Баға • 11 Қазан, 2023

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ: Кеніштер өз мүддесін ойлайды

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көмір кеніштерінің қожайындары бұрынғы әндеріне қайта басып, көмір бағасын биыл да көтеріп жіберді. Қазіргі күні облыста отынның ең арзаны – 10 мың (тоннасына), қымбаты 25 мың теңгеге дейін жетіп тұр.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ: Кеніштер өз мүддесін ойлайды

Екібастұздағы «Богатырь көмір» кенішінің көмірін негізінен әлеуметтік нысандарды жылытуға және өндірістік жағдайда пайдаланатындықтан, ең арзан баға аталған ұйымға тиесілі. Негізі кеніштен барлығына бірдей бағада 3 556 теңгеден босатылады. Ол Павлодар қаласына жетіп, теміржол тұйықтарына түскенде 10 мың теңгеден сатылып жатқанын байқаймыз. Жеке үйлер тарапынан алушысы аз болғанына қарамастан, биыл кеніш оның бағасын бақандай 600 теңгеге өсірді. Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жылумен қамту бөлімінің бас маманы Дәулет Қабдышевтың мәліметінше, «Мөйкөбе» кенішінде көмір әлеуметтік нысандарға – 7 000, жеке азаматтарға 8 000 теңгеден сатылып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда тоннасы 500 теңгеге қымбаттаған. Ал облыс орталығының тұрғындары оны жеткізу құнымен есептегенде 16 мың теңгеге сатып ала алады. Қазір Павлодар қаласындағы базаларда көмірдің 20 мың тоннасы бар. Алыс аудандарда баянауылдық минералды отынның бір тоннасы 18-25 мың теңгеге дейін жетіп тұр.

Жалпы, қысқы жылыту маусымы үшін өңірге 551 мың тонна қатты отын қажет болса, соның 128 мыңын жеке үйлер алуы керек. Әлеуметтік нысандар өздері сұраныс жасаған көлемнің 40 пайызын тасып үлгерген, өзгесін кестеге сәйкес жеткізіп жатыр. Білім, денсаулық сақтау салаларында және өзге де әлеуметтік мекемелерде қазірдің өзінде 2 айға жетерлік қор жиналған.