бүгін ірі халықаралық жарысқа іріктеу жүргізіледі. Оған еліміздің ғана емес, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның әуесқой кинологтері қатысатын болады», дейді Алматы облыстық «Арғымақ көкпар» федерациясының президенті Кенже Жанбота.
Аталған шырға тарту жарысында алты топқа бөлінген тазылар бір шақырымға жүгіріп, бақ сынасты. Жарыс қорытындысында Қарасай ауданынан келген Қарақұмай дейтін тазы алдына қара салмай 1-орынды иеленсе, екінші орынды Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Ақтілек Кәдіржанның Сарықұмайы еншіледі. Үшінші орын Нестер Курджидидің Ұшарына бұйырды.
«Қарақұмайды күшік кезінен өсіріп келемін. Мұның алдында да бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Тазы тазалығымен ерекшеленеді. Көрінгенді жей бермейді, өте талғампаз болады. Ата-баба мұрасын жаңғыртуға отбасымызбен атсалысудамыз», дейді жарыс жеңімпазы Қарақұмайдың иесі Ерқанат Манатов.
Алматы облысының денешынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облысының бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығы, облыстық «Арғымақ көкпар» федерациясы ұйымдастырған шырға тарту жарысының жеңімпаздары алдағы уақытта Астанада «Асыл қазына» республикалық тазы өсіру қауымдастығы ұйымдастыратын «Қазақтың тазылары» атты халықаралық жарысқа жолдама алды.
Алматы облысы