Салық • 12 Қазан, 2023

Баж салығы қайта байыпталса

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Үкіметтен күнбағыс дәніне қатысты осы жылдың ақпан айын­да енгізілген баж салығының көлемін қайта қарастыруды талап етіп отыр. Шаруалар аталған салықтың ондаған кәсіпорынды банкроттыққа ұшыратуы мүмкін екенін алға тартады.

Баж салығы қайта байыпталса

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Еліміз аумағында өсі­рі­летін майлы дақыл­дар ішінде айрықша басым­дыққа ие күнбағыс дақы­лын өндірумен айналысатын фермерлер отандық тұтынушыларды қорғауға бағытталған үкіметтік ша­ра­лардың оң нәтиже бер­мегенін айтады, ал дүкен­дердегі күнбағыс майы баға­сының сәл арзандауы жоғарыда аталған салық­тың енгізілуінің арқасы емес, ресейлік май құнының төмендеуінің салдары деп біледі.

Ұлттық баспасөз клу­бын­да өткен баспасөз мәс­ли­хаты барысында шаруалар қауымы күнбағыс және оны өңдеуден алынатын өнімдерге салынатын экспорттық баж салығының ел экономикасына тигізер айтарлықтай пайдасының жоқтығын, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерге кері әсерін ти­гізіп отырғанын мәлім етті.

«Өткен жылмен салыс­тырғанда күнбағыс бағасы екі есе, шикі майдың экс­порттық құны шамамен 30%-ға төмендеді. Бұл жағ­дай­да тек май зауыттары ғана ұтып отыр», дейді Aitas Agro компаниясының бас директоры Талғат Ал­дажаров.

«Шал ақын АГРО 2020» ЖШС директоры Талғар Төкеев өткен жылы 7 мың га жерге күнбағыс еккенін, ал биыл бұл көрсеткішті 4 мың гектарға дейін қыс­қ­артқанын айтады. Елі­міз көлемінде Талғар секілді бірнеше жүз шаруа бар. Солардың басым көпшілігінің пікірінше, үкіметтік шаралар, оның ішінде, күнбағыс дәніне салынған баж салығы егіс­тік алқаптарының қысқа­руына алып келген.

«Бірлік» ЖШС-ның бас­қарушы директоры Сы­рым Есен атап өткендей: «Биыл белгілі себептермен бидайдан түскен өнім тө­мен болды. Бүгінде дала­да жиналмай қалған жал­ғыз өнім – күнбағыс. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көбі соның шығымынан шығы­нымызды жабатын шығармыз деп үміт­тенген еді. Жылдан-жыл­ға күнбағыс егу пайда­сыз жұмысқа айналып барады. Егер баж салығы келер жылы да күшінде болса, күн­бағыс көлемі тіптен қысқарады».

«Орта есеппен алғанда ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші түскен күн­ба­ғыстың бір тоннасы бойын­ша 80-90 мың теңге шамасын­да қаражаттан айры­­лып отыр. Қазір күнба­ғыс­­тың өзіндік құны 100 мың теңгеден асады. Ел кө­ле­­міндегі май зауыттары оны 135 мың теңгеге алады, бұл қаржыға зауытқа дейін жет­­кізіп беру де кіреді»,  деді спикер.

Еліміздегі май зауыт­та­рының көпшілігі Шы­ғыс Қазақстан облысында орналасқан. Бұл бас­қа облыстардағы шаруа­лардың жұмысын қиында­тып отыр. Тасымал бойын­ша бір тоннаға кететін шы­ғын 15 мың теңгеге дейін жеткен.

«Күнбағыстың әр 1 мың тоннасынан шаруа табыс бойынша 90 млн теңгеге дейін шығын көреді. Мыса­лы, орта есеппен ал­ғанда фермер жылына 3 мың тонна күнбағыс алса, табыс жағынан ол 270 млн теңгеге дейінгі қаражаттан айрылады. Бұл – бір жылдың еңбекақы қорына тең сома. Аталған сомаға 2 комбайн не өнімділігі жоғары егу техникасын сатып алуға болады»,   дейді Т.Алдажаров.

Шаруалардың ақпа­ра­­тына сүйенсек, баж салы­ғын енгізу туралы Үкі­мет ше­шімін қолдаған­дар­­дың бірқатар дәйегі бар. Олар­дың қатарында іш­кі бағаны тұрақтандыру мақ­сатында жергілікті күн­бағыс майын өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, май өңдеу зауыттарының өндіріс қуа­тына түсетін жүктемені арт­тыру бар. Алайда сарап­шылар аталған өзгеріс күн­бағыс егушілердің табысына түскен қосымша салыққа айналғанын айтады.

«Қазақстанның бидай консорциумы» ЖШС коммерциялық директоры Саят Шортан: «Осы кә­сіптің көптен басы-қасын­да жүрміз, мұндай жағ­дай­дың әлемдік нарықтағы баға­лардың түсуіне байла­нысты орын алғанын көріп отырмыз. Мән-жай­ды байып­­тасақ, алдымен ре­­сей­­лік майдың, артын­ша отан­дық майдың арзан­даға­нын байқауға болады. Ал ресейлік май қымбат­таса, отандық өнімнің бағасы да көтеріледі»,  деді.

«Мұндай кереғар жағ­дай­ға тап болсақ, экспорт­тық салық енгізудің не қа­жеті бар еді деген сұрақ туындайды. Баға өсті, та­уар түрі кеміді, ал рафинад­талмаған май экспорты артып кетті»,  дейді сарапшы.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар Үкіметті ша­руалардың талап-тілек­теріне құлақ асып, мәселені тағы бір салмақтауға ша­қырды.